«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір ауылда төрт Абай, үш Әйгерім!

Бір ауылда төрт Абай, үш Әйгерім!
Адамзат деңгейінде ой қозғап, философиясы әлемді мойындатқан Абай – қазақтың мақтанышы. Мұхиттай терең тұлғаны қанша зерттеп, шығармаларына қанша үңілген сайын даналығына бойлай алмай келеміз. Сондықтан, хакімге жасалатын құрметтің шеті мен шегі болмағаны заңдылық.

Біз де мерейтой қарсаңында Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылдық округіне жол тартқан едік. «Жүргенге жөргем ілігеді», – дегендей бізге қажетті құндылықты ауылдық әкімшіліктің өзінде-ақ кездестіре бастадық. Ауылдық округ әкімі Мұратбек Арыстанбек бас мамандарын таныстырып жатқанда екі қызметкерінің есімі «Әйгерім» екенін аңғарып қалдық. Атап айтқанда Әйгерім Жолдасбаева ауылдық округтің мәдени іс-шараларды ұйымдастырушысы болса, Әйгерім Қадірханова статист-маман. Ал әкімдіктің жұмысшысы, ауылдағы саябақтың бағбаны Абай Айлшаев туралы да көп жақсы пікір айтуға болады. Абай Көшкінұлы саябақтың талдарын бұтап, суарып ғана жүре бермей, жаңадан 300 түп көшет егіпті. Данышпан аттасындай 300 өлең жазбаса да, 300 көшет өсіріп отыр. Бұйырса Абай Көшкінұлының көшеттері де үлкен саялы тал-дараққа айналатыны анық.

Мемлекеттік қызметте шыңдалған, жандүниесі рухани бай Мұратбек Дәкенұлының аталған округті басқарып келе жатқанына 8 жылдан асқан. Осыдан 3 ай бұрын ғана ауыл халқы бірауыздан дауыс беріп, біз айтып отырған азаматтың тағы 4 жыл әкім болуына сенім білдіріпті. Округте 2137 адам, 383 аула бар. Округ әкімінің 8 жылы да бекер өтпеген. Әсіресе, 2020 жыл ерекше сәтті болыпты. Сол жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында екінші жүлдені иеленіп, 4 миллион теңге қаржыны ұтып алған. Ол қаржыны еш ойланбастан мешіт жанында салынып жатқан асхана құрылысына жұмсапты. 250 адамға арналған асхана құрылысы сәтті аяқталған. Әрине, ауылдың азаматтары да көп демеушілік танытып, шаруаға жұдырықтай жұмылған. Қазіргі таңда ораза мен айттың кезінде, басқа да мерекелерде, ас-жиын өткізгенде ауыл халқы аталған үлкен де кең асхананы пайдаланып отыр. 2020 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік істер агенттігі өткізген республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауының облыстық кезеңінде Мұратбек Арыстанбек бас жүлдені и е л е н с е , а т а л ғ а н б а й қ а у д ы ң республикалық кезеңінде үшінші орыннан көрінді. Ал, 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік шамшырақтары» атты республикалық «Үздік 30 ауыл» байқауында да абайлықтардың бағы жанған. Қордай ауданындағы Әлжан ана және Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылдары еліміз бойынша ең үздік 30 ауылдың қатарына қосылған. Алдағы уақытта бұл бағытта Астана қаласында арнайы аллея жасалатын көрінеді. Сол аллеяда Абай ауылының жоғары көрсеткіштері де қойылатын болады.

Абай ауылының Абай көшесін араладық. Бұл көшеде «Алтын алқа» иесі Жанар Нұрымбетова тұрады. Жұбайы Әлібек Салықов екеуі 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Ақмарал тұрмысқа шығып, бұл күнде екі қыздың анасы. Осылайша, батыр ана немере сүйіп отырған жайы бар.

Осы көшенің жас тұрғындарының бірі 5 жастағы Абай Ермек. Біз бірақ кішкентай Абайды үйінен таппадық. Әкесі мен анасына еріп қыдырып кетіпті. Бізге әжесі Сайлаукүл Құрамысовамен ғана сөйлесу мүмкін болды. «Мен тігіншілікпен айналыстым. Әлі де тігін тігемін. Ұлан деген баламның 5 жасар ұлының есімі – Абай. Әзірге ойын баласы. Болашағынан үлкен үміт күтеміз», – дейді ол.

Есесіне 10 жастағы Абай Садықты үйінен таптық. Тіл көзіміз тасқа бұл бала сүйкімді, томпақ денесімен де данышпан Абайға ұқсай бастапты. Әуелі округ әкімі Абайдың бір шумақ өлеңін бастап беріп еді, он жасар Абай Асқарұлы жалғастырып әкетті. Абай осы ауылдағы Абай орта мектебінің бастауыш сыныбын үздік бітіріпті. Пәндердің ішінде математика пәнін ерекше ұнатады екен. Оның үстіне грек-рим күресіне қатыса бастаған жағдайы бар. Әйтеуір мектептің жоғары сыныбын санаулы апталарда аттайтын Абайдың бойынан жақсы қасиеттерді көп байқадық. Тағы бір ерекше жағдай, он жасар Абайдың туған әпкесінің есімі – Әйгерім. Әйгерім Асқарқызы қазақ тілі пәнін ерекше ұнатады. 9-сыныпқа көшкен. Әйгерім мен Абайдың 8 жасар Абылай, 7 жасар Айсұлтан атты інілері бар екен. Жаратушы Асқар мен Гүлжанның шаңырағына қазақтың бар жақсысын жинап қойғандай әсер алдық. Кішкентай бүлдіршіндерге жақсылық пен амандық тіледік.

Абай ауылының тағы бір сыйлы азаматы – Абай Жанқұлов. Қазіргі таңда Құландағы рельс дәнекерлеу кәсіпорынында белді жұмысшы. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін қолы бос кездерде оқып отырады. 4 ұл, 2 қыздың әкесі. Жұбайы Гүлбаршын «Күміс алқалы» ана. Үлкен қыздары Нұризат – студент. Абай Жұмағазыұлының шаңырағы осындай жақсылық пен берекеге малынып тұр екен.

– Абай ауылының тыныс-тіршілігі, адамдары осындай. Өзімнің туған ауылым. Осында тудым, балалығым өтті. Алматыдан институт бітіріп келген соң, еңбек жолымды осы Абай орта мектебінде мұғалім болып бастадым, директордың орынбасары болдым. 28 жасымда көрші ауылға орта мектептің директоры болып кеттім. Аудандық білім бөлімінде еңбек еттім. Аудандық «Құлан таңы» газетінде бас редактор болдым. Округ әкімі, аудан әкімдігінде бөлім басқардым. Қайтадан өз ауылыма әкім болып оралдым. Өмірімде Абай шығармаларын көп оқыдым. Өлеңдерін жаттап өстім. Еңбек жолым Абай мектебінен басталып еді, бұйырса Абай ауылдық округ әкімінен зейнетке шықсам, ол да – бақыт. Абай ауылына қызмет етсем, Абай ауылы, хакім Абайдың рухы мені де көтеріп келеді, – дейді округі әкімі Мұратбек Дәкенұлы.

Біз алақандай ауылда төрт Абай, үш Әйгерім бар екенін білдік. Көрдік. Абай мен Әйгерімі көп ауылға бар жақсылықты тіледік.

Есет Досалы

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар