Кеш қонақтары әуелі аудандық мәдениет үйінің алдындағы Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Осы жолдардың авторы үкілі домбырамен арнау жырдан шашу шашты. Мұнан соң қонақтар аудандық мәдениет үйінің фоесіне қойылған, Шырын Мамасерікованың өмір жолына арналған «Ақ Шырын, ақын Шырын, ана Шырын» атты кітап көрмесін тамашалады.
Мұнан соң ақынның мерейтойына арналған «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кешке ұласты. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ақынға құттықтау хатын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев оқып берді.
«Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар ақын Шырын Мамасерікованы Жамбыл өңірі мақтан тұтады. Ақынның патриоттық, адамгершілік, Отаншылдық тақырыпқа жазылған өлеңдері оқырманның олжасы. «Бақыт», «Шапағат нұры», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты кітаптарыңыз оқырманнан жоғары баға алған. Сізге шығармашылық табыс, зор денсаулық тілеймін»,– деп жазылыпты құттықтау хатта.
Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, белгілі ақын Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, ақыннан жылы лебізін аямады.
«Қазір Жазушылар одағының 1400 мүшесі бар. Мен сол ақын-жазушылардың сәлемін алып келіп отырмын. Шырын апайды жастық шағынан білемін. Қазақтың айтулы ақын қыздары өте тату болды. Шырын Бөкейқызы Алматы қаласына келгенде әйгілі ақындар Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова бұл кісіні құрметтеп күтіп алып, сырласып, мәре-сәре болып жататын. Шырын ақын бірақ Меркісінен алыстаған жоқ. Шырынның ерекшелігі Меркі ауданында жүріп, Алматы мен Астана қаласындағы қуатты ақындарды мойындатқан өлең жаза білуінде. Кеш құтты болсын! Шырын ақынға ұзақ ғұмыр, шығармашылық тілейміз!», – деді Мереке Құлкенов.
Кеш барысында Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов сөйлеп, Меркі ауылында тұратын Шырын ақынға барлық жылы сөзін арнап, құрметін көрсетті. Кешті танымал ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман жүргізіп отырды. Алматыдан арнайы келген ақындар, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов пен Ғалым Қалибек, Қазақстанның Құрметті жазушылары Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы ағынан жарылып сөз сөйлеп, ақ тілектерін аямай ақтарды.
«AULIEATA-MEDIA» жауапкепшілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ақын Бақытжан Әлімқұлов та жылы лебіздерін арнады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық билер кеңесі төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық «Ғұмырдария» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қамбарбек Иманалиев, Меркі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Бексейіт Жылысбаев та жылы лебіз білдірді. Аяулы ақын қызды шын көңілден құттықтап келген әпке-сіңлілері де аз болмады.
Көпшілік алдында облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, белгілі тележурналист Ботагөз Исмайл, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы, облыстық мәслихат депутаты Жанат Бастаубаева, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали ақ тілектерін аямады.
Кеш барысында Шырын Мамасерікованың әсерлі өлеңдері оқылды. Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған әндерді әнші, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова, «Гауһартас» тобы, «Меркі әуендері» ансамблінің мүшелері орындады. Кеш соңын ақын Шырын Мамасерікова қорытындылады.
«Мені киіздей қағып, тулақтай сілкіп тағдыр өзі шыңдады. Сынақтарды көрдім, қиналдым, қайта еңсе тіктедім. Бар сырымды өлеңге төктім. Өлең мені қиындықтан алып шықты. Бәріңізге көп рахмет» деді.
Шырын Бөкейқызы жайлы Мұзафар Әлімбаев, Ақұштап Бақтыгереева өте жоғары баға берген. Шырын ақын жырлары қазақ еліне әлі де қызмет етеді. Бұл кеште зал халыққа лық толды. Елдің ақынға деген шексіз ықыласын көрдік. Тележурналист Ғазиза Рүстемова, ақын Нұржан Әліш, Меркі аудандық аналар алқасының төрайымы Қайнаркүл Тәттіқұлова ақ тілегін ақтарды.
Кеш соңы «Меркі әуендері» ансамблі мүшелерінің орындауында Шырын Бөкейқызының сөзіне жазылған «Жерұйығым – Меркім» әнімен аяқталды. Зал толы жұрт орнынан тік тұрып құрмет көрсетті. Меркінің таулары мен бауларын, тамаша табиғатын, Отанын, елін жырлаған ғажайып ақын кеші әсерге толы болды.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




