Дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі және токсиндер мен жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған химиялық, физикалық және механикалық әдістерді қамтитын шаралар кешені. Дезинфекция адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Өйткені дезинфекциялаудан кейін сыртқы ортадағы ауру қоздырушы патогендік микроорганизмдер жойылып, мал ұсталатын орындарда жайлы санитариялық орта қалыптасады.
Егер де мал қозғалысын реттеп, жаңадан шаруашылыққа әкелінген жануарларды карантинде ұстап, барлық ауруларға екпе жасалынғанына көз жеткізіп барып, негізгі топқа қосып отыратын болса, кез келген шаруашылықта жұқпалы және жұқпалы емес мал ауруларының алдын алуға қол жеткізіледі. Ветеринариялық эпизоотология ғылымының әліппесі десе де болады.
Жануарлардың кез келген ауруының қозуы үшін үш нәрсе қажет: ауру қоздырушы организм, берілу жолы және сол ауруға бейім жануар. Дезинфекциялау сол үш фактордың бірінші екеуін жоюға бағытталған. Дезинфекция профилактикалық және мәжбүрлі болып бөлінеді. Профилактикалық дезинфекциялау мал өсірумен, бордақылаумен, сатумен, мал өнімін қайта өңдеумен, мал союмен шұғылданатын өндіріс нысандарында жылына екі рет жүргізіледі. Мәжбүрлі дезинфекциялау ауру ошақтары пайда болғанда ауру ошағындағы патогендік агенттерді жою мақсатында өткізіледі.
Бұрындары ауыл шаруашылығы жануарлары ірі шаруашылықтарда, атап айтқанда сүт, қой, шошқа, жылқы фермаларында өсірілген кезде дезинфекция жұмыстары жүйелі түрде жоспарланып жүргізіліп тұратын.
Кейінгі жылдары мал шаруашылығы нысандарының бөлшектеніп, елді мекендерде мал бордақылау алаңдарының көбеюіне байланысты дезинфекциялау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Тек құс өсіретін шаруашылықтарда ғана дезинфекциялау жұмыстары жоспарлы түрде жолға қойылған. Бұл жағдай облыстың эпизоотиялық жағдайы мен ветеринариялық қауіпсіздігінің тұрақтылығын сақтауға кері әсерін тигізуде. Оның үстіне облыстағы мал қозғалысының, атап айтқанда сырттан бақылаусыз әкелінуінің жиілеуі де алаңдатады.
Дезинфекциялау жұмыстары Қазақстан Республикасы 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 8-бабының 46- 18 тармақшасына сәйкес әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 7-1/619 бұйрығымен бекітілген «Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қағидаларына» сәйкес жүргізіледі.
Мал шаруашылығы нысандарында профилактикалық дезинфекциялау жұмыстарын жылына екі рет жүргізілуі міндеттелген. Дезинфекциялау жұмыстарын арнайы рұқсаты және құрал-саймандары бар тұлғалар ғана жүргізе алады. Бұл бағытта облыс әкімдігінің ветеринария басқармасына бағынысты «Жамбыл облыстық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК облыстың барлық аудандарында техникалары мен мамандары ақылы түрде мал қоралары мен басқа да нысандарды дезинфекциялауды жүргізуге дайын.
«Малы саудың – жаны сау» демекші, мал ұстау орындарын санитарлық тазалықта ұстау арқылы мал асыраудың мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады деген сеніммен мал асыраумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың назарына алынса дейміз.
Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




