«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қарыз беру де, алу да қаржылық мәселеңізді шешпейді

Қарыз беру де, алу да қаржылық мәселеңізді шешпейді
Ашық дереккөз
Досына үш миллион несие әперіп бүгінде өзі төлеп жүрген жанды да көріп жүрміз. Қайын енесі киім-кешек, аяқ киім алғызып каспи редке отырғызып қойған адамдар да бар. Осының бәрі ойланып қарасаңыз, қаржылық сауаттың жоқтығынан. Ешқашан туысың мен бауырыңа, керек десе ата-анаңа өз атыңнан несие әпермеңіз. Себебі берешекті өзің төлеп, арада салқындық орнайды.

Осындай кейіпкердің бірі – Жания Тымбаева. Ол бір емес, екі мәрте біреуге несие әперген. Ең алғашқы рет әріптес құрбысы магистратураның яғни оқудың ақшасын төлей алмай жатқандығын айтып, бұған 550 мың әперуді өтінген. Бұл досы болғандықтан қиналғанда көмектесейін деп екінші деңгейлі банктен онлайн несие рәсімдеген.

Бірінші айды жақсы төлеп, екінші айынан бастап досы несиені кешіктіріп төлеп жүрген. Қарыздың ауыртпашылығынан қорыққан бұл кезекті еңбек демалысындағы ақшамен несиені түгел жапқан. Ал дос қызы сол күйі қалған ақшаны бермеген. Жұмысында күнде көріп жүргендіктен екеуі әлі де араласады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» десек те, Жания інісіне тағы алданды.

– Інім жеткізуші болып жұмысқа тұрды. Қатты аяз болған кезде телефоны өшіп қала беретінін айтып, iPhone 14 смартфонын алып беруімді өтінді. Алдыңғы жағдайлардан кейін маған несие берілмейтін болар деп ойлағанмын. Інім қоймаған соң, өтініш бердім. Тағы да оң жауап келді. Солай екі жылға 300 мың теңгеге заттай несие алдық. Басында ай сайынғы төлемді өзі өтеп жүрген. Жақында тағы да банктен хабарласа бастады. «Ай сайынғы төлемді неге кешіктіріп жатырсыз?» дейді. Сөйтсем, соңғы үш айда төлем жасалмаған. Несие тағы да сот орындаушыларына өтіп кеткен екен. Соңғы алты айы қалған еді. Енді тағы да несиені өзім төлегелі отырмын. Ал інім жұмыстан шығып қалды. Сол себептен де төлей алмай жүрген болар, ініммен ара қатынасты бұзғым келмейді, – деп түсіндірді Жания.

Өзгені емес, өзіңді жарылқайтын заманда жып-жылы қарым-қатынасты бұзбау үшін бір рет «жоқ» деп айту ең дұрысы екен. Өйткені кредит жанұя жылулығын бұзып бітті. Бауырыңа әперген қарызын даулап жүргендер бар. Немесе іштей «ұят болады» деп үндемей, алайда туғанымен араласпай кеткендер қаншама. Сондықтан бір рет қана жаманатты болып, досқа, бауырға, туысқа несие әпермеген жөн. Мұны қаржы маманы Гүлмира Қарасайқызы да растап отыр. Тіпті психологтар да «араны ақша бұзбасын» деген принципті ұстану керектігін айтады. Әрине ешкім кредитті жетіскеннен алмайды. Қазақ қайбір жетіскеннен қарызға кіріп жүр дейсің?

Бүгінгі қайыршы тірлігінің бетін бүркемелеу үшін, өзін әйтеуір бір кәсіппен алдап, нан табу үшін, бала-шағаны жерге қаратпауы үшін, екі бетін шарық қылып қарыз алып, оны қарызбен жауып жүр. Кейбіреулер өзгеге несие әперерде қолхат жаздырып алады. Бүгінде бұл қолхаттың да кәдеге жарап тұрғаны шамалы. Егер арнайы нотариусқа барып, заңды түрде қолхат жазылса бұл іске жарамды. Яғни заңды. Ал жай ғана ақ параққа жаздырып алған мөрсіз қолхат заңды түрде қаралмайды. Несие алдырушы адамның «қарызды өзім төлеймін» деп жазып берген қолхатының заңды күші бұл жерде жарамайды. Адамдар біреуге қарыз алдырып не себепті төлемей кететінін психолог Әлия Әзберген түсіндіруге тырысты.

– Жиырма бес жылға жуық тәжірибемде осындай мәселемен көп адам келді. Топшылауымша, туысына, жақын адамына, тіпті бейтаныс біреуге несие алып бере салатын адамдардың басым бөлігі – көп балалы отбасында өскен, мойнына шектен тыс міндет жүктелген балалар. Көп жағдайда үйдің үлкені болуы мүмкін. Олар бейсаналы түрде барлық адамға жауапкершілік сезінеді. Өзінің ішкі «менін» толықтыру үшін айналасындағы адамдарға шектен тыс көмек көрсетуге бейім болады. Мейлі, өзінде ақша жоқ болса да, қолындағы соңғы ақшасын бере салады немесе несие алып береді. Ал басқа біреуге несие алдырып, төлемей кететін адамдарға келсек, олардың да әрекетін психология түсіндіре алады. Бұл жерде «бейсаналы қарыз» деген мәселе бар. Оны осыдан бірнеше жыл бұрын қабылдауыма жазылған клиентімнің оқиғасы арқылы түсіндірейін. Оны кішкентай кезінде анасы өзінің бауырының тәрбиесіне берген. Бірақ бұл жағдайды ресми түрде, балаға түсіндіріп, талқыламаған. Клиентім нағашысының бүкіл баласын бағып, қараған. Қысқасы, өзінің балалығы болмаған, – деп топшылайды.

Ал енді бұған заң не дейді? Республикаға танымал заңгер Гүлмира Қарасай бұл салада өте тәжірибелі маман.

– Бұл өте кең таралған тәжірибе: адамдар несие тарихының нашар екенін айтып, біреуге банктен қарыз алып беруді өтініп, төлеуге келген кезде не жоғалып кетеді, не ақшасы жоқ екенін айтады. Соңында қайырымдылық танытып, несие алып берген адам зардап шегеді. Қайткен күнде де қарызын өтеуі керек. Сома аз болса жақсы. Ал кейде мүлкін кепілге қойып, өте көп мөлшерде несие алып беретіндер де болады. Мұндай кезде кепілзатты алып қоюы да мүмкін. Несиені өзіңіз қайтарған соң, сотқа жүгініп, қолхат бойынша қарызды өндіріп алуға болады. Бірақ біріншіден, бұл уақытты талап етеді. Екіншіден, білікті заңгер табу керек. Ең бастысы, көп жағдайда борышкерден ештеңе ала алмай жатады. Себебі ол не ресми түрде жұмыссыз, не мүлкі жоқ болып шығады. Сөйтіп, сот шешімдерін орындау үшін борышкерлердің базасында жай ғана ілулі тұрады. Ал мұндай адамдар Қазақстанда өте көп, – деп түсіндірді заңгер.

Қарыз деген сөздің өзі жаман естіледі. Ата-ана алдындағы қарыз дегенді біз парызға балаушы едік. Ал бұл сөз бүгінде банкке, адамға қарыз деген мағынада өрбуде. Қорыта айтқанда, қарыз деген қызығатын нәрсе емес.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

 

 

Ұқсас жаңалықтар