«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

E-MUSEUM ВЕБ-ПОРТАЛЫ іске қосылады

E-MUSEUM ВЕБ-ПОРТАЛЫ іске қосылады
Ашық дереккөз
Әлем жаңа технологияларға негізделген мәдени өнімдер жасап, виртуалды музейлер мен жасанды интеллект көмегімен мұрағаттарды жандандырып келеді. Осы арқылы мәдениет саласында да цифрландыру болашақты айқындайтын басты бағыттардың біріне айналуда. Ұлттық мұраны сақтап, оны әлемдік айналымға шығару мақсатында елімізде E-museum вебпорталы іске қосылмақ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында атап өтті.

Бүгінде әлем елдері виртуалды шындық, жасанды интеллект, big data, 3D сканерлеу, цифрлық архивтер, NFT өнері сияқты технологияларды мәдениет саласына кеңінен енгізіп отыр. Мысалы, Google Arts & Culture жобасы аясында әлемнің жетекші музейлері онлайн платформаға жүктеліп, 4K сапада ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде өнер мен мәдениетке шекарасыз қолжетімділікті қалыптастыратынын атап өткен министр жаңа веб-порталдың жұмысымен таныстырды.

– Мәдениет цифрланбаса – ол тұйықталады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Демек, егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны солардың тілімен, цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады әрі әлемнің кез келген жерінен қолжетімді болады. Биыл Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы – E-museum веб-порталы іске қосылмақ. Бұл платформа арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгілер мен интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында көрнекі цифрлық технологиялар қолданылып, еліміздегі мемлекеттік музей қорын электронды форматта үздіксіз жүргізуге жағдай жасалады, – деді Аида Ғалымқызы.

Сондай-ақ, Аида Балаева соңғы жылдары мәдениет объектілерін цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты қадамдар жасалып жатқандығына тоқталды. Бұл ретте аталған салаға жауапты министр «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музейқорығының жұмысын мысалға келтірді.

– Музей қорғауындағы «Айша бибі кесенесі» ескерткішінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды. Жүйе бейнекамерамен, турникетпен жабдықталып, объектіге кіру face id немесе IDcard арқылы жүргізілетін болады. Мысалға айтатын болсақ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихимәдени музей қорығының 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы коммерциялық табысы айына 1 миллион теңгені құраса, осы жылдың мамыр маусымдағы табысы айына 4,3 миллион теңгеге жетті. Бұл жерден табыстың өсу динамикасын ескеріп, қазіргі кезеңде «Әзірет Сұлтан» музей қорығының объектілеріне, «Отырар» музей-қорығының «Отырар қалашығы», «Арыстан баба кесенесі» объектілеріне, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының «Қарахан кесенесі» объектісіне жоғарыда аталған автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, бұл үрдісті кезеңкезеңімен барлық тарихи-мәдени мұра объектілеріне енгізу қолға алынбақ. Осылайша мәдениетті цифрландыру алдағы уақытта жекелеген жобалармен емес, ұлттық деңгейдегі бағдарлама ретінде жалғасын таппақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар