«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қасқырбай мен Жанатбек ақынға бұрыш ашылды

Қасқырбай мен Жанатбек ақынға бұрыш ашылды
Автор
Өзінің туған өлкесінде тұрыпақ өлең өлкесінде үлкен табысқа жететін танымал қаламгерлер болады. Олар жазған шығармаларын барша қазақ даласына бағыттай отырып, өз өлкесінің айбары мен айбыны болып жүреді. Міне, осындай ерекше дарын иелері – байзақтық Қасқырбай Нарбатыр мен Жанат Тұрғынбайтегі. Қазіргі таңда екеуі де Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Аталған ақындардың есімі облыс аумағынан асып, елімізге тарап кеткені белгілі. Екеуінің өздері тұратын ауданға рухани дүниелері, патриоттық өлеңдері арқылы өлшеусіз еңбек сіңіргендері де рас. Жақында екі ақынға арналып Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінен бұрыш ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов қатысып, қос ақынға құрмет көрсетіп, шығармашылық табыс тіледі.

Аталған бұрышқа Қасқырбай Нарбатырдың «Құс үні», «Қарашада қара өлең» жыр кітаптары, марапаттары, естелік суреттері, республикалық газеттерде жарық көрген өлеңдері қойылған. Қасқырбай Дәрібайұлы – «Байзақ жері», «Сарыкемерім», «Жаса, менің Отаным» атты бірнеше патриоттық өлеңдердің авторы. Тіпті осы өлеңдеріне әуезді ән жазған композитор.

Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Ол «Байзақ жері – бақ мекен» өлеңінде:

Жүргеніме шүкіршілік етем кіл.

Байзақ жері Талас бойын жайлаған,

Қойнауы құт, тым аяулы мекен бұл.

Жатқан түгел жазық дала қыр-алап,

Сүйсінтеді көз қадасаң тұра қап.

Байзақ жері сулы, нулы, шұрайлы,

Төскейінен табу қиын кінәрат, – деп жырлапты.

Өз өлкесін осылай махаббатпен жырлаған ақынға бұрыш ашылуы өлең иесіне деген құрметтің нақты көрінісі. Ақын Жанат Тұрғынбайтегінің де бұрышы мазмұнға толы. Мұнда да ақынның әр жылдары жазылған «Қаракөз қарағым», «Нұр – ғұмыр», «Көңіл көкжиегі» кітаптары қойылған.

Әр жылдары облыстық, республикалық мүшайралардан алған жүлделері, марапаттары, суреттері – жас ұрпаққа тағылым беретін мол қазына. Жанат ақынның өлеңдері де сонша сырлы, шуақты.

Алдымыздан сыбағасын тосқан күн,

Тілегіңе тілегімді қосқанмын.

Қадіріне жету үлкен бақ екен,

Өмірдегі көктем көңіл достардың.

 

Уа, ізгі жан, сырласайық кел бермен,

Менің нұрым – менің жырым сендермен.

Сен сияқты жаны жайсаң жандармен,

Сырласқан соң талай тірлік жөнделген, – дейді аяулы ақын.

Ж.Тұрғынбайтегі Жанат ақынның да патриоттық өлеңдері, әнге жазылған өлең жолдары өте көп. Қазіргі таңда мектеп директоры болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Руханият саласына да, білім саласына да өлшеусіз еңбек сіңірген ол құрметке бөленуде.

«Екі ақын да – ауданымыздың мақтаныштары. Облыста абыройы жоғары қаламгерлер, өздерінің биік орындары бар. Бізге рухани ұстаз кісілер. Музейде бұрыш ашылғанына қуаныштымын. Достарыммен бірге келіп, тамашалап, қойылған құжаттармен танысып отырмын. Бұл кісілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес», – дейді байзақтық айтыс ақыны Әсет Дүйсебаев.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар