«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Той жасауға несие беруге тыйым салу керек пе?

Той жасауға несие беруге тыйым салу керек пе?
Ашық дереккөз
Қазақстанда тойға несие беруге тыйым салу мәселесі көтеріле бастады. Бұл бастама ел арасында қаншалықты қолдау тапты? Әзір нақты айта алмаспыз. Ал банктің өз позициясы бар. Журналистер көтерген мәселе біздің қоғам үшін қаншалықты маңызды?

Ел ішінде болып жатқан оқиғаларға сергек қарайтын, әлеуметтік желілерде ойын бүкпей айтайын, университетте дәріс оқыған, салтдәстүр мен тұрмыс-тіршіліктен мол хабары бар, заманауи ойлайтын тарихшы Айшуақ Дәрменұлын сөзге тарттық. Айтары бар екен. Той – қай халықта да бар. Бетімізді ашып алайық, дәстүрге сіңген той-салтанатты қазақтан айырып алайын деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, проблема бар.

Проблема – қып-қызыл шығында. Қаржылық сауат тұрғысынан алып қарасақ, сіз де, біз де той үшін шашылуға дайынбыз. Ал, осы дұрыс па? Бала үйленемін, қыз тұрмыс құрамын десе, ішкен асымызды жерге қоятын елміз. Бәрімізді «баламның бір тойын жасап бере алмасам, жұрт не дейді» деген намыс қайрайды. Сол «намыстың» күшімен эмоцияға ерік беріп, банктен қалай шыққанымызды білмей қалып жатамыз. Ол кезде банктің несие үстіне қосып беретін пайызы маңызды емес. Маңыздысы – банк берген ақшаның қолға тигені. Кімнен жасырамыз, көпшілік үшін қарызды еңсеру, қалай қайтарам деп ойлану – тойдан кейінгі шаруа.

Тарихшы Айшуақ Дәрменұлы той үшін қарызға белшеден батып, өзіңе салмақ салу, жастарға да, отбасыға да обал дейді. – Осыдан 10-15 жыл бұрын әрбір аялдамада миллион теңгені 5 минутта таратып бере қоятын қызметтер болған. 28 пайыздық жылдық өсіммен. Мысалы сіз 1 миллион теңге аласыз, оны 3-3,5 миллион қылып қайтарасыз. Өте сұмдық нәрсе. Сондықтан қаржылық сауат мәселесі тұрғысынан қарасаңыз, бұл өте тиімсіз дүние.

Бақытжан Момышұлы айтқан бір сөз бар еді, «тұрмыс есіктен қарағанда, махаббат терезеден секіріп кетті ме, қалқам?» дейтін. Сондай бір тұрмыстың қыспағына ұшырап, ажырасып кеткен отбасыға айтқан әңгімесі ғой. Сондықтан бұл күлкі қылатын нәрсе емес. Асықпай ойланатын дүние. Сөйтіп журналистер көтерген бастама билік үйлерінің дәлізінде айтыла бастады. Бізде халыққа несие ұсынатын кім? Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары. Олардың үстінен қадағалайтын реттеуші орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл тұрғыда не ойлайды?

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Сенат кулуарында журналистердің сұрағына былай деп жауап берді: «Біз несиенің қандай да бір түрін беруге тыйым сала алмаймыз. Заң бойынша несиелеудің нақты түрлерін шектеуге құқығымыз жоқ. Бұл банктің ішкі саясаты және оған араласуға біздің құқығымыз жоқ».

Демек, қаржы ұйымдары, банктер тойға несие беруге тыйым салуға әзір дайын емес. Ал тілшілер қауымы көтерген мәселе сарапшымыздың ойынан шыққан тәрізді.

– Журналистер де бірдеңені біліп айтады. Елдің жағдайын күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүр. Тойға шығын шығаруға шектеу қою немесе тыйым салу мәселесі – бұл проблеманың бергі жағы. Ал енді оны тереңірек ойлап қарасаңыз, мүмкін кейбір адамдар күздегі егіннің түсімінен үміт етіп отырған болар немесе бір жақтан кіретін табыс көзіне сеніп, несие алатын шығар. Бірақ жоспарсыз несие алып той жасау, оңды-солды шашу – бұл дарақылық және жалған намыс. Енді әркімнің өз басы бар ғой. Қазір біреуге ақыл айтсаң, ауырып қалатын заман. Кейбір жағдайларды көріп жүрміз, ұлан-асыр той жасайды, бір ай, екі айға жетпей, жастардың арасына жік түсіп жатады. Ол өте ауыр көрініс. Артында миллиондаған қарызы қалады, ортаға түскен шаңырақ қалады... Шындап келгенде, банктен қарыз алушы несие рәсімдеу кезінде ол ақшаны қайда жарататынын айтпауға қақы бар. Айтса да ол жеке тұлға мен банктің құпиясы саналады. Сондықтан болар, тілшілер қауымының бастамасы әзірге жоғары жақтан қолдау таппай тұр. Жалпы, «банк», «несие» деген ұғымдардан зұлымдық іздеудің қажеті жоқ. Бұл тек Қазақстанда ғана ойлап табылған «тұзақ» емес, өркениетті елдерде де бар дүние. Тек несиенің бағасын білу маңызды. Әңгіме оның пайызына келіп тіреледі. Әр елде ол әртүрлі. Рас, бізде оның мөлшері көп. Несиені тек сауатты пайдалана білу керек, мәселе сонда. Сарапшымыздың көрпемізге қарай көсілейік деп отырғаны да сол. Байлар шаша берсін! Бірақ байға ерем деп байғұстың таңы айырылып жатса, бұл да жақсы емес. Егер балалар үйленгеннен кейін отауы әзір болса, жасайтын қызметі дұрыс болса, ертең, бұйырса өмірге келетін сәбилердің несібесі түгел болса, онда тойын жасай берсін. Оңдысолды шашсын. Әркімнің өз еркі. Ешкім қолын қақпайды. Бірақ, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырып, «қайыршыға жел де қарсы» деп өмірдің кез келген қысымына, тағдырдың кез келген шабуылына төтеп бере алмай, қалт-құлт етіп отырған адамдар байларға еріп, оңды-солды шашылып, өмір бойы қарыздың қамытын киіп жүрсе, ол қаншалықты дұрыс болар еді? Әңгіме осы туралы ғой? – дейді Айшуақ Дәрменұлы. Сөзінің жаны бар.

Айтпақшы, Айшуақ Дәрменұлының өзі де асаба ретінде талай тойдың шымылдығын ашып, елдің бел ортасында болған азамат.

– Ең үлкен өткізген тойларымның бірі – 650 адам қатысқан той болды. Қаладағы ең үлкен мейрамхана кәдімгідей лық толды. Сонда әкесінің әріптестері дегенде 70 адам шықты. Сол әкесінің әріптестері үйленіп жатқан баланы танымайды, тек әкесін біледі. Келіп жатқан құдаларды танымайды. Ол жастардың аты-жөнін тіптен білмейді. Арада бір ай өткенде емес, тіпті ертеңіне сол балалардың атын ұмытып қалады. Мысалы қараңыз, әкесі жұмыста беделді шығар, жақсы қызметкер шығар, бірақ өзінің отбасына қатысы жоқ сол әріптестерін түгел шақыру міндет пе? Сол жағын ойланайықшы, – дейді ол.

Тойдың шығыны адам санына да байланысты екені рас. Оны қазіргі жастар түсініп келе жатыр дейді. Қазіргі қазақтың жап-жас қыздары мен жігіттерінің көзқарасына, өмірге деген ұстанымына таң қалатын кездер өте көп. Шетелде оқысын, Қазақстанда оқысын, алыс-жақынды көріп жүрген жастар бар. «Әке, ана, мынадай үлкен тойдың қажеті жоқ. Біз оның орнына әлемді айналып қыдырып қайтайық. Одан да ақшамызды ертеңгі бизнесімізге салайық. Өзіміздің ең жақын достарымыздың арасында ғана атап өтейік» деп, әке-шешесінің 500 адам шақырам дегеніне қарсы болып, өздері кішкентай ғана той жасап жүрген отбасыларды білемін.

Миллиондап шығын шығаратын нәрсенің бәрін қысқартып тастайды. Әп-әдемі, құрқылтайдың ұясындай шап-шағын мейрамхананы немесе қала сыртындағы дәмхананы таңдайды. Сосын 30-40 адамның басын қосып, есте қаларлық кеш жасайды. Адамдар бұған да тез үйренеді. Жақсы әдет те жұқпалы. Сондықтан бұны да жарнамалай беру керек. «Қашан өмір сүріп үйренеміз, той тойлап, шашылып, тойға алған несиемен алысып жүре береміз бе?» деген сауалға, Дәрменұлының дайын жауабы да бар болып шықты.

«Мысалы, еврей халқында мынадай қағида бар: кез келген қарапайым еврей зейнетке шыққанда оның жоқ дегенде бір дәріханасы, шаштаразы, дүкені болуы керек және оның үшеуінде де ол жұмыс істемейді, үшеуін де жалға беріп қояды. Тірі адам бар жерде шашын алдырады, адам бар жерде ауру-сырқау болады, адам бар жерде күнделікті ішіп-жемін, тағамын, азық-түлігін алады. Көрдіңіз бе, олардың бәрі – адам бар жерде тоқтамайтын бизнес.

Күнделікті қажет, күнделікті керек нәрселер. Үйренеріміз бар. Ал қаланың жағдайында бір жалақыға қарап отыру тіптен қиын. Көрпеңе қарай көсіл дегенді көп адам түсінбейді. Қаржылық сауат мәселесі де талай айтылып жүр ғой. Сондықтан тойды несиеге жасап, оңды-солды шашуды қойған дұрыс болар-ау».

Бұл тақырып бойынша шешім қабылдауды әр азаматтың өзіне қалдырдық. Тойдан шаршасақ та, шашылмайық!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар