«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Starlink ресми түрде іске қосылды

Starlink ресми түрде іске қосылды
Ашық дереккөз
Бүгінде өмірімізді ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан күн санап жедел әрі қауіпсіз ғаламтор желілерін дамытып, өндіріске енгізу заманымыздың басты талабына айналды. Бұл ретте еліміз бірнеше жылдардан бері әлемдегі озық интернет желілерінің бірі саналған SpaceX-тің еншілес құрылымы Starlink компаниясымен келіссөз жүргізіп келген болатын. Нәтижесінде жақында ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Starlink компаниясымен спутниктік интернет қызметін ел аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойып, көп ұзамай компания ел аумағында өз жұмысын бастады.

Осы ретте жаңа цифрлық серіктес жайында азкем мәлімет бере кетейік. Америкалық танымал өнертапқыш және кәсіпкер Илон Маскке тиесілі SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісі 2019 жылы орбитаға шығарылып, өз жұмысын бастаған болатын. Ал 4 жылдан соң компания иесі Starlink спутниктік желілері шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады. Өткен жылғы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионнан асқан. Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін, секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында бес мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.

Жоғары жылдамдықты интернетке Starlink арқылы қосылу ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе талшықты-оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр. Starlink спутниктері елімізде пилоттық режимде жұмыс істеп келе жатқандығын атап өткен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ресми келісімдер нәтижесінде еліміздегі цифрландыру саясатының жаңа мүмкіндіктері қалыптасатындығына тоқталған еді.

– Қазақстан – аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғындарды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықтыоптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде енді тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады, – деді министр Жаслан Мәдиев.

Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар. Бұған сәйкес енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады. Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асырудың барлық кезеңдері ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.

Бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сәйкес қолға алынған болатын. Ұлттық жоба шеңберінде «2023-2027 жылдары облыс елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілген. Аталған Жол картаға сәйкес, 2023-2025 жылдары 208 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру жоспарланып, бүгінгі күнге 140 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталған.

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар