«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық болмыс – ұмыт қалатын емес, ұлықталатын қасиет

Ұлттық болмыс – ұмыт қалатын емес, ұлықталатын қасиет
Ашық дереккөз
Амандасу – тек тілдік қатынас емес, ол – рухани мәдениеттің, ұлттық болмыстың айнасы. Қазақ халқы үшін амандасу – адамгершілік пен ізеттіліктің көрінісі, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің басты жолы. Бұл дәстүр ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Бұрынғы қоғамда қазақ баласы танитынтанымайтын адамның алдынан шықса да, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, ел ішіндегі ынтымақ пен берекенің бастауы болар амалды жасай білген. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан, ешқашан мәнін жоймаған ізгі үрдіс еді. Әр амандасудың астарында үлкенге құрмет, кішіге ізет, бауырға бауырмалдық, ағайынға ниеттестік жатыр. Ал бүгінгі қоғамда жастардың көбі үлкенге құрмет көрсетіп, амандасу әдебінен алыстап бара жатқаны жасырын емес. Ендеше осы сауал төңірегінде ой қозғап көрейік.

Қазіргі қоғамда жастардың бір бөлігі үлкенге сәлем беруді ескінің жұрнағындай қабылдап, ол ізеттіліктің емес, міндеттің бір түрі деп ұғына бастауы қоғамдағы жастар арасында үлкенге сәлем беру салтына селқос қараудың белгісі секілді белең алып бара жатыр. Көшеде, қоғамдық орындарда, тіпті ауыл ішіндегі қарапайым қарым-қатынаста да жастардың үлкендерге иіліп, ізетпен сәлем беруі сиреп кеткенін көз көріп жүр. Бұл жай ғана бір ритуалдың әлсіреуі емес, тұтас ұлт тәрбиесінің, рухани тамырымыздың бір қабаты үзіліп бара жатқанының белгісі.

Қазақ үшін сәлем беру тәрбиенің өзегі, тектіліктің көрінісі, үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің айқын белгісі болған. Бала күнінен «үлкенді сыйла», «сәлемің түзу болсын», «алдымен сәлем бер» деп құлағына құйып өскен ұрпақ ел ішінде абыройлы, сөзінде салмақ болатын.

Ал қазір не көріп отырмыз? Қазіргі қоғамда жастардың арасында үлкендерге деген ізеттілік пен құрметтің әлсірей бастағанын жиі байқаймыз. Әсіресе көшеде, қоғамдық орындарда, тіпті үй маңында үлкен кісіге иіліп сәлем берудің орнына, алдынан көс- көлденең кесіп өте шығатын, көз де салмайтын жастардың әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Бұл – тәрбиенің тамыры босап бара жатқанын аңғартатын ащы шындық. Көп жастар сәлем бермек түгілі, үлкен кісімен көз тоқтатып сөйлесе алмайды. Өзінше бір «еркіндік», «ұялу», «ыңғайсыздану» деп ат қойып, бұндай құндылықтан алшақтап бара жатыр. Бір жағынан бұл – отбасындағы тәрбиенің босаңсуынан, екінші жағынан әлеуметтік желі, технология мен шетелдік мәдениеттің үстемдігінен туындаған өзгеріс. Бұл – тек бір қимылдың немесе сөздің әлсіреуі емес, бұл – тұтас ұлттық тәрбиенің діңгегіне түскен сызат. Тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық көліктердегі мәдениеттің төмендеуі. Жасы үлкен кісі кірсе де, орнын бермек түгілі, кейбір жастар құлаққап тағып, экранға телміріп, айналасына назар да аудармайды. Бұрынғы қазақ баласы үлкен көрсе, екі бетінің ұшы қызарып, орнынан тұрып «отырыңыз» деп орнын ұсынып, батасын алып жататын. Ал бүгінгі қоғамда «мен ешкімге орын беруге міндетті емеспін» деген түсінік тамыр жайып барады.

Ата-бабамыз «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп бекер айтпаған. Үлкенге құрмет – өз болашағына жасаған жақсылық. Себебі бүгін үлкенге орын ұсынбаған жас ертең өзіне де сондай қатынасты көруі мүмкін. Құрмет – ұмыт қалатын емес, ұлықталатын қасиет болуы керек.

Ойымызды қорытындыласақ, дана халқымыз «Кісі көркі – сәлем» деп, адамның адамдығын алдымен сәлемі арқылы бағалаған. Бұл –халқымыздың жаратылысындағы қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің айғағы. Бірақ қазіргі таңда бұл биік қасиет елеусіз қалып бара жатқандай. Бүгінде сол сәлемнің салмағы жеңілдеп бара жатыр.

Сәлем беру – тек дәстүр емес, ол – рухани тәрбие. Үлкенге иіліп сәлемдесу – инабаттылық пен тектіліктің белгісі. Бұл қасиеттер жоғалған жерде құрмет те, береке де азаяды. Сондықтан бүгінгі ата-ана баласына «Сәлемің түзу болсын!» деп тәрбиелеп, ұстаз бен қоғам өкілдері амандасудың мәнін ұғындырып отырмаса, ұлттық рухани болмысымыз әлсірей түседі.

Сәлем – сыртқы мәдениет емес, ішкі тәрбие. Ал тәрбие – ұлттың болашағы. Ендеше, сәлем бере білетін ұрпақ – ел мен ертеңнің тірегі.

Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

 

Ұқсас жаңалықтар