
Талапты тас жарады
«Палым, Палым» дегенді естуші едік. Шымкентке оқуға түскендер оны пір санап жүретін. Адамгершілігін жыр ғып айтатын. «Е-е, нән де болса сабағына көмектескен шығар» дейтінбіз. Сөйтсек, ол жай қатардағы көп оқытушының бірі емес, заманындағы ірінің нақ өзі екен. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақсылықбай Тәжібайұлы келіп, оның өміріне қатысты деректерді жайып салмағанда, жақсы кісіні ұмытқандай екенбіз. Бес-алты жыл колхоз басқарғанды әлдеқандай етіп дәріптеп жүрген заманда, халқына қажымай-талмай еңбек еткен қайраткерлердің көрер көзге танылмай тасада қалуы, кейінгілердің кінәсі ма дерсің! Кейіпкеріміз ғасырдан аса, яғни осыдан 108 жыл бұрын 5 мамырда Үшарал ауылында дүниеге келген.
Әкесі Тілеп малшы шаруа, аздап молдалығы бар деседі ол кісінің көзін көргендер. Кеңес өкіметінің жаңадан ғана орнап, қызыл жалауын көтеріп, ақ пен қызылға бөлініп, билік үшін арпалысып жатқан кез. Ол кезде мектеп жоқ. Палым Абдолла мешітінен ескіше білім алыпты. Ол есін жиған тұста Үшарал жеті жылдық мектебінің есігін аттаған Палымның 1935 жылы Түркістан–Сібір темір жолы бойындағы Алматы бекетінде телеграфист болып орналасқаны оның өміріндегі құпияның бірі.
Құлағы қалқиған, тарамыстау келген, шашы толқындаған, қара домалақ баланың қазаққа таңсықтау көрінетін мамандықты таңдауына кім түрткі болғанын да Палым ашық айтпай кетті. Оны аз десеңіз, Алматы темір жол транспорты техникумына (1936 жылы) оқуға қабылданып, оны 1941 жылы үздік бітіреді де, аз уақыт Матай бекетінде саяси бөлім бастығының көмекшісі қызметін атқарады. Темір жол бойында еңбек ету – әскери қызмет атқарумен тең саналады екен. Сол себепті Палым Ұлы Отан соғысы басталған тұста шайқасқа алынбады.
Жігерлі жас 1942 жылдың қазан айында Жамбыл қалалық партия комитетінің саяси кеңесшісі, келер жылы Жамбыл КП(б) облыстық комитетінің нұсқаушылығына жоғарылатылған. Арада жыл жарым уақыт өтпей жатып облыстық партия комитеті бөлім бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1946 жылы КП(б) Орталық комитетінің республикалық партия мектебінің тыңдаушылығына жіберіліп, оны 1948 жылы үздік бітірісімен Қызылорда КП(б) облыстық партия және кәсіподақ ұйымдары бөлімінің меңгерушісі болып қызметке кіріседі. Ол тұстағы ерен еңбектері мен іскерліктері хақында айтушылары жоқ. Бірақ талантымен танылғаны анық. Қолдағы дерек Тілеповтің лауазымдық қызмет атқара жүріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты да үздік бітіргенінен хабардар етеді. Содан шығар Бүкілодақтық коммунистік большевиктер партиясы Орталық комитеті бюросының шешімімен Мәскеу қаласындағы партияның Қоғамдық ғалымдар академиясының аспирантурасына жіберіледі. Осында Сталиннің қызы – Светлана Аллилуевамен бір топта білім алады.
Қарапайым да ақылды
Светлана Сталиннің Светлананы ерекше жақсы көргені ақиқат. Ол кішкентай кезінде-ақ уақыт тауып, қызын қыдыртып қана қоймай: «Менің кішкентай ханшайымым» деп еркелететін. Әкелік махаббатқа толы хаттар жазатын. Онда сағынып жүргенін айта келіп, тәртіпті бол, сабағыңды жақсы оқы деп пысықтауды ұмытпайтын. Шынында да Сталиннің ұл-қыздары әке есімін қадірлеп қана қоймай, ұят келтірмеуге тырысатын. Оған ұлы Яковтың фашистердің тұтқынына түскенде: «Менің фамилиям Сталин емес, Джугашвили» деп қайсарлық танытатыны айғақ. Яков алдау-арбаудың ешқайсысына көнбей, концлагерьде азапты өлімін қасқайып тұрып қарсы алған. Светлана да «патшаның қызымын» деп ешбір сөкеттік мінез көрсетпейтін.
– Академияның ректоры Д.Недоточаев еді, – деп еске алыпты кейіннен Палым, – аспирантурада одақтас республикалардан түгелге жуық тыңдаушылар оқитын. Қазақстаннан Т.Жангелдин екеуіміз ғана. Кейіннен «қазақ ұлтшылдығын» әшкерлеуге белсене қатысқан «шала қазақ» өкілінің бірі. Неге екені белгісіз, ол онымен бірге оқығанын айтып мақтанғанды жек көретін. Оның үстіне Светлана екеуі қатар отырғаны, кейін кандидаттық қорғағанда ғылыми жетекшілерінің бір адам болғандығы да тарихи шындық. «Сталиннің ерке қызы» жұрт қатарлы киінетін, сабаққа автобуспен келіп, асханадағы ас мәзірін талғамай бірге тамақтанатын, тіпті демалыс күндері саяхатқа да жұрт қатарлы шығып, табиғатты тамашалайтындығымен оның есінде қалыпты. Жолдастыққа адал, қайырымды екен. Сол жылдары Орталық партия комитеті хатшыларының бірі – А.Ждановтың баласына күйеуге шыққан, бірақ тұздәмі жараса қоймаған тәрізді. 1953 жылдың 5 наурызында Сталин қайтыс болғанда, Светланаға ауыр тиіпті. Ол әкесін үнемі мақтан тұтатын. Әкесін ақтық сапарға шығарып салуға неге екені белгісіз, академияның тыңдаушылары қатыстырылмасын депті.
Топ жедел жиын өткізіп, Палымға «Сен Светланаға хат жаз» деп қолқалаған. Хат жазылысымен орталарынан делегат сайлап, Кремльге жол тартады. Хат Светлананың қолына тиіп, соның арқасында академия тыңдаушылары Сталинді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысқан. Әкесінің о дүниелік болғанына қызы қатты қайғырған.
Сұлу, әппақ, көзі боталап тұратын Светлана Палымға: «Әне, көрдің бе, әкемнің көзі кетісімен бір-бірімен қасқырша жұлқысып жатыр» деп күйіне айтып салыпты. Академияда Палым үш жыл оқыды. Небір ғұламалардан дәріс алып, үлкен өмір мектебінен өткен Палым Светлана екеуі 1954 жылы тарих ғылымдарының кандидаттығын бірдей қорғады. Сондағы оның қуанғаны Палымның көз алдында қалды. Қысқасы «Сталиннің қызы» оның жүрегінде қарапайымдылығымен, досқа кіршіксіз адалдығымен, шыншылдығымен ұялап қалыпты.
Бірде ол Мәскеуде болғанда достарының бірінен Светлананың Үндістан еліне елшімен отау құрып кеткенін, бұған Орталық комитеттегілердің «Отанын сатқан опасыз» деп баға беріп отырғанын естіп ойда қалды.
Афоновпен айқас
Мәскеуден туған еліне Палым мол тәжірибемен оралды. СОКП Орталық Комитеті оны Павлодар облыстық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушілігіне жіберуді ұйғарды. «Тың және тыңайған жерлерді игеруге саяси басшылық жасайсың» деді. Сталин қайтыс болған соң билік тармақтарында өзгерістер жасалып жатқан. Онымен талай жыл серіктес болған Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов орнынан алынып, бұл қызметке П.Пономаренко сайланған.
Екінші хатшы А.Афонов Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберілді. Бірінші хатшы орыс ұлтының өкілі. Беті жалпақ, көзі тұздай, сүйкімсіз кісі. Білімі де саяз. Сол түріне қарамастан қазақ десе кірпіше жиырылып тұрады. Обком партияның екінші хатшысы Дайыров деген қазақ, момын кісі, кейін Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Қазақ дегені болмаса, ұлт дегенде аса тартысты мінез көрсете алмайды. Әрі ғылыми атағы бар және де өмірдің сан өткелдерінен өткен Палым мен Афоновтың жұлдызы ә дегеннен жараса қоймады. Облыстағы бірен-саран қазақ кадрларын қудалауын бастаған обкомның бірінші хатшысына: «Сіз, ұлтаралық мәселені шовинизммен шатастырып алғансыз», – деп тіке айтқаны содан.
Оны жеке екеуара әңгіме үстінде емес, пленумның үстінде айтқанының өзі – ерлік. Әрине, бетке айтқанды Афонов ұната қоюшы ма еді. Қыр соңына түсіп, жеткен жеріне дейін жамандайтын. Палым облыста іс қағазарды мемлекеттік тілде жүргізуге, қазақ мектептері мен балабақшаларын сақтап қалуға жанталасып жүргенде, Афонов оны «ұлтшыл» атандырып, Мәскеуге дейін жамандап тастаған. Арпалысты күндердің бірінде облысқа арызды тексеруге Қазақстан үкіметінің басшысы Жұмабай Тәшенов келіп, обкомның бюросына қатысты. Жұмабай да ұлт үшін өзегін суырып беруге даяр қазақтың бірі екенін Палым салған жерден-ақ байқады.
Баяғы академияда бірге оқыған Тоқтар Жангелдин қазақтың домбырасын феодализм сарқыншағы деп таратыпты деген соң, оны тіпті жек көріп кеткен. Сондай адамның Қазақстанның идеологиясына басшылық жасайтынына іші қазандай қайнайтын. Бюрода Афонов Палымды тілі жеткенше жамандап, барын салып аяған жоқ. «Ұлтшыл, ұлтараздықты қоздырушы шовинист» деп дарылдады. Бір сөйлесе тоқтамай сөйлейтін қу жақтың өзі еді, оны Тәшенов зорға тоқтатты.
– Андрей Иванович, – деді ол қоңыр майда жел тәрізді даусымен, – Бюроның алқалы жиын екенін ұмытып кеттіңіз-ау деймін. Айып болмаса Палым Тілеповті де тыңдайық. Бюроның алдында Жұмабай Палыммен екеуі әңгімелесіп, көп жайға қаныққанды. «Қызбалыққа салынбай, бәрін рет-ретімен айтарсың» деген ақырында ақыл-кеңесін беріп, қанша дегенімен бұл ұлттың айдарынан жел есіп тұр емес пе?
Бостан босқа бажылдайтын жаман әйелдерше Палым да несіне шыжбалаңдасын. Облыстағы саяси жұмыстың жай-күйін рет-ретімен жасырмай баяндаған. Әсіресе Афоновтың мемлекеттік тілге өштігін ашып айтқан. Жиналыс біткеннің барлығы орыс тілінде өтетінін ашына жеткізді. Бірде-бір ауданның басшысы қазақ ұлтынан емес. Лениннің ұлт саясаты жөніндегі өсиеті аяқасты етілген деген. Оны айтасыз, бюро мәжілістеріне, пленумдарға, жуан тойып келіп қатысатынын қайтерсіз деді ызалана.
Тәшенов орта бойлы, дембелше келген, дөңгелек жүзді, толықшалау кісі, ақылдылығы көздерінен де, сөздерінен де сезіліп тұрады. Екеуара әңгімелерінен салпаңқұлақтары арқылы хабардар Афонов: – Қазақтар, сендер бізге (орыстарға дегені) не істей аласыңдар? – деді кабинетіне әдейі келіп тұрып. Палым үндеген жоқ. «Сендей ақымақпен сөз тәжікелестірер уақыт қайда?» дегендей түр танытты да қойды. Әрине, орыстың бәрі Афонов емес. Бюро мүшелері ішінде құдайына қарағандар да жетерлік. Екі-үш ауыз қазақ тілінде сөйлейтіндер де кездеседі. Оның үстіне бірінші хатшының мақтаншақтығы мен арақкештігінен ығыры шыққандары жеткілікті.
Афонов келгелі бері жоғары жаққа өтірік ақпарат беру өріс ала бастаған. «Мұныңыз дұрыс емес» дегендерге: «Басқа облыстардан қалмауымыз керек» деп үстелді жұдырығымен ұрады қасқаң. Бюрода Афонов та, Тілепов те бір-бірінің қас-қабақтарына қарамады. Біріншісі ұлтшыл, саяси-үгіт жұмыстарын бетімен жіберген деп кінәласа, бағыныштысы оның өзін тап солай деп айыптай келе, кыза-қыза: «маскүнемсің» деді.
Бүкіл бюро мүшелерінің алдында масқарасы шыққан Афонов: – Иә, ішетінімді жасырмаймын. Тіпті «Кремльдегілер де ішеді» деп Хрущевті меңзеді. Ұялатын, айылын жиятын Афоновты, Тілеповті көрмеген Тәшенов екеуін бірлікке, татулыққа шақырып кетті де, бұл мәселені Орталық комитеттің бюросында қараймыз деп аттанды. Қанша дегенмен орыс орман ғой. Олар да қанына тартады.
Көбісі Тәшеновтан сескеніп, лапылдаған сыңайлы. Үкімет басшысы кетісімен Афоновтың қолшоқпарлары бас көтере бастаған. Оның үстіне тың және тыңайған жерлерге қоныс аударып жатқан (шынын айтқанда жер аударылғандар) мемлекетіңді неғылсын, КСРО олар үшін бір ғана мемлекетке айналған. Ақыры көп ұзамай Палым Алматыға Орталық комитетке шақырылды. Республика партия ұйымын Л.Брежнев басқарған тұс, ол Тілеповті екінші хатшыға қабылдатты.
– Афонов саяси басшы болатын адам емес, – деді Тілепов тікірейіп, – қой бақтырса жөн болар еді. Палым бұл сөзді әдейілеп айтты. Өйткені бірінші хатшысы оны бюрода: «мал бағудан басқа қолдарыңнан түк келмейді» деген қорлағандай ғып.
– Сен өз өміріңе, саяси карьераңа балта шауып отырсың, – деді екінші хатшы Палымға, – Өзің білесің, Мәскеу де ... Иегімен жоғары жақты меңзегендей, «солар басқарып отыр» дегендегісі.
– Сондықтан, – деді Палым, – Мен партиялық жұмысты тастап, оқытушылыққа ауысқанды жөн көрдім. Екінші хатшы да Тілеповтен осыны күтіп отырған сыңайлы.
– Қарсылығым жоқ, – деп сөзді қысқа қайырды. Алматыдан аттанарда Палым Тәшеновке соққанда: «Бұлармен соғысу қиын», – деді күрсініп. Палымның содан бастап партияға іші жылымайтын.
Қалай жылысын, күні кеше ғана Кремльде Сталин өлісімен көкжалдарша шайнасып жатқанда, обком партияның бөлім бастығы оларға кім тәйірі...
Өрен оқытушы, жаны таза қайраткер
Палым Шымкентті таңдады. Әйелі Мария Асанбекқызы осы өңірдің қызы еді. Екеуінің тұздәмі Қызылордада жарасты, жан-жары сондағы пединститутты тауысқан. Институттың алдында Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педучилищені тәмамдаған. Жарасты жұбайлар Әлім, Сәлім, Ғәлім атты үйелмелі-сүйелмелі үш ұлды болып үлгерген.
Ә дегеннен жоғары қызмет қайда? Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институтының қоғамдық ғылымдар кафедрасына оқытушылыққа орналасты. «Партиядан тегін ауысқан жоқ» деді ме, институттағылар оған асау аттай үрке қарап жүрді. Тіпті «арызқой шығар» деп күдіктенгендер де кездесті. Адамды жүре келе, біле келе таниды емес пе?
Жыл ішінде-ақ білімділігімен танылған Палым алты ай өтпей жатып аға оқытушылыққа, жыл өтпей доценттілікке қол жеткізіп, көптің көңілінен шықты. Келесі жылы-ақ Шымкент педагогикалық институты директорының орынбасары (проректоры) қызметіне жоғарылатылды, әрі кафедралар мен деканаттарды басқарды. Әкесі Тілеп Қабылбайұлын да Түгіскеннен көшіріп әкелді. Сол жылдары Новосібірдегі байланыс институтын бітірген туған жиені Жақсылықбай Тәжібаев облысқа байланыс басқармасы бастығының орынбасары қызметіне ауысты.
– Менің шешем Тілептің туған қарындасы, есімі Қыстай, – дейді көзі тірісінде жиені, облыстың Құрметті азаматы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген байланыс қызметкері Жақсылықбай Тәжібайұлы, – Палекең таза, әділ, мінезі тік, кісіге қиянаты жоқ кісі-тін. Нағашысы Палым Тілеповтің атына Тараз қаласында көше бергізуге ұйытқы болып жүргенде, мораторий жарияланды. Қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген ұлтжанды нағашысын ел есінде қалдыру жолында талай табалдырықты тоздырған Жақаң жарықтыққа сол кездегі тиісті мекеме басшылары да риясыз риза болып, әрбір азаматтың артында шырағын сөндірмейтін осындай жандар бола берсе деген ниет-тілегін жеткізген екен.
Институттың ректоры Ермекбаев еді де, бұл кісі соның орынбасары болды. Облыс басшыларымен қатты араласты, сыйласты. Әсіресе, Аралбаев, Асқаров, Сәдуақасовтармен тонның ішкі бауындай болды. Хрущевтің тұсында үш облыстан өлке деген құрылған жоқ па? Сол тұста өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Палекеңе оқу бөлімін басқаруға өтініш жасағанда: «өлке деген ұзақ өмір сүрмеуші еді, ертең-ақ Хрущевпен бірге тарап кетсе, далада қалармын деп келісімімді бермедім» дегенін өз құлағыммен естідім. Екі тілге бірдей жүйрік Палым кандидаттықтан кейін докторлығын қорғауға құлшынбады.
Сірә да партияның ұлт саясатының жалғандығына көзі жетті ме, әйтеуір бұл тақырыпқа қайтып оралуды жөн көрмеді. Бірақ оның есесіне қазақ жастарының ұлттық рухын көтеруге барын салатын. Қазақ деген елдің мемлекеті болғандығын көп жас Палымнан білетін.
– 1960 жылы Шымкентке педагогикалық институтқа оқуға түсуге ниеттеніп, Қызылжар, Қызыларықтан көп жас аттандық, – деп еске алады Байұзақ Көлбайұлы, – Әкем: «Шырағым, пұшық өз аузымен айтпай сөзге жарымайды» деген. Неде болса, тәуекел ет. Әділетсіздік көрсең араға ешкімді салмай, өзің кіріп арыз-мұңыңды айтарсың» деген батуалы сөзін құлағыма құйып, батасын берді. Өмірзақ, Бақыт бозбала үмітпен аттанып, емтиханға қатысып кеп бердік.
Алғашқы екі сабақтан бестік алып, математикадан үштік алдым, Өмірзақ екілікке ие болды. Ойпырмай, жүректілігім бе, жоқ әлде әкенің айтқан сөзі қайраттандырды ма, емтихан алушының қолынан баға қойылған қағазды жұлып алып, шығып кеттім, ештеңеден қаймығатын кез бе? Өмірзақты ертіп «обкомпартия қайдасың» деп келеміз. Құдай сәтін саламын десе қолында ғой, ел облыс басшысының қабылдауына кезек күтіп, айлап зорға жетеді емес пе, обкомның бірінші хатшысы Морозов Алматыға іс-сапармен кеткен екен, хатшы қыз бізді қарама-қарсы есікке жетелеп, екінші хатшы Бименде Садуақасовқа кіргізіп жіберсін. Үлкен ұлықты бірінші мәрте көруіміз ғой. Лауазымы зор дегенімен хатшымыздың басы дәу, денесі кішкенелеу, жылдам, шақылдап сөйлейтін кісі екен. Орындыққа отырар-отырмастан ызаға бұлығып барған бетіміз, асығып-үсігіп айтып жатырмыз.
– Қойшының баласы оқымауы керек пе? – деймін қалшылдап, – Беске жауап бергенімді қайтейін, маған үш, мына Өмірзаққа екі қойды. Сол сол-ақ екен, хатшым телефонға жармасты. Ректорды іздеп еді, жоқ болып шықты. Проректормен сөйлесті.
– Әй, слушай! – деді Бименде шақылдап, – не деген тәртіпсіздік, не деген былық! Мен ештеңені білмеймін, жолдас Тілепов (Тілеповті сонда білдік), екеуінен қайтадан емтихан аласыңдар. Қойшының баласы оқымауы керек пе? Оқуға қабылдайсыңдар! Бітті! Хатшы телефонды тұтқасына тарс етіп іліп қойды да, екеуімізге: – Ана Ермекбаев жоқ, проректоры Палым Тілепов деген ағаларыңа айттым. Барыңдар, – деді.
Рақметімізді айтып, енді институт жаққа құстай ұшып келеміз. Бағанағыдай емес, ашуымыз тарқап қалған. «Қап, ұят болды-ау» дейміз. Бірақ, әділетсіздік қанымызды қайнатып барады. Оның үстіне обком партияның екінші хатшысы «оқуға түсесіңдер» деп қанаттандырып жіберді. Алып-ұшып проректордың кеңсесіне кірсек, шашы бұйраланған, екі көзі өңменімізден өтердей от шашқан, толық денелі кісі арқырай қарсы алды.
– Өй, обкоммен қорқытпақсыңдар ма? – деді түтігіп, ашуланғанда қара торы бетіндегі түктері тұрып кететіндей, – Өзіме неге келмейсіңдер, ә?! Талай сөз айтуға оқталып барған біздер, кібіртіктеген аттай күмілжіп қалдық. Енді ұрса берсе, тура қашайық деп тұрмыз. Біздің түрімізге қарап, аяп кетті ме: – Қай ауылдансыңдар? – деді саумал желдей сабасына түсіп.
– Жамбылдан, Таластанбыз, – дедік қозыша жамыраса.
– Тіпті жақсы, – деді проректор, – барып емтихандарды қайта тапсырыңдар, айтып қойдым «Қашайын деп тұрған киік еді, құйрығына оқ тиіп еді» демекші, бұл жақтан «рақмет» деп шығып кеттік.
Емтихан алушы бәрібір маған «бесін» қоймады, «төрттік», Өмірзаққа «үштік» қойды. Төртінші емтихан тарихтан. Оны тапсыруға барсақ, проректорымыз Тілепов отыр төбедей болып, «Апырай, ерегісіп құлатып жібере ме? Қанша дегенмен «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген күдік те жоқ емес. Тәуекел деп кірдік.
Обалына не керек, Тілепов кекшіл, майда тірліктің адамы емес, кең, білімді бағалайтын адал екендігін көрсетіп, менің жауабыма қанағаттанған соң, «бестік» қойып тұрып: – Оқуға түстім деп есептей бер, – деді мейірлене қарап. Жақсы ағаның арқасында мен де, Өмірзақ та оқуға түсіп кеттік сол жылы. Аз күннен соң сол кісі лекция оқуға келді. Ал дауысы қандай жұмсақ. Керемет қолмен қойғандай етіп түсіндіреді. Шешен сөйлейді. Алты-жеті ай өткен соң бокс секциясына қатыстық. Палым ағамыз да боксқа қатысты.
Мәскеуде жүргенде айналысқан болуы керек. Ақырында ағайымызбен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Байқағаным, адамгершілігі өте зор, қазақшылығы мол кісі-тін. Тік сөйлейтін. Көп нәрсе үйрендік. Туған ағамыздай болды. Сол кісінің арқасында Таластың талай қызжігіті жоғары білім алғанын ерекшелеп айтқанымыз дұрыс. Әңгіме арқауына айналған Палым Тілепов 1988 жылы зейнеткерлікке бір-ақ шықты.
Республикалық дәрежеде. Сексенге келгенінше дәріс оқыды. Ұстаздық еңбегі, қызметі босқа кетпеді. «Халықтар достығы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Білім беру ісінің үздігі атанды. 2004 жылы дүниеден озған Палым Тілепұлын білетіндер оны ерекше тұлға ретінде бағалайды. Турашылдығынан биік мансаптарға жете алмай кеткен азамат саналатын. Кеңестік империяда ұлтын жақсы көргендердің маңдайынан сипаушы ма еді?! Бірақ ол сонда да өмірден иілмей өтті.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
«Құқығыңды біл, міндетіңді орында!»
- 18 тамыз, 2025
Ақпарат
Қоғамдық көлік: саны да сапасы да артып келеді
- 17 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді