«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мойынқұмда бір гигаваттық жел электр стансасы салынады

Мойынқұмда бір гигаваттық жел электр стансасы салынады
Ашық дереккөз
«Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған. Бұл сала бойынша облысымызда жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «жасыл экономиканы» дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Жалпы облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республикамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.

Облыста жел электр стансасы нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде.

Ғалым  Исақовтың айтуынша, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп отырғаны белгілі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниясымен осындай тағы бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде бұл салаға тартылатын қаржылық көлем шамамен 3 миллион АҚШ долларынан асады . Ал Мойынқұм ауданында франциялық «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарда тұр. Жалпы әлемдік сарапшылардың зерттеулері дарқан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағалануда.

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Бұған елордадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріпбіліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.

Өңірде жаңартылмалы энергетикалық жобалар мықтап қолға алынған. Атап айтсақ, Қордай мен Сарысу аудандарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 5 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Енді Мойынқұм ауданында 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарланған.

Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Мойынқұм ауданында салынатын жел электр стансасының құрал-жабдықтары өзімізде жасалады. Атап айтқанда, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Қазақстан Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Бұл нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бір-екі гегаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы – 24 гектар.

– Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында салынатын 1 гигаваттық жел электр стансасының құрылысы бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Бетпақ дала аймағынан, дәлірек айтсақ Ермей елді мекені маңайынан жел электр стансасын орналастыруға 3 мың гектар алқап қаралған. Облыс орталығынан шалғай жатқан осындай жоба іске асса аудан экономикасының артуына оң серпінін тигізер еді. Бастысы, оған Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жасалған құрылыс заттары пайдаланылатыны қуантады. Шындығын айтқанда, облысымызда осындай Орта Азияда жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы қуанарлық жағдай. Өйткені бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жалпы Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, біздің арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа ел экономикасына пайдасын тигізетін ірі жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетілуде. Ең алдымен олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді басқарма басшысы.

Марат Құлибаев,

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар