
Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айман Бүркітбаева бұл жоба тек оқушылар үшін емес, ауданның барлық тұрғындарына арналғанын айтты.
– Аудандық орталық кітапхананың бірыңғай кітап қорын сақтау бөлімі ұйымдастырған «Жазғы кітапхана» мақсатты кітапханалық жобасы аясында «Кітаппен жарқын әлемге» атты буккроссинг өткізілді. Буккроссинг дегеніміз – ағылшын тілінде «кітаптың айналыста жүруі» деген мағынадағы, «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген хобби мен адам және кітап арасын жақындататын, кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі. Көрмеге қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері және басқа да жазушылардың шығармалары, ертегілер, поэзиялық жинақтар мен заманауи балалар әдебиетінің таңдаулы басылымдары қойылды. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастыру, кітап оқуға ынтасын арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын молайтуға ықпал ету мақсат етілді, – дейді Айман Жойқынбекқызы.
Меркілік кітапханашылар балаларды да рухани байлыққа тарту үшін балабақшаларда түрлі қызықты іс-шаралар өткізіп жүр. Мәселен, жақында Андас батыр ауылдық кітапханасында «Балбөбек» балабақшасының бүлдіршіндерімен «Әлем таныған Астана» атты кітап аукционын ұйымдастырған. Ондағы мақсат – балаларға еліміздің бас қаласы – Астана туралы мәлімет бере отырып, ізгі қасиеттерге жетелеу. Ойын арқылы балалардың ой-өрісін кеңейтіп, қимылын ұштау көзделді. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, өз елінің патриот азаматы етіп тәрбиелеу негізге алынды.
Кітапханада өскелең жастардың бойына адами қасиеттерді дарытуды көздеген тағы бір іс-шара жастармен бірге өткізілді. Отанды сүю отбасынан басталатынын негізге алған Меркі аудандық орталық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімі «Үйлену оңай, үй болу қиын» тақырыбында сторителлинг ұйымдастырды.
«Ұлағат» жастар мүдделестер клубының жоспары бойынша жүзеге асырылған сторителлингке аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мен жас оқырмандар қатысты. Олар өздері оқыған кітаптардағы отбасылық мәселелерді әңгімелеп, өзара отбасылық шиеленіскен оқиғалардың шешімді жолдарын айтып, пікірлесті. Осы арқылы бүгінгі жастардың отбасылық мәселелер турасындағы түсінік-пайымдары анықталып, психолог кеңес берді.
Ауыл кітапханашылары поэзия кешінде бас қосты
Кітапханашы ісі шығармашылық жұмыс, ол үздіксіз ізденісті талап етеді. Оқырманды кітап оқуға шақыру, қызықтыру үшін заман талабына лайық түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Сол себепті Меркі ауданына қарасты ауылдардың кітапханашылары әдеби кештерде бас қосып, өзара тәжірибе алмасады, жаңа заманауи әдістердің тиімділігін талдайды. Осындай мақсаттағы басқосу Ақарал мәдениет үйінде өтті. Оған Аспара, Аққайнар, Ақермен, Ақарал, Кеңес, Қостаған, Мыңқазан, Сұрат ауылдық кітапханашылары қатысып, ақын Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған «Жұбан жыры – мәңгілік» атты әдеби-поэзия кешін бірлесіп ұйымдастырды.
Биылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ұйымдастырылған әдеби кеш қазақтың көрнекті ақыны, мемлекет қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығына арналды. Себебі, биыл жүрегі «Мен – қазақпын!» деп соққан, ұлтының рухын жырымен асқақтатқан ақынның туғанына 105 жыл толады.
– Жұбан Молдағалиев – ұлттық рухтың, еркіндіктің, Отанға деген махаббаттың жыршысы. Оның «Мен – қазақпын!» деп басталатын әйгілі поэмасы – ұлттың өзіне деген сенімін оятқан, тарих пен тағдырды ұрпақ санасына жеткізген көркем туынды. Ол – соғыс жылдарында жауға қарсы қаламмен де, қайратпен де күрескен тұлға. Біз ақынның болмысын барынша ашуға тырыстық. №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының оқушылары қазақ ұлттық биімен кешті бастап, Аяулым Ермекбай, Әсемай Құрманғали ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, №30 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Ермек Ержігіт, №23 мектептің оқушысы Ақнұр Мұхамедалы, №6 мектептің оқушысы Айкөркем Тұзақбай, №19 мектептің оқушылары Сыпатай Әлібекұлы, Ерболат Көркем ақынның жырларын жатқа оқып, оқырман жүрегінен орын алды, – дейді Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айман Бүркітбаева.
Осындай тағы бір әдеби кеш №9 Меркі колледжінде де өтті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен жарияланған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен жыл таңдауына ұсынылған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, сөз зергерлері – қаламгер Тәкен Әлімқұлов пен ақын, жазушы, аудармашы Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылық мұралары насихатталды.
«Қазақ әдебиетінің қос жұлдызы» тақырыбындағы әдеби калейдоскопты «Руханият» тобы ұйымдастырды. Іс-шара барысында кітапханашылар – Роза Айтаева, Бақыткүл Бықыбаева, Рита Айтжанова, Гүлзира Беркімбаева, Гүлнар Омашева, Анар Ибраева, Надира Ерназарова өз оқырмандарымен бірге өлең оқып, ән шырқап, сахналық қойылым көрсетті. Әннен шашу шашқан Шолпан Орманқұлова мен кеш жүргізушілері Гұлнұр Құрамаева мен Амантай Аманқос көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тәкен Әлімқұловтың Махамбет Өтемісұлы туралы жазған «Қараой» әңгімесінен көрініс көрсетілді. Кеш соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыстады.
Кітапханашылар құқықтық кездесу өткізді
Кітапханашылар тек әдеби іс-шаралар ұйымдастырып, кітап оқуға оқырман тартумен ғана шектелмей, халықтың құқықтық сауатын арттыруға да үлес қосып отыр. Бұл сөзімізге дәлел – Меркі аудандық кітапханасының ақпараттықбиблиография бөлімінің ұйымдастыруымен «Заңды білу – заман талабы» атты құқықтық кездесу өткізілгені.
Іс-шараға Меркі ауданы прокуратурасының аға прокуроры Хиса Ажимбеков және аудан әкімдігі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің басшысы Бақытжан Култаев арнайы шақырылды.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық қорғау органдарының қызметін насихаттау мақсатындағы кездесуде сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде кең ауқымды ақпарат берілді. Өзекті мәселелері бойынша қойған сұрақтарына тұрғындар нақты жауап алды.
«Саусақ ұшындағы әлем»
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, «Тифломузей» жобасы аясында «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!» атты тарихи танымдық бұрыш ұйымдастырды. Осыған орай «Саусақ ұшындағы әлем» тақырыбында QR-код толықтырылды.
Бұл жобаның мақсаты – көру қабілеті шектеулі жандардың мәдени және тарихи мұраларымен толыққанды танысуына мүмкіндік бере отырып, зағип оқырмандарға музей экспозициясына еркін қол жеткізуге жағдай жасау. QR-код толықтыруға арналған іс-шара барысында ХІХ-ХХ ғасырлардағы тұрмыста қолданылған ағаштан жасалған ожау, тостаған, шөміш, жетіген, тоғызқұмалақ, тай тұяқ, радио сияқты құнды экспонаттар зағип жандарға таныстырылды.
Қонақжай алаңында сыйға кітап тарту етілді
Меркі аудандық орталық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Кітаппен қанаттанған өмір» атты қонақжай алаңы өтті. Мұнда кітап оқудың маңыздылығын насихаттау, жастардың білімге қызығушылығын арттыру, кітап арқылы жетістікке жеткен тұлғаның өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды жігерлендіру және тұлғалық дамуға жетелеу мақсат етілді.
Қонақжай алаңына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, «Меркі ақиқат» газетінің бас редакторы Серік Құралбаев және аудандық ардагерлер кеңесі, №9 Меркі колледжінің ұстаздары мен студенттері қатысты. Кітапхананың қонақжай алаңына келген меймандар өздері оқыған кітаптарын басқалар да оқу үшін сыйға тартты.
Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы жеке өз кітапханасынан аудандық орталық кітапханаға 285 дана кітап сыйлады. Мұны кітапханашылар тек кітапхана үшін емес, тұтас ұрпақ үшін үлкен олжа деп бағалады. Сыйға келген мол мұра оқырман жүрегінен орын табарына сенеміз.
Мемлекеттік қызметкерлер кітап оқудан жарысқа түсті
Меркі ауданында мемлекеттік қызметкерлер арасында кітап оқудан жарыс ұйымдастырылды. «Кітап оқы, жеңіске жет!» тақырыбымен өткен аудандық байқауға аудан әкімі аппараты, ауылдық округ әкімдіктері мен мекеме қызметкерлері қатысты. Халық арасында кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып, парасаттылық пен тіл байлығын дамыту көзделген байқау бірнеше кезеңнен тұрды.
Әуелі «Сараптау» кезеңі өткізіліп, қатысушылар белсенділік танытты. Барлық қатысушылар білім мен руханият жолындағы ізденістері үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Зеректіктерімен, шапшаңдықтарымен іріктелген 11 қатысушы «Шыңға шығу» кезеңіне жолдама алды. Араға екі жарым апта салып, байқаудың «Шыңға шығу» қорытынды кезеңі де өтті. Мұнда да қатысушылар қарсыластарынан оқыған кітап санымен алға шығып, сол туындылардың мазмұнын мәнерлі түрде әңгімелеп, өзгелерді де шығармаларға қызықтыра түсті.
Нәтижесінде І орынды Айзада Қабылқызы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Назерке Жанықұлова мен Мөлдір Қалаева олжаласа, ІІІ орынды Меңсұлу Топалова мен Айзада Сабыралиева иеленді. – Халық арасында кітапқа деген сүйіспеншілікті, әдеби шығармаларға қызығушылықты арттыру үшін әр сала қызметкерлерімен, оқушылармен, жастармен, тіпті балабақша балдырғандарымен түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз.
Өздеріңізге де мәлім, кітап оқыған адамның ішкі мәдениеті жоғары, басқалармен қарым-қатынасы әдепті әрі білімді болады. Кейінгі кезеңде қоғамда кездесіп жатқан небір жаға ұстатарлық жайттар адамгершіліктің төмендігінен орын алып жатыр. Адамгершілік мәдениеттілікпен, білімдарлықпен қалыптасады.
Адамға керегі тек білім ғана емес, түрлі жағдайларды сараптап, ізгісін жақтай білетін даналық басым болғанда ғана шын білімдар болмақ. Қоғамға ең қажеттісі – осы. Мұндай өмірлік тәжірибе, жан-жақты ойлай білетін даналық алуан оқиғаларға құрылған әдеби шығармаларды оқумен қалыптасады. Сол себепті де біз барынша кітап оқуды насихаттаймыз. Ал, мемлекеттік қызметкер халыққа қызмет көрсетумен билікке, үкіметке деген сенімді нығайтады, олар қалың ел ішіндегі биліктің өкілі.
Солардың іс-әрекетіне қарап ел билікке деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан, біз кітап оқу жарысын мемлекеттік қызметкерлер арасында өткіздік, – дейді аудандық орталық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Назира Қойшыбаева.
Ашық аспан астындағы акустикалық кеш
Меркілік жастар Абай Құнанбаевтың 180 жылдығын атап өтуді бастап кетті. Алдағы тамыз айында қазақтың ұлы ақыны, философы, сазгер және ағартушы Абай Құнанбайұлына 180 жыл толмақ. Осыған орай Меркі аудандық Жастар ресурстық орталығы ашық аспан астында акустикалық кеш өткізді. Акустикалық кешке аудандық орталық кітапхана «Сөздің асылы Абайда» атты топтама жинақтап, қатысушылардың назарына ұсынды. Кітапханашы Әлия Отарбаева топтамаға библиографиялық шолу жасады.
– Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған акустикалық кеш – халқымыздың рухани әлемін жаңғыртқан, ұлы ойшылдың мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара болды. Кеш барысында Абайдың өлеңдері мен әндері заманауи өңдеуде, бірақ төл болмысын жоғалтпай орындалып, тыңдарман жүрегінен ерекше орын алды. Бұл кеш – Абай шығармашылығының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жастардың белсенді қатысуы, ұлттық өнерге деген қызығушылығы Абай мұрасының ұрпақ санасында жаңғыра түскенін аңғартты. Мұндай игі бастамалар ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқарады, ؘ– дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров.
Иә, расында да ерекше форматта өткен ісшарадан жастар әдемі әсермен тарқасты. Өткеннің өнегесін бүгінгілердің талғамына сай жаңаша үлгіде көрсетудің әлдеқайда тиімді болатынына тағы да көз жеткіздік.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы опера әншісі Әйгерім Алтынбекті құттықтады
- 29 шілде, 2025
Ұранды елдің – ұрпағы қайсар
- 29 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді