
Цифрландыру жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландыра түсті. Мәселен бұл бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында зерттеулер нәтижесінде экология мен білімге қатысты жаңа бастамалар қолға алынған. Солардың бірі ретінде 2023 жылдан бастап «Жас ғалым» мемлекеттік бағдарламасы аясында университет жел энергиясын түрлендіру тиімділігін арттыруға бағытталған жобаны іске асыруда.
– Біз актуаторларда пневматикалық демпферлік құрылғыларды енгізу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл технологиялық шешім, әсіресе Қазақстанның далалық өңірлеріне тән тұрақсыз жел жағдайында жел қондырғыларының тұрақтылығы мен пайдалы әсер ету коэффициентін едәуір арттыра алады. Мұндай шешімдер энергия шығындарын азайту үшін ғана емес, инфрақұрылым тығыздығы төмен өңірлердегі энергетикалық жүйелерді тұрақтандыру үшін де маңызды, – деді жоба жетекшісі Айбек Қабанбаев.
Тағы бір бағыт 2023 жылы көшені интеллектуалды жарықтандыру жобасын жүзеге асыру болды. Мұхтар Жүнісбековтың жетекшілігімен жасалған жоба жоғары тиімді басқарылатын автономды жарықдиодты шамдар жүйесін әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Стандартты көше жүйелерінен айырмашылығы, бұл Д жарық деңгейін төмендетпестен энергияның 40 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар жүйенің сенімділігі мен беріктігін арттырады. Бұл, әсіресе көше жарығы коммуналдық қызметтердің шығыстарында айтарлықтай үлесті алатын қазақстандық қалалар үшін өте маңызды. Ең ірі жетістіктердің бірі университеттің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ғылымиинженерлік орталық құру жөніндегі ауқымды ғылыми-техникалық бағдарламаны орындауға 2024-2026 жылдарға арналған 3,5 миллиард теңге сомасына грант алуы болды.
Бағдарлама суды тазартудың жаңа әдістерін әзірлеуден және органикалық тыңайтқыштарды жасаудан бастап қауіпсіз тамақ өнімдері мен жергілікті шикізатқа негізделген тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. Ол сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруды және университеттің аймақтық инженерлік хаб ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді. Университет цифрлық инфрақұрылымды қарқынды дамытуда.
Өткен жылы ЖОО базасында деректердің үлкен көлемін сақтау, өңдеу және қорғау мүмкіндігі бар заманауи дата-орталық ашылды. Ол барлық цифрлық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін резервтік қуат, салқындату және физикалық қорғаныс жүйелерімен жабдықталған. Ағымдағы жылы екі ірі оқу ғимараты талшықты-оптикалық желілерге қосылған, ал 2027 жылға дейін университеттің барлық ғимараттары бірыңғай жоғары жылдамдықты желімен байланысатын болады.
Сандық трансформацияның негізгі элементі SmartDU цифрлық экожүйесінің іске қосылуы болды. Ол білім беру процесін, құжаттаманы, кадрларды, зерттеулерді және корпоративтік ресурстарды басқаруды қамтиды. Қазірдің өзінде KPI, жеке кабинеттер, цифрлық паспорттар, Даму бағдарламасының мониторингі, практиканы есепке алу модульдері, «Дулати академиясы» платформасы, дашбордтар жүйесі, QR және ЭЦҚ-интеграция, мессенджерлердегі чатботтар жұмыс істейді.
DULATYPROFGID (кәсіптік бағдар беру), DulatyBaqylau (бағалау), dulatyboljam (болжау), dulatyaidocscan және тағы басқа жасанды интеллект көмекшілері әзірленуде. Сондай-ақ, биыл iOS және Android жүйелерінде мобильді қосымшаны іске қосу жоспарлануда.
ЖОО бүгінде «AI-Sana» ұлттық бағдарламасына қатысты барлық студенттер мен магистранттарды жасанды интеллект және цифрлық шешімдер саласында базалық оқытудан өткізіп отырады. Университет Huawei халықаралық олимпиадаларына қатысып, ICPC World кезеңдерін ұйымдастырады және оқытушыларды GameDev тақырыптары бойынша AstanaHub біліктілікті арттыру курстарына жібереді. Бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келетін дайындық деңгейін ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлік экожүйені қалыптастыруға бағытталған қадам.
– Біздің ізденістеріміздің маңызды бағыты жаңартылатын энергия көздерін дамыту болып табылады. Соңғы жылдары энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, көміртегі шығарындыларын азайту және табиғи ресурстарға тәуелді салаларда озық шешімдерді ілгерілету бойынша жобалар іске асырылды және табысты жұмыс істеуде. Алғашқылардың бірі болып университетке автономды энергия көздерін енгізу саласында электр беру желілеріне қол жеткізе алмайтын шалғай аудандарды электрмен жабдықтау бойынша шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретін қуаты аз мобильді жел энергетикасы қондырғыларын әзірлеу жобасы болды. Бұл қондырғыларды ауыл шаруашылығында да, құтқару және мобильдік объектілердің қауіпсіздігі саласында да пайдалануға болады. Біз ғылым, білім, технология және халықаралық ынтымақтастық тұтастыққа біріктірілген тұрақты даму моделін көрсетуді қалаймыз. Жел генераторларынан жасанды боттарға дейін, судың сапасынан жасыл жарықтандыруға дейін, қазақтың ұлттық ойыншықтарынан американдық суару үлгілеріне дейін әрбір жоба адам мен табиғат үйлесімді өмір сүретін болашаққа бағытталған. Бұл тәсіл біздің жоғары оқу орнын диплом алу орнына ғана емес, өңірдің, елдің және тіпті Орталық Азияның өсу нүктесіне айналдырады, – дейді ЖОО-ның Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев.
Бүгінде университеттегі ақпараттық қауіпсіздік ішкі актілермен реттеледі. Онда резервтік көшірмелер мен ақпарат қауіпсіздігін сақтау мақсатында әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Ал биыл желілік трафикті сүзу жүйесі қолға алынбақ.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді