
Жамбылдық жас өнерпаздардың бұл жеңісі – өңірдегі мәдениет үйірмелерінің тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық «Танцуй всей душой» хореографиялық байқауына Грузия, Өзбекстан, Ресей, Түркия және біздің елдің Астана, Алматы қалаларынан үздік ұжымдар қатысып, бақ сынасқан еді. Нағыз таланттар қатысқан айтулы бәсекеде жерлестеріміздің топ жарғаны тұтас облысымыз үшін үлкен олжа болды.
– Бірнеше елден келген шын таланттардың өнер додасында 104 би нөмірі ұсынылып, бәсеке тартысты өтті. Осындай ірі әрі беделді сайыста өнерпаздарымыздың ел намысын абыроймен қорғап, «Супер Гранпри» жүлдесін жеңіп алғаны біз үшін зор мәртебе әрі қуаныш. Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазылар алқасы Ресей, Өзбекстан және Түркия елдерінің кәсіби мамандарынан құралды. Әсіресе Грузия мемлекетінен келген 90 бишіден тұратын ұлттық би ұжымы және өз елімізден барған астаналық «Нұр Шуақ» би тобының жоғары деңгейі бізге шынайы бәсеке болды. Байқаудың басты ерекшелігі барлық жүлделер үлестірілгеннен соң ғана «Супер Гран-при» иегерінің жариялануы еді. Жеңімпаздың аты аталған сәтте бүкіл зал демін ішіне тартып, ерекше толқыныста отырды. «Hustle dance – Қаратау» деген кезде қуаныштан көз жасымызға ие бола алмай қалдық. Себебі бұл – тек жеңіс емес, елдің, өңірдің, ауданның алдындағы үлкен жауапкершілік пен сенімді ақтау болатын. Бұл жеңіс тек біздің бишілердің ғана емес, бүкіл Талас ауданы мен Жамбыл облысының ортақ жеңісі. Балаларымыздың биіктерден көрінуіне себепкер болған барлық ата-аналарға, қолдау білдірген жандарға алғысымыз шексіз, – дейді Hustle dance би үйірмесінің жетекшісі Дәулет Ағыбаев.
Ал топ мүшелері бұл сапар тек жарыс емес, есте қаларлық демалыс сыйлағанын да айтты.
– Иә, бұл сапар біз үшін тек жарыс қана емес, ұмытылмас жазғы демалысқа айналды. Бізге осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен барша басшыларға шексіз алғысымызды білдіреміз. Біз Түркияның көрікті қаласы Аланьядағы теңіз жағалауына бардық, яхтаға мініп, сол жерде түрлі қызықты шоу бағдарламаларды тамашаладық. Ал Белек қаласындағы Диснейленд біз үшін ертегі әлеміндей болды, бұны нағыз балалар арманының орындалған сәті дер едім. Біз тұрған «Оранж Каунти» қонақ үйі де өте жайлы, көңілді әрі есте қаларлық демалыс орны екен. Жерорта теңізінде шомылып, күнге қыздырындық, қонақ үйдегі бассейн мен кешкі шоулар да көңілімізден шықты. Бұл сапар бізге шабыт, көтеріңкі көңіл-күй, жаңа әсерлер сыйлады. Ең бастысы, біз елге тек жеңіспен емес, керемет естеліктермен де оралдық, – дейді Hustle dance би үйірмесінің қатысушысы Райяна Қуаныш.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы опера әншісі Әйгерім Алтынбекті құттықтады
- 29 шілде, 2025
Ұранды елдің – ұрпағы қайсар
- 29 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді