Өңірлер арасында жобалық басқару жағынан алдыңғы қатардамыз
- author «Ақ жол»
- 12 шілде, 2025
- 287

Соңғы жылдары жобалық менеджменттің тәсілдері, принциптері мен құралдары мемлекеттік басқару саласында да өзекті болып отыр. Шетел сарапшыларының бағалауы бойынша, бүгінгі күні әлемде 24 миллионнан астам маман әр түрлі саладағы жаңашылдықтарды жобалық-бағдарлау қызметі арқылы жүзеге асырады. Әлем елдерінде жобаларды басқаруға жыл сайын шамамен 10 триллион АҚШ доллары жұмсалады.
Тәжірибе көрсеткендей, ірі жобаларда стандарттық жобалық технологияларды қолдану 15-20 пайыз экономикалық тиімділікке алып келеді. АҚШ жобалық менеджмент институтының болжамы бойынша, 2030 жылдарға қарай бағдарламалар мен жобаларға әлем бюджетінің шамамен 30 пайызы бағытталатын болады. Еліміз де бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Үкіметінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде және 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің тапсырмалары аясында мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану жұмыстары бастау алған болатын.
Бүгінде бұл міндетті өңірлерде Жобалық басқару және цифрландыру орталықтары жүзеге асырады. Облыстың Жобалық басқару және цифрландыру орталығы екі бағытта жұмыс атқарады. Оның біріншісі – мемлекеттік секторға жобалық басқаруды енгізу және дамыту болса, екіншісі – цифрлық саясатты іске асыру. Аталған орталық бүгінде мемлекеттік секторға жобалық басқару қағидаларын енгізе отырып, мемлекеттік органдар арасында коммуникацияларды нығайту жұмыстарын іске асыруда.
Мәселен жергілікті атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес аталған орталық «Адами капитал», «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп», «Инфрақұрылым», «Агроөнеркәсіптік кешен», «Үлгілік базалық» сияқты бе с базалық бағыт бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асырудың бірыңғай жобалық архитектурасы аясында жұмыс жасайды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің тапсырмалары шеңберінде мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану жұмыстары тапсырылған болатын. Аталған қағидаларға сәйкес орталық бірыңғай ақпараттық жүйеде жұмыс атқарып, мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін, сапасын, ашықтығын арттыру мақсатында жүктелген міндеттерді орындап келеді. Бүгінгі таңда жобалық кеңсе бірқатар бағыттар бойынша белсенді жұмыс жасауда. Олардың қатарында Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» жол картасы, экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің іс-шаралар жо спары аясындағы жобалар, «Қолжетімді интернет», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары, Easy project ақпараттық жүйесінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағыты бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Гүлпара Ташенова.
Қазіргі кезеңде аталған орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі базалық бағыттарында 316 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Адами капитал» бағыты бойынша – 76 жоба, инфрақұрылымды дамытуда – 25, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағытында – 1, агроөнеркәсіптік кешенде – 194, бесінші үлгілік базалық бағытта 20 жоба бар.
Орталық басшысының айтуынша, ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істеуі салаға жауапты министрлікпен қадағаланады, тиісінше Президент әкімшілігі жүйе арқылы өңірлерде іске асып жатқан жобаларды бақылай алады. Айта кету керек, жобалық офис бұл бағытта өңірлер арасында жобалық тәсілдерді енгізу бойынша алдыңғы қатарда келеді.
Бұған мысал ретінде орталықтың былтыр Астана қаласында өткен «Qazaqstan Project Management Awards – 2023» республикалық ұлттық конкурста «Үздік жобалық кеңсе» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленгенін айтуымызға болады.
– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамындағы Жобалық басқару саясаты департаменті Ұлттық жобалық офис саналады. Ұлттық жобалық офис апта сайын мемлекеттік органдардың рейтингін өткізіп отырады. Жобалық басқарудың негізгі артықшылықтарының бірі бизнес-үдерістерді оңтайландыру және құрылымдау, ресурстарды үнемдеу, топтық жұмыс арқылы ашықтықты қамтамасыз ету, нақты жоспарлау арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу, түпкілікті нәтижеге жетуде жауапкершілікті дербес түрде бекіту және тиімді ведомствоаралық қарымқатынас орнату саналады. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың әр түрлі жобалық басқару әдістерін енгізуге жоғары мүдделі екендігі байқалғандығын атап өткен жөн. Айта кететін жағдай, елімізде мемлекеттік қызметшілердің жобалық басқарудағы дағдылары әлі де шыңдалуды қажет етеді. Сәйкесінше, мемлекеттік органдар жағынан әдістемелік көмек мен оқытуға үлкен сұраныс бар, – деді Гүлпара Алашбайқызы.
Елімізде қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді жобаларды басқару негіздеріне оқытуды әртүрлі оқу орталықтары мен шетелдік сарапшылар іске асырады. Сондайақ, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, жобалық тәсілді іске асырудың ең тиімді әдістерінің бірі – бейімделген ұлттық стандарттарды әзірлеу екендігін көрсетіп отыр.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді