«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасанды интеллект: игілігі мен қатері

Жасанды интеллект: игілігі мен қатері
Ашық дереккөз
Технократтық заманда «Жасанды интеллект» термині жиі айтылып жатады. Жасанды интеллект бүгін ғана пайда болып, өмірімізге енген алгоритм емес. Ол туралы алғашқы зерттеулер 1950 жылдары жүргізіліп, 1956 жылы осы термин қолданысқа енгізілген. Алайда дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымының артқаны сонша, әрбір салаға дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады.

1960 жылдары жасанды интеллектінің қызметіне АҚШ Қорғаныс министрлігі қызығушылық танытқан. Америкалықтар сол кезде компьютерлерді адамның ойлау жүйесіне еліктейтін етіп шығара бастайды. Сол арқылы компьютердегі кейбір қызметтер жасанды зерде арқылы жүзеге асты. Содан кейін осы салада зерттеу жұмыстары қарқынды қолға алынды. Ал 1975 жылы жапон ғалымы Кунихико Фукусима алғашқы нейро желіні жасап шығарды. Ол алғашында есептеу жүйесіне негізделді. Кейіннен ғалымдар оның қызметін жетілдіріп, нақты мәселелерді шешуге бағыттады. Жасанды интеллект сөзді тану, аудару, медициналық диагностика жасау секілді тапсырмаларды орындай алды. Деректердің көлемі ұлғайған сайын алгоритмнің де мүмкіндіктері арта түсті. Ал жақында ғана Open AI компаниясы әлемнің назарын аудартқан ChatGPT-ді жасап шығарды. ChatGPT әзірге әлемдегі ең мықты алгоритм. Өйткені ол 175 миллиардтан астам параметрді қамти алады. Алайда бір кемшілігі ол ақпараттарды бейресми дереккөздерден де жинайтындықтан, оның берген жауаптары әрқашан сенімді бола бермеуі мүмкін.

ЖҮЙЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Жасанды интеллект (ЖИ) – жиналған ақпаратты қолдана отырып, кез келген тапсырманы орындайтын алгоритмдік жүйе. Ол адамның қолынан келе бермейтін тапсырмаларды оңай әрі тез орындай алады. Шағын жобаларды іске асыру бағытында да мүмкіндігі шексіз. Оның негізі мақсаты – енгізілген деректер негізінде қорытынды шығара алатын бағдарламалық жасақтаманы ұсыну. Жасанды интеллект деректер арқылы қандай қорытындыға келу керек, нені, қайдан іздеу керегін сараптай алады. Нейро желі дәл адамның миы секілді. Оған тапсырманы қалай орындау керегін үйретсе болғаны. Мысалы, кішкентай баланың әріптерді үйреніп, кітап оқуына кемінде 1 жыл уақыт қажет. Ал нейро желіге 2-3 сағат жеткілікті болуы мүмкін. Яғни ол адамнан әлдеқайда тез жұмыс істей алады. Ал күрделірек тапсырмаларды орындатуға оны тереңірек оқыту қажет.

Сонымен қатар ол табиғи тілді өңдеу бойынша жұмыс істейді. Бұл – компьютерлердің адам тілін, соның ішінде сөйлеуді талдау, түсіну және генерациялау қабілеті. Адамдар ауызекі тілде компьютерлерге тапсырмаларды орындатуға пәрмен бере алады. Мысалы, Apple қолданбасындағы жасанды көмекші Siri адамның сөйлеген сөзін түсініп, берген тапсырманы орындай алады және күнделікті жинақталған деректер бойынша қорытынды жасап отырады. Жалпы, жасанды интеллектінің қауқарын күнделікті өмірімізде орын алып жатқан алгоритмдерден де байқауға болады. Мысалы, чат-боттарды алайық. Ол тұтынушылардың сұрауын тезірек талдауға және тиісті жауап беруге қолданылады. Ақпараттарды жинақтау жүйелері деректер жиынтығынан ақпаратты еркін түрде алу, жоспарлау мүмкіндігін ұсынады. Ал ұсыныс жүйелері қол-данушылардың бұрын қараған ақпараттарына ұқсас дүниелерді автоматты түрде шығарып отырады. Иә, адамдардың «әлеуметтік желіден ойлағанымның немесе іздегенімнің бәрі алдымнан шығады» дегенін естіген шығарсыз немесе өзіңіз де дәл сондай жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Мұның барлығы – осы жүйенің жұмысы.

Жасанды интеллектінің негізі – дерек. Ол шексіз ақпаратты қабылдап, сараптап, қорытынды шығара алады. Ал адам миы бір уақытта көп ақпаратпен жұмыс істей алмайды. СhatGPT-нің де артықшылығы – дерек қорының молдығында. Ондағы деректер көбейген сайын алгоритмнің жұмысы жақсара түседі. СhatGPT чат-боттың соңғы нұсқасы мәтінмен де, суреттермен де жұмыс істей алады. Әзірлеушілер жаңа чат-боттың 25 мың сөзге дейін, яғни бұрынғыдан 8 есе көп ақпаратты тауып, жүйелеп бере алатынын атап өткен. Reuters агенттігінің хабарлауынша, OpenAI басшысы Грег Брокман онлайн презентация кезінде ChatGPT-4-тің кейбір мүмкіндіктерін таныстырған. Енді ол қолмен салынған эскиздің фотосуреті негізінде нақты веб-сайт та жасап бере алады.

Сонымен қатар нейро желі заң саласы бойынша емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен студенттердің қатарына кірген. Чатбот іске қосылғаннан бастап қолданушылар ChatGPT-ден көбіне ән, өлең, жарнама және компьютерлік код жазып беруін сұраған. Компания осы сұранысты ескере отырып, чатботқа өлең, ән жазып бере алатын мүмкіндік қосқан. Айта кетсек, қолданушылар арасында үй тапсырмасын орындау үшін роботқа жүгінетін студенттер мен мектеп оқушылары көбейген.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚТАРДЫ АЛМАСТЫРАДЫ?

Кейбір зерттеушілер алдағы жылдары жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын бір өзі қамти алады деген болжам айтса, кейбірі нейро желі бәрібір адамды алмастыра алмайды деген пікірді алға тартады. Бұл турасында екіжақты көзқарас болғанымен, зерттеушілер жасанды зерденің басшыға айналып кетуінен қауіптенеді. Сондықтан оның мүм-кіндігін адамға тәуелді құрал деңгейінен асырмау керек деп есептейді.

Жуырда Астанаға келген футуролог Герд Леонгард көп компания адамның орнына жасанды интеллектіні пайдалануға тырысатынын айтты. Өйткені оған ақша төлеудің қажеті жоқ. «Мысалы, Голливудта да солай. Сценарийді де нейро желіге тегін жазғызады», – дейді ол. Оның жақсы атқаратын қызметтердің тағы бірі – корректор болу. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы 1-2 жыл көлемінде штаттан тыс кітап редакторлары мен корректорлардың көпшілігі жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі, олар атқаратын істерді алгоритм де істей алады. Корректорлық жұмыста ChatGPT-тің мүмкіндігін пайдаланып, тексеріп көргендер оның адамнан әлдеқайда тиімді әрі қатесіз жұмыс істейтінін анықтаған. Әрине, бұл – ағылшын тіліндегі ChatGPT-тің мүмкіндігі. Қазақ тіліндегі қосымшалар да қарқынды дамыса, бұл қызмет қолжетімді болмақ.\

ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ...

Кез келген салада жетістікке жетуге жасанды интеллектінің әлеуеті зор болғанымен, адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін. Бүгінде ғылыми технология өте тез дамып жатыр. Оның қаупі туралы Илон Маск Дубайда өткен Әлемдік үкімет саммитінде: «Мұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», – деген болатын.

Қазір нейро желі арқылы шығарма немесе эссе жазуға да болады. Мұндай боттар білім алушылардың арасында кең таралған. Оның жазып бергенін адамның жазғанынан айыру қиын. Өйткені ол 70 пайыз жүйелі жазады. Тіпті кейбір боттар 97 пайызы антиплагиаттан өтетін мәтіндерді де дайындап бере алады. Ғалымдар мұндай алгоритм адам санасының дамуын тежейді деп қауіптеніп отыр. Себебі оқушылар мен студенттер өз интеллектісін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді . Адам миын зерттеудегі ең ықпалды сарапшылардың бірі, психофизиолог, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Каплан жасанды интеллект адамның орнына шешім шығаруы мүмкін екенін айтады. Үлкен жаңалықтардың ешқайсысы алгоритм арқылы жасалмайды.

– Жасанды интеллект ешқашан керемет жаңалық ашпайды. Бұл – адамның ұлы құпиясы. Дегенмен есептеу машиналары біздің орнымызға шешім қабылдай бастауы мүмкін деген қауіп бар. Біз одан не қалайтынымызды, не істейтінімізді сұрайтын уақыт келуі мүмкін. Бізге гуманитарлық бағыттағы цифрлық әлем керек. Бұл адамдарды түсінетін және адамдарға жанашырлықпен қарайтын кірістірілген модульдері бар жасанды интеллект жүйелері болуға тиіс, – деді жуырда елордаға келген Александр Каплан. К

ейінгі кездері оның адамға тән эмоциялық интеллектіге ие бола алатыны айтылып жүр. Зерттеушілер осы жағдайдан да қауіптеніп отыр. Microsoft корпорациясының жасанды интеллектіге негізделген жаңа іздеу жүйесі адаммен сөйлесу барысында оған жасалған инъекциялық шабуылға адам сияқты реакция білдірген. Осыған байланысты ғалымдар оның ядролық кодты ұрлауға, өлімге дейін апаратын вирусты ойлап табуға ұмытылыстар жасауы әбден мүмкін екендігін айтады.

ЖАҢА ЗАҢ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Елімізде осы қатерлерді сейілтуге, сонымен қатар жасанды интеллектіні дұрыс бағытта дамыту мақсатында ЖИ туралы заң жобасы қажеттігі жиі айтылып жүрді. Бұл туралы Президент те «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өтті. Дүниежүзінде жасанды интеллектіні реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазіргі таңда көптеген ел ЖИ-дің қоғамға тигізер әсерін жан-жақты зерттеп, оны дамыту мен реттеу арасындағы тепетеңдікті табуға тырысып жатыр. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді шектеп қана қоймай, оның даму мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Нейрожүйелердің пайдасы ұшан теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фотобейнежазбалар жасап, адамның даусын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет», – деді.

Бүгінде әлем елдері – АҚШ, Еуроодақ, Қытай – ЖИ саласын заңмен реттеп, оның қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр. Олар ЖИді дамытып қана қоймай, оны жауапкершілікпен пайдалану жолдарын да зерттеп жатыр. Америка жасанды интеллект саласында жаһандық көшбасшыға айналды. Бұл елде ЖИ-ді дамытуға әрі қолдануға көп мүмкіндік қарастырылған. АҚШ-та жасанды интеллектіні реттеу нақты салаларға бағытталған. Атап айтсақ, деректерді қорғау, этикалық стандарттарды сақ-тау, алгоритмдердің ашықтығы туралы заңдар қабылданған. Федералдық деңгейде ЖИ-дің қауіпті істерге қолданылуына тосқауыл қоюға жауап-кершілік шаралары қарастырылып, жеке сектордың технологияны дамытуды жалғастыруына жағдай жасалып жатыр. АҚШ заңнамасы ЖИ-ді инновацияға қол жеткізудің негізгі тетігі ретінде қарастырып, оның дамуындағы жеке компаниялардың рөлін арттыруға ден қойып отыр. Ал Еуроодақ 2021 жылы «Жасанды интеллект актісін» ұсынды. Онда ЖИ технологияларын қолдану қауіпсіздік деңгейіне қарай топтастырылған. Қауіпсіз технологиялар еркін қолданысқа енгізілсе, қауіпті деп есептелетін бағдарламаларға қатаң шектеулер қойылады. Заңда ЖИ-дің адамның негізгі құқықтарын бұзбауын, деректердің құпиялылығын сақтауды, алгоритмдердің әділдігін қамтамасыз ету міндеттелген. Бұл тәсіл ЖИ технологияларын реттеуде адам құқықтары мен қауіпсіздігіне басымдық береді. Қытай болса, жасанды интеллектіні дамытуда мемлекеттік бақылауды күшейтуге мән береді. Бұл елде ЖИ қолдану саласын нақты реттейтін бірнеше заңнамалық акт қабылданған. Қытай үкіметі ЖИ-ді ұлттық қауіпсіздікті нығайту, қоғамдық тәртіпті қорғау, экономиканы цифр-ландыру құралы ретінде қарастырады. Сонымен қатар Қытайда алгоритмдердің адам құқықтарына зиян келтірмеуі, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң талаптар енгізілген. ЖИ-дің мемлекеттік және әскери салада қолданылуы да ерекше назарға алынған.

Шетел тәжірибесі көрсеткендей, ЖИ-ді заңмен реттеу кезінде әр ел өзіне тән басымдықтарға сүйенеді. АҚШ инновацияға мүмкіндік беретін икемді заңдарды қолдаса, Еуроодақ ЖИ-дің қауіпсіздігі мен адам құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Ал Қытай технологияны ұлттық мүдделерді қорғауға пайдаланады. Елімізде бұл бағытта «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылданды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, заң жобасы үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген. Онда ЖИ технологияларының этикалық қолданылуы, мемлекеттік реттеу, ЖИ нысандарының жіктелуі, стандарттау және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

– Жасанды интеллект мәселелері бойынша заң жобасы бір топ депутаттардың бастамасымен әзірленді. Оның басты мақсаты – осы саланы реттеу, қолдау және дамыту үшін заңнамалық негіздеме беру. Бұл саланың күн сайын өзгеруін ескере отырып, заң жобасындағы нормаларды жұмсақ әрі икемді болып әзірледік. Әлемнің алпауыт мемлекеттері жасанды интеллектіні дамытуды басты басымдықтар ретінде көріп, барлық күшін оны дамытуға салып отыр. Бірнеше апта бұрын Еуропалық одақ та осы саланы реттеу үшін арнайы заңды қабылдады. Басқа мемлекеттер де тиісті жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуды тікелей өз бақылауына алғаны да, бұл мәселенің еліміздің бәсекеге қабілет-тілігі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – деді Жаслан Мәдиев.

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар