Осы ғажайып жеңіске қатысты бір қызықты әңгіме бар. 1980 жылы 17 шілдеде Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанады, дәл сол күні байзақтық мұғалім Маратқали Қуандықовтың шаңырағында шекесі торсықтай ұл өмірге келеді. Ұлдың есімі «Жақсылық» деп қойылады. Жақсылық жақсы азамат болып есейді.
Полиция саласында біраз жыл тер төккен ол қазір жеке кәсіпкер. Кішкентай Жақсылық барынша күш салғанымен, күрес түрлерінен нәтиже шығара алмайды. Есесіне құқық қорғау саласының білікті маманына айналады. Жақсылықтың үлкені Айбын деген ұл бала. Жасы 8-де. Қазір спортпен айналысуды бастап жатыр. Оны атасы, ардагер ұстаз Маратқали Қуандықов спорт мектебіне жетелеп апарып жүр.
Ардагер ұстаз Маратқали Сейсенбайұлының болашаққа деген сенімі зор. «Әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы болған күні шаңырағымда ұл баланың өмірге келуі бекер емес қой. Жақсылық балам чемпион болмаса да, жақсы маман болды. Енді оның ұрпағынан бір чемпион шықса деп күтіп жүрмін. Айбынның қимылы ширақ. Ауыл жаққа бара қалсақ, күрестен өзімен қатар балалардың бәрін жеңеді.
Бұйырса, осы немеремнен үлкен үміт күтемін. Тағы бір немерем Әлиханнан да үмітім зор» дейді. Несі бар, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Ата-ананың ұрпағына тілеулес болуы қандай жақсы. Болашақта Қуандықовтар әулетінен бір чемпион шығып жатса, үміттің ақталғаны. Ең басты айтайын дегеніміз, Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы болған күннің өзі талай жақсылықтың бастауы болғаны. Жақсылықтан үміт етіп, ғұмыр кешкен қандай жақсы!
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




