
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбековтың айтуынша, биыл Алакөл жағалауына 500-ге жуық, ал Ыстықкөлге 1100 сала өкілі мен олардың отбасы мүшесін сауықтырумен қамту жоспарланған.
– Аймақтағы білім қызметкерлері кәсіподағының мүшелері мен олардың отбасы өкілдерінің демалысы кезеңкезеңмен ұйымдастырылуда. Кеше Алакөлдегі демалысты аяқтасақ, бүгін білім қызметкерлері кәсіподағы мүшелерін Ыстықкөлге шығарып салып тұрмыз. Осыдан кейін қалған аудандар өз ретімен жолға шығып, демалатын болады. Әрбір кәсіподақ мүшесінің демалысын жайлы ету үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Ыстықкөлдегі демалыстарды тамызда аяқтау көзделген, – дейді жергілікті кәсіподақ төрағасы.
Демалысқа шығып бара жатқан демалушының бірі Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Оспанова.
«Ыстықкөл өзіме ұнайды. Онда бұрын да барғанмын. Жалпы мұғалімдерге жаз айларында демалған дұрыс. Мүмкін болса арнайы демалыс орындарына барып қайтқан жөн. Өздеріңіз жақсы білесіздер, баламен жұмыс істеу қиын. Кәсіподақтың білім қызметкерлеріне көрсетіп отырған игі істері көп-ақ. Осындай туристік сапарларды ұйымдастыруда кәсіподақпен бірге демалысқа барған тиімді. Жеке барсаң қалтаға әжептеуір салмақ. Осындай істерге бастамашы болып жүрген жергілікті кәсіподақ ұйымына рақметтен басқа айтарым жоқ», – дейді ол.
Ал кәсіподақ ардагері, жамбылдық Қайрат Отарбаев бұл демалысқа жұбайы Зайрамен бара жатқанын айтты.
«Кәсіподақ саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Енді зейнеткерлікке жетіп, еңбек демалысына шыққалы отырмын. Өз басым жұмыстан бір сәт назарымды басқа жаққа аударып, Ыстықкөлге бара жатырмын. Ыстықкөлдің емдік қасиетін бұрыннан білемін. Талай рет болғанмын. Ал әрбір кәсіподақ мүшесі өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстан босаған сәтте бір рет болса да демалғаны жөн», – деп санайды ардагер ұстаз.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің өндірістік оқыту шебері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Доссерік Ахатаев та бұл саяхатқа отбасымен шығыпты. Салада 10 жылдан аса еңбек етіп, колледждегі кәсіподақ ұйымын басқарып келе жатқан ол Ыстықкөлге бірінші рет бара жатқанын айтты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
«Ақкербез» би ансамблі мен «Жамбыл» триосы Италия төрінде
- 14 тамыз, 2025
Қызылшаруалық кәсіпкер қымызды шетелге шығаруға ниетті
- 14 тамыз, 2025
Ақпарат
Қоғамдық көлік: саны да сапасы да артып келеді
- 17 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді