«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмірге құштар жандар

Өмірге құштар жандар
Автор
Біз кейде өзімізді бағалай бермейміз. Шексіз байлық пен мүмкіндіктерді белшемізден кешіп, қалағанымызша пайдаланып жүргенімізді назарға алмаймыз. Оның ең үлкен олжа, баға жетпес байлық екенін сезінбейміз. Біле білсеңіз, өзіміздің дәл қасымызда, біз ғұмыр кешіп жатқан қала мен ауылда қаншама адам сол мүмкіндіктерге зәру болып отыр емес пе? Тағдырдың маңдайға жазған жазуынан пенде баласы алшақ кете алмаса керек. Біз мұны облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барғанымызда тағы да терең сезініп, бір сәт шүкіршілікке берілгеніміз жасырын емес.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкендер

Орталық директоры Гүлхан Тұрсынбаева қызмет алушыларын бір пысықтап, біздерге керекті мәліметті дайындап отыр екен. Бірден ерекше жандарға арналған бөлімді аралап кеттік. Бізді 1-топ мүгедегі Аниса Ложкинаның бөлмесіне алып барды.

Орыс ұлтының өкілі бұл әжеміз 96 жаста екен. Жас күнінде әртүрлі жұмыстар атқарған апайдың осы күнде тіршілікпен шаруасы жоқ. Тіпті, есін кейде сақтап, кейде жоғалтып отырады. Не істеп жатқанына толық есеп бере алмайды. 96 жас дегеніңіз оңай ма? Өзінің немересіндей жас қыздар апайдың асты-үстіне түсіп, төсегін тазалап, жұмыртқадай аппақ жаймаларды төсеп жатыр. Жүздерінен мейірім төгіледі. Өздерінің туған әжесіне қарағандай елгезек, қимылдары жылдам.

Ғасырға жуық жасап келе жатқан Аниса Артемқызымен сөйлесу мүмкін болмады. Қарттықтан қалжырап, ақ жайманың үстінде үнсіз жатты. Тілі сөйлемегенмен, көңілі сөйлеп тұр. Жүзінен өзіне қамқорлық жасап жатқан қызметкер қыздарға деген ризашылық аңғарылады. Мемлекеттің қамқорлығы, аялы алақаны деген осы.

Аниса апай егер мұнан сергек болғанда бізбен сөйлесер еді. 91 жастағы Мария Мұхамеджанова да орталықтың барлық құрмет пен қамқорлығына бөленуде. Ол кісінің бөлмесіне де кіріп шықтық. Барлық жағдайы жасалған. Күтуші қыздар қарт кісінің әр қимылын бақылап қасында отыр. Орталық қызметкерлерінің қарттарға құрметі осындай.

«Мейірімділік» бөлімі деген атауына да мән бердік. Шын мәнінде бұл орталық мейірім мен шуаққа оранып тұр деп айта аламыз. Ерекше жандарға да керегі сол көңілдің дұрыстығы, жүрек жылуы ғой. Оны мекеме мамандары мен қызметшілері жақсы түсінетін секілді. Біз барғаннан бір күн бұрын ғана осы орталық 97 жасқа келген, ұлты орыс Евдокия Меденцова апайды мәңгілік сапарға шығарып салған екен. «Жақсы кісі еді» деп бәрі елжіреп еске алып отырды.

Евдокия әжеміз де 97 жасқа дейін орталықтың жақсылығын көрді, қамқорлығын сезінді. Жүздерінен мейірім төгілген қыздар ол кісіге де қалтқысыз қызмет еткені анық. Мұнда ғасыр жасайтын әжелер мен аталар да бар. Оларға қай кезде де қамқорлық пен жайлы да сапалы қызмет дайын.

Гүл өсіріп, тоқыма тоқиды

Орталықта 53 жастағы Светлана Исмагилова да қызмет алып жатыр. Ұлты – татар. Биік жерден құлап кетіп, ауыр жағдайға түсіп, мүгедектік алған. Бірінші топтағы мүгедек. Етбетінен жатады. Басқалай жатуға мүмкіндігі жоқ. Солай қолайсыз жатып та Светлана қимылсыз емес. Тыным таппайды. Он саусағы – он кісі.

Саусақтарына өнер дарыған. Көзінің алдындағы үстелдің үсті алуан түрлі гүлдерге толы. Арнайы ыдыстағы суларға салынған. Қызыл-жасыл болып, жайнап тұр. Бұл Светлана өсірген гүлдер. Өмірге құштарлығы ғой. Әйтпесе, он екі мүшесі сау, қалай қозғаламын десе де қозғала алатын қыз-келіншектің талайы бір тал гүл өсіруге ықыласты емес қой. Оны өмір толқынында күніге көзіміз көріп жүр.

Бұл кісі тоқыма жұмыстарымен де үздіксіз айналысады. 5-6 жасар балаларға арнап тоқыған жемпір және жейделері өте әдемі. Көз тартатын түрлі бояулармен бояп та қойған. Мекеме қызметкерлері бұл кісінің тоқыма өнімдерін сатып алып тұрады. Бір тоқыма өнімі 5 мың теңге. Осылайша, ерекше жағдайдағы Светлана он саусағының шебер қимылы арқасында аздаған қаражат табуға да мүмкіндігі бар.

Негізі тоқыманы қаражат табу үшін емес, ермегі ретінде тоқиды. Бір жағынан өзіне қимыл-қозғалыс. Қалай дегенде де оның бұл әрекетін еңбексүйгіштікке, іскерлік қадамға жатқызуға болады. Бәлкім көз алдындағы жайнаған гүлдерге қарап, өзінің жайнап өткен жастық күндерін есіне алар ма екен?

Жайнаған гүлдер қай адамға да қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйлайтыны анық. Біз барған кезде де Светлананың көңіл-күйі жақсы екен. Әрқашан өнері мен ізденісі нәтижелі болып, жасаған бұйымдары сәтті шыға берсін деп тіледік. Осындай жағдайға мойымай, қос қолымен алуан түрлі тоқыма бұйымдарын тоқып жатқан бейнеткеш жанға таңдандық.

Еліміз бойынша екінші орын алыпты

Келесіде Сергей Бон-Дюдің бөлмесіне кірдік. 73 жастағы ақсақал, ұлты кәріс. Бұл кісінің ерекше қасиеті – кітап оқу. Көзінің көруі нашар. Бәлкім жастайынан кітапқа үңіле бергендігінен болар. Брайль қарпімен оқиды.

Орталықтың кітапханасында, облыстық зағиптар кітапханасында Сергей ақсақал оқымаған кітап жоқ. Жалпы, кейінгі жылдардың өзінде Брайль қарпімен 250 кітап оқыған. Екі көзі шырақтай жанып тұрған жас азаматтардың өзі уақыт тауып, кітап оқи бермейді. Ал көзінің көруі нашар бұл кісінің Брайль қарпімен жүздеген кітап оқып шығуы – нағыз үлгі.

Айтпақшы, зағип жандар арасында да Брайль қарпімен кітап оқу бойынша барлық деңгейдегі байқаулар өтіп тұрады екен. Ал Сергей Бон-Дю республикалық байқаудан екінші орынмен оралыпты. Мұның өзі орталықтың үлкен жетістігі. Себебі Сергейдің көңіл-күйін көтеріп, таза бөлме, таза төсек ұсынып, жағдайын жасап отырған осы орталық.

Жағдайы жақсы, көңілі қалыпты болған соң, Сергей көп кітаптарды оқуға мүмкіндік алған.

«Кітапты байқауға қатысу үшін оқымаймын. Өзімнің қызығушылығым. Сол қасиетімді байқап, байқауға қатыстырып, бағалап жатқан орталыққа рақмет», – дейді Сергей Бон-Дю.

Талайға танымал Талғат

Осы орталықта қызмет алып жатқандардың ішінде ең танымалы – спортшы Талғат Аманбеков. Талғатты осыдан 12-13 жыл бұрын өңірдің көптеген газеттері жарыса жазып жүретін. Ол арбада билеуден бірнеше рет республикалық байқауда бас жүлде алғанынан бөлек, сырт мемлекеттерден де талай рет олжалы оралды.

Наргиза Ахметова екеуі арбада жүріп жұптық билеуден әлемнің бірнеше мемлекеттерін мойындатқаны бар. Халықаралық жарыстардан алған медальдарының өзі бір шоғыр. 2024 жылы ерекше жандар арасында өткен Азия ойындарында күміс жүлдемен оралды. 51 мемлекеттің өкілдері қатысқан бәсі жоғары бәсекеде күміс жүлдені еншілеу – үлкен жетістік.

Талғат өзінің бөлмесінің бір қабырғасынан өзінің медальдары мен дипломдарынан көрме жасап қойыпты. Ол жерде 60-70 марапат самсап, жайнап тұр. Талғатқа мұндай іс жарасады. Ол ұзақ жылдар бойы арбада билеу спортына қатысып, өзінің мықтылығын сан мәрте дәлелдеді.

«Спортпен айналысуым өзім үшін. Сол өзім үшін деген спортпен орталықтың абыройын көтеріп жүргеніме қуанамын. Алдағы уақытта спорттың басқа түрлеріне ауысып, тағы да табысқа жеткім келеді. Өзімнің денсаулығымның жақсаруы үшін алдағы уақытта «Бочка» (Қоларбадағы волейболмен) айналысу жоспарымда бар. Алдағы уақытта да жеңістерге жетіп, орталықтың елеулі табыстарына қызмет еткім келеді», – дейді Талғат Аманбеков.

Біз танымал Талғат Аманбековтың қай кезде де табысты бола береріне, еңсесінің биік болатынына сендік.

Қол күресінен табысқа жеткендер

Бұл орталықта спорттың бірнеше түрінен табысқа жетіп жатқан қызмет алушылар бар. Солардың ішінде қол күресінен бірнеше азамат жүлделі орынға қол жеткізіпті. Атап айтқанда, Александр Попов ерекше жандар арасында қол күресінен халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанған.

Мұнан бөлек, ХХІІ Азия ойындарының чемпионы. Жүзуден Тараз қалалық, облыстық жарыстардың жүлдегері. Қол күресінің тағы бір үздігі – Серік Жұмабаев. Ол да халықаралық жарыстардың жүлдегері.

Серіктің бөлмесіне кіргенде байқағанымыз, төрде ілініп тұрған қазақтың үкілі домбырасы көзімізге оттай басылды. Ол өзінің түрлі жарыстардан алған медальдары мен дипломдарын көрсетіп, турнирлерден алған әсерлерімен бөлісті.

Сонымен қатар домбырасын қолына алып, әлдебір әуенді тартып берді. Біз орталықта қызмет алып жатқан ерекше азаматтардың спорт пен өнерге қол созып, өздерін жақсылыққа қарай тәрбиелеп жатқанына көңіліміз толды.

Мәселен, Серіктің қолындағы үкілі домбыра – қазақтың қасиеті. Қандай жағдайда жүрсе де қолынан ұлттық аспабын тастамаған Серік талай жасқа үлгі. Он екі мүшесі сау жүріп, үйінің төріне домбыра іліп қоюды ескере бермейтін қаншама шаңырақ бар. Бұл – ащы шындық.

Әскери сала ардагері де қамқорлық құшағында

Орталық осында қызмет алып жатқан барлық ерекше жандарға қомқор, жанашыр, тілекші. Соның бірі – 74 жастағы әскери саланың ардагері Макхам Шарифходжаев. Макхам Сапарұлы уақытында әскери салада еңбек еткен. Сардар болып талай сарбаздарға бұйрық беріп, сапқа тұрғызған. Енді сол қатал бұйрық пен өктем дауыстың ізі де жоқ. Есін бірде біліп, бірде білмей төсекке таңылып жатыр. Екі ұлы бар екен.

Әкелеріне сирек болса да келіп тұратын көрінеді. Дегенмен Макхам Сапарұлының ендігі жанашыры мен қамқоршысы, қызметіне жарап тұрғаны осы орталықтың мамандары мен қызметкерлері. Мұндағылар ерекше жандарға ерекше жанашырлықпен қарайды. Сондай жанашырлықты кешегі қаһарлы командир, бүгінгі қатардағы қызмет алушы Макхам Сапарұлы да сезініп жатыр.

«Сергейдің үйі қайда, Серіктің үйі қайда?»

Мекемені аралап жүріп тағы бір байқағанымыз, басшысынан бастап барлық қызметкер әр бөлмені «үй» деп сөйлейді. Директор Гүлхан Несіпбайқызының өзі «Сергейдің үйіне апар, Серіктің үйіне апарыңдар» деп жылы көңілмен тапсырма беріп жатты. Қызмет алушыларға келгендерге де бағыт беріп, сөздерін «Сергейдің үйі қайда, Серіктің үйі қайда?» деп айтыңыздар» деп түзетіп жатты. Мекеме қызметкерлері қызмет алушыларға ерекше қамқорлықпен қарайды.

Олардың арасынан психолог Айгүл Бекбердиеваны, мейірбикелер Қарлығаш Назарбаева, Назира Жұмаділованы, санитар күтушілер Ақмарал Сембекова, Рабиға Ділдабаеваны ерекше атауға болады. Әлеуметтік қызметкерлер Мақпал Сегізбаеваны, Сания Жазықбаеваның да еңбегі құрметтеуге тұрарлық. Олардың барлығы да бөлмелерді «Талғаттың үйі», «Светлана апайдың үйі» деп құлаққа жағымды атауымен айтып жатты.

Әрине, бөлмелерді олай атау қызмет алушыларға да жағымды әсер беретіні анық. Соны мекеме қызметкерлері өте жақсы түсінетіні байқалып тұр.

Жан жылулығы мен жауапкершілік

Аталған орталыққа екі ай бұрын ғана директор болып тағайындалғанына қарамастан Гүлхан Несіпбайқызы ұжымға бұрыннан таныс. Оның алдында ұзақ жыл мейірбике, аға мейірбике, директордың орынбасары болып қызмет атқарған.

Жұмысты бес саусағындай біледі. «Осы әлеуметтік салада қызмет атқарғаныма 28 жыл болды. Әуелі тігіншілік жұмыста 7 жыл жүрдім. Онан соң өз мамандығым мейірбикелікке ауыстым. 6 жыл орталық директорының орынбасары, 1 жарым жыл дағдарыс орталығының директоры қызметтерін атқардым.

Бұл саланың жұмысы маған таныс. Сондықтан келген күннен бастап жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Мұнда ең бірінші керегі жылы сөйлеу, қызмет алушыға жылы ықылас пен қамқорлық көрсету. Оны біздің орталық қызметкерлері өте жақсы біледі. Сондықтан әр қарт кісі, әр ерекше жан біздің назарымызда. Оларға әрқашан ата-анамызға қарағандай жауапкершілікпен, ізгі ниет, мейірімді көңілмен қараймыз. Мен қызметкерлеріме үнемі айтып отырамын.

«Бұл маңдайларыңа жазылған сауапты жұмыс. Осы қарттардан, ерекше жандардан алғыс алған сайын көктеп көгересіңдер. Жаратушының да сауабына кенелесіңдер», деймін. Қарт кісілерге қызмет көрсеткеннен артық жауапты жұмыс жоқ шығар», – дейді мекеме директоры Гүлхан Несіпбайқызы.

Біз осылайша, аталған орталықтағы ерекше жандардың өмірімен танысып шықтық. Қанша қиындық көрсе де жасымаған жігерді, болашаққа деген үмітті көрдік. Ерекше жандар арасынан шыққан чемпион спортшыларды танып, таңдандық. Төсекке таңылып жатса да гүл өсіріп, кесте тіккен ерекше азаматшаға риза болдық.

Міне, осы кісілер нағыз өмірге құштар жандар. Ол кісілерге қашанда жігер мен қажыр, денсаулық тілейміз. Ал өмірде он екі мүшесі сау, бірақ ештеңе тындырмай жүрген жандарға осы ерекше жандардан үлгі алыңдар десек те артығы болмас. Осынау тамаша өміріңнің әр күнін бағалай білгенге не жетсін?! Оны бізге ерекше жандардың өмірге құштарлығы, жеңіске құштарлығы ұқтырады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар