
Бүгінгі бала – болашақтағы елдің тірегі. Бүгін біз қалай жас ұрпақты қалыптастырсақ, ертең сол ұрпақ еліміздің бет-бейнесін қалыптастырады. Болашағында еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болуы үшін, олардың санасына сапалы ой мен көзқарас қалыптастыруға әр жанұя үлесін қосуы тиіс. Себебі талай асулардан өтіп, биік белестерді бағындырған әрбір тұлға өз елінің айнасы іспетті.
Қазіргі күнде бала тәрбиесі бұрынғыдан күрделірек. Қоғам өзгерді, ақпарат көбеюде, балалардың санасы да тез жетіліп, өзгеше қалыптасуда. Әлеуметтік желі, түрлі көзқарастар, ақпарат ағыны бала санасына ерте ықпалын тигізеді. Ақпарат ғасырында дүниеге келген бүлдіршіндер технологиямен етене жақын, жан жақты, ізденімпаз.
Алайда осындай өзгермелі заманда олардың ішкі әлемі мен рухани тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеу қаупі де бар. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз баланың тек білімін ғана емес, рухани қасиетін де қатар тәрбиелеуі қажет. Өйткені ел тірегі болу үшін ілім де, тәрбие де қатар жүруі тиіс.
Тәрбие дегеніміз – үнемі ақыл айту емес. Бұл баланың жан дүниесіне жол тауып, тек сөзбен емес, іспен үлгі көрсету. Баланың тұла бойына ізгілік дәнін егу үшін құрғақ кеңестен бұрын, шынайы, сабырлы қарым қатынас пен мейірім керек. Кейде үнсіз жасалған әрекет-жүз сөзден артық әсер етеді. Себебі бала тыңдағаннан бұрын көргенін қайталайды. Сондықтан жақсы тәрбие – ұлағатты өмірдің өзінен өріледі.
Тәрбие бір күнмен, бір сөзбен шектелмейді. Ол – үздіксіз жүретін өмірлік үдеріс. Әр күн сайын бала бір ой түйіп, көргенін бойына сіңіріп отырады. Ата-ана өз өмірі арқылы баласына үлгі бола білуі қажет. Өйткені баланың өміріндегі ең үлкен ұстазы ата-ананың өмірі.
Еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Бүгінгі жас буын қандай тәрбие алып, түзу бағытпен өссе, болашақ соған сай қалыптасады. Сол себепті жастарды қолдау, оларға дұрыс жол сілтеу – әрбір елдің стратегиялық міндеті.
Ендеше жастардың талабын қолдап, рухын оятып, болашағына сеніммен қарау – баршаның парызы.Балаға берілген бір тамшы мейірім – болашаққа құйылған дариядай.Тек сол мейірімнің арнасы ешқашан суалмасын!
Айдина ХАБИБУЛЛА,
№3 мектеп-лицейінің оқушысы.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Өрт сөндірушілер жарылыстың алдын алды
- 19 шілде, 2025
Саңырауқұлақтан түсетін табыс мол
- 19 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді