«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта 38 арнаулы қызмет көрсететін ұйым лицензияланды

Аймақта 38 арнаулы қызмет көрсететін ұйым лицензияланды
Ашық дереккөз
Облыста бүгінгі күні 38 арнаулы қызмет көрсететін ұйым лицензияланды, оның ішінде 26-сы мемлекеттік мекемелер болса, 12-сі үкіметтік емес ұйымдар. Жалпы қызмет алушылардың саны 4317 адам. Лицензия алған ұйымдардың 7-і толық стационар, 15-і жартылай стационар, 4-і уақытша болу түріндегі, 14-і үй жағдайында қызмет көрсететін ұйымдар.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау барысы туралы» өткен баспасөз конференциясында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков баяндады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласына арнаулы әлеуметтік қызметтерді (АӘҚ) лицензиялау енгізілді. Лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін көтеру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді.

 – Лицензия алмай арнаулы қызметтер көрсетуге заңмен тыйым салынған. Лицензиялаудың екінші міндеті – қызмет көрсетуді жан басына шаққандағы тариф бойынша қаржыландыру. Яғни, әлеуметтік қызметкерлер нақты айлыққа емес, көрсеткен қызметінің көлеміне қарай ақы алатын болады.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензияланады. Лицензия алудың негізгі шарттары: санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жарамды ғимараттың болуы; материалдық-техникалық базаның және қызметкерлер құрамының болуы; халықтың жүріп тұруы шектеулі топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және басқалар. Лицензия алуға өтінімді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық ұйымдар (меншік түріне қарамастан) Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov. kz) арқылы береді, яғни толық цифрландырылған.

Стандарттарға сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бірнеше түрі бар, олар: стационарлық жағдайда қызмет көрсету; жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету; уақытша болу түріндегі қызметтер көрсету; үй жағдайында қызметтер көрсету.

Лицензия алып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп жүрген белсенді үкіметтік емес ұйымдардың ішінде «Мүгедектігі бар жастар қоғамы», «Сезім мүгедектер қоғамы», «Жамбыл облысы мүгедектерді әлеуметтік қорғау», Элай-Құлан, Амина, Жуалы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы қоғамдық бірлестіктерін атап өтсек болады. О

блысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетемін дейтін жаңа ұйымдарға айтарымыз, ең бірінші ол ұйымның штаты, талапқа сай ғимараты, қызмет көрсетуге қажетті құралдары, тиісті медициналық лицензиялары болуы шарт, – деді Аслан Ұланұлы. 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ 

Ұқсас жаңалықтар