Көшенің қара домалақтары сияқты біз де Әлимаш апаны жақсы көреміз. Себебі, ол кісінің мейірімділігі, шуағы, жылылығы өте ерекше болатын. Тіпті, көшенің балалары ардақты апамызды бір-бірімізден қызғанып та қалушы едік. Бір ерекшелігі, біздің үй Әлимаш апамен көрші. Үй арасында үй жоқ. Соның өзіне мерейім өсіп, қуанып жүретінмін.
Таңертең ояна сала Әлимаш апаның үй жағына жүгіремін. Ол кісі де әлдеқашан оянып, есігінің алдында майдашүйде жұмысымен күйбеңдеп жүреді. Мені көре сала көңіл аударады. «Құлдығым, батырым! Ерте ояныпсың ғой. Міне, айран ішіп ал» деп, бір керден кесе айранды алдыма қоя салады. Өткізіп қойғаным бардай, апаның құйып берген айранын тауысып ішіп қоямын. «Е, батыр мұның дұрыс. Ер жігіт деген батыр болу керек, күші көп болуы керек. Ол үшін айран-сүтті көп ішу керек» дейді көрші апам. Әп сәтте күшім көбейіп кеткендей қуанып, мәз болып қаламын.
Әлден уақытта көше бойындағы құрдастарым Шона, Арман, Бақтиярлар да Әлимаш апаның үйіне беттейді. Апамыздың оларға да ыстық ықыласы мен тәтті айраны дайын. «Ой, батырлар дәу жігіт болып жатыр» деп сөйлей жүріп, баланың бәрін айран-сүтке тойдырады. Біз ол кезде 2-сыныптамыз ғой. Бізден үлкен балаларды Әлимаш апам жинап алып, киіз тепкізеді, текемет басамыз. Текеметті ою өрнегін қосып тұрып, керемет жасайды.
Әлимаш апаның үйінде текеметтің киізін тебу деген – әр балаға мақтаныш. Қызығып, ынталанып, жарысып тебеді. Оның да өз қызығы бар. Бекен деген ағам болды. Өзі жіңішке, сондықтан бойының ұзындығы бірден байқалады. Бекеннің де 5-сынып оқитын кезі ғой. Бір жолы Әлимаш апаның үйінің сыртқы есігін тартып-тартып аша алмай, кері бұрылыпты. Сонда іштен Әлимаш апа шығып қалыпты.
«Бекебас, қатты тартпайсың ба? Күшің бар ма? Күшті бала есікті қатты тартады» депті. Сонда Бекен: «Текемет тепкізсеңіз, менің күшімді көресіз» депті. Бір аптадан соң әзірленген текеметті Бекен қан сорпасы шығып, әбден теуіпті. «О, енді күшіңнің көп екеніне сендім» депті Әлимаш апа. Оған Бекен қуанып, мәз. Біздер осылай едік. Ауылдың барлық баласы осындай болды.
Әлимаш апа десе елеңдеп, өз анамыздай жақсы көрдік. Қазір ойланамын. Кей ауылдан ондай жүрегі шуақты әжелер шықса да, келіндер кішкентай балаларын жібере қоймас. «Ол үй жаққа барма. Апаға жолама. Текеметін теуіп нең бар? Вирус жұқса қайтесің. Үйде тыныш отыр» дейтіні анық. Ал, сол кездің келіндеріай. Балалары Әлимаш апаның үйінде десе қуанатын. Босқа сенделіп жүргенше текемет тепсін, еңбек етсін дейтін.
Әлимаш апаны көрсе: «Дұрыс апа, кішкентай балам сіздің үйден шаршап келіп, ұйықтап кетті. Әшейінде теледидар көріп, басқа балалармен алысып ұзақ уақыт көз ілмейтін. Осылай жұмсап тұрыңыз баламды. Іс үйренсін, аяқ-қолы шымыр болсын» деп рақметін айтатын. Біздер кей күні Әлимаш апаның қасына қонып шығушы едік. Өз анамыздай ыстық еді.
Бұл деген сол уақыттың заңдылығы шығар. Сол кезеңнің аңқылдаған адал пейілі, дархандығы. Бір ауылды бір ақсақал басқарса, бір ауылдың келіндерін Әлимаш апам аяқтарынан тік тұрғызып жұмсайтын. Әлимаш апа тұрған біздің көшеде бұзықшылық болмайтын. Отбасылардың татулығы мен ынтымағы, тіпті отбасы құндылығы деген де осы болар.
Әйтеуір Әлимаш апам бір ауылдың қазынасы болған сол жылдарды кереметтей сағынамын.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




