«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызметі - үлгі, жетістігі - мақтаныш

Қызметі - үлгі, жетістігі - мақтаныш
Ашық дереккөз
Қаржы жүйесі – мемлекеттің тірегі, экономикасының жүрегі. Осы салада 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп, өзінің кәсіби шеберлігімен, жоғары жауапкершілігімен ел құрметіне бөленген жан – Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы Жанат Жұмаділова.

Жанат Жатайқызы қажырлы еңбегімен, адал қызмет, ел игілігі жолындағы тынымсыз тірлігімен бірнеше буынға үлгі болған маман. Өнегелі еңбек жолын айтар болсақ, 1964 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Жанат Жатайқызы 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылдан бастап салық саласында еңбек жолын бастады. Қатардағы маманнан бастап, бөлім басшысы, басқарма басшысы дәрежесіне дейін өскен ол – барлық лауазым сатысынан адал еңбегімен өткен нағыз кәсіби маман.

1994 жылдан 2009 жылға дейін салық есептілігіне байланысты, тексерулер және тағы басқа да салық қызметінің әртүрлі бөлімшелерінде жұмыс атқарды. 2009 жылдың мамыр айынан бастап Тараз қаласы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2013 жылдан бері Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс атқарып келеді, соңғы 10 жылда мәжбүрлеп өндіріп алу басқармасын, камералдық бақылау басқармасын басқарды.

2018 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы ретінде өңірлік қаржы жүйесінің тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда. Қызметі – үлгі, жетістігі – мақтаныш Жанат Жатайқызы тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілігімен, әділдігімен, көрегенділігімен әріптестер арасында ерекше құрметке ие. Ол көптеген жас мамандарға тәлімгер болып, оларды тәрбиелеп, биікке жетелеуде маңызды рөл атқарды. Қаржы саласына сіңірген еңбегі үшін еліміздің жоғары марапаттарына ие болды.

Атап айтқанда, 2019 жылдың қараша айында «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, 2011 жылы «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, 2023 жылы «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» белгісімен, 2022 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Қаржы қызметінің 100 жылдығына орай 2021 жылы мерейтойлық төсбелгімен марапатталды.

Қаржы министрлігінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің грамоталарымен, облыс әкімінің грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Кәсіби деңгейін үнемі арттырып отырады, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, «Тұран-Профи» Халықаралық академиясында, ҚР ҚМ МКК Оқуәдістемелік орталығында оқу курстарынан өтті, тренингтерге қатысты.

2024 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті маманы» атағына ие болуы – оның ұзақ жылғы еңбегінің жоғары бағалануының нақты дәлелі.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар