«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оның мүмкіндігі зор

Оның мүмкіндігі зор
Автор
Өмірде баланың шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ шығар, сірә. Сәбилердің шынайы шаттығының куәсі болу үшін ұдайы сыйлық сыйлап, қуантып тұрғың келеді. Ал ол ойыншық дүкен сөресінен емес, қолдан жасалған болса тіпті керемет емес пе?! Осы орайда талай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап жүрген тараздық жас кәсіпкер Дилафруз Махмадулоева туралы айтқымыз келеді. Ол кәсіптің көзін тапқан алғыр қыз. Кейіпкерімді іздеп барып, қызылды жасылды ойыншықтар әлеміне тап болдым. Бала кезімізде ойнаған қуыршақтар мен машиналардан өзгешелеу ойыншықтарды көрдік. Өзгешелігі сол – қолдан тоқылған.

Дилафруз кішкене күнінен бері қолынан жібі мен инесін тастамай, қолы қалт етсе ойыншықтар тоқумен айналысатын шебер. Алақанының жылуы сіңген дүниелеріне кішкентай бүлдіршіндермен қатар ересектер де қызығады. Қолөнершінің осы іспен айналысып жүргеніне біраз жылдың жүзі болған. Тоқуды оқушы кезінде анасынан үйреніп, бастапқыда шұлықтар тоқуды ермек қылыпты. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезден бастап әжесі мен анасы тоқуға үйреткен. Содан бері өнердің бұл түрінен қол үзген емес. Жеті жасынан қолөнерді серік еткен Дилафруз егер басқа шаруаларым болмаса бір тәулікте бір ойыншықты тоқып бітіре аламын дейді.

«Алдымен ойыншықтың пішінін келтіріп тоқып аламын да, ішіне синтепон саламын. Кейін көзін, мұрнын, құлағын жасаймын. Айтпақшы, бүгін түнде мына мысықты тоқып шықтым. Бір айда 20 ойыншыққа дейін тоқи аламын, бәрі бос уақытымның болуына байланысты. Ойыншықтарды тігу үшін балаларға арналған гипоаллергенді жіпті пайдаланамын», – деп жұмысының қыр-сырымен бөлісті кейіпкеріміз.

Амигуруми – жапон стиліндегі тоқыма өнері. Жапондықтар осы тәсілмен тоқылған ойыншықтарды жақындарына сыйға тартады екен. Дилафруз да ойыншықтарын тек сатып қоймай, сонымен қатар көпшілігін сыйға тартқанын айтады.

Ол қайырымдылықпен көп айналысады. Қарттар үйіне барып тоқылған шұлық, жылы киімдер сыйға тартады. Балалар үйіне ай сайын барып, шала туылған нәрестелерге тоқыма киімдер апарып, жаңа босанған аналарды өз ойыншықтарымен қуантып тұрады. Ол балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері мен жануарларын тоқи отырып, балалық шаққа қайта оралғандай болатынын айтады. Өмірде өз ісін тапқанына дән риза.

«Барлық нәзік жандыларға өзіңе ұнайтын, жаныңа ләззат сыйлайтын іспен, шығармашылықпен шұғылдан деген кеңес берер едім. Мысалы, мен ойыншық тоқи отырып, күнделікті күйбең тірліктен демаламын, жаным жай табады» дейді.

Дилафруз 2018 жылы «Ажур»шығармашылық орталығын ашты. Ол 2018 жылы Zhas project жобасы арқылы қайтарымсыз 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. «Ажур» шығармашылық студиясында оқушыларға және ерсектерге тоқыма бұйымдарын жасап үйретеді.

– Ойыншықтарымыз ешқандай зиянды қоспасыз, тек таза жіптерден тоқылған. Қазір балалар қолына түскеннің бәрін аузына салып көреді. Ал қолдан тоқылған ойыншықтың құрамынан және сапасынан еш алаңдамайсыз. Байқаусыз баланың аузына түсіп кететін немесе жарақаттайтын заттар болмайды. Егер өзіңіз қаласаңыз, балаңызға өз қолыңызбен тоқып беруге әбден болады. Ол үшін біздің студияға келіп тоқып үйренсеңіздер болады. Ал егер қолыңыздан келмейтін болса, онда еш уайымдамаңыз. Студиядағыларға тапсырыс берсеңіз, біз сіздерге өзіңіз қалаған ойыншықты тоқып береміз. Кез келген жіп ойыншықтарды тоқуға жарамайды, иірілген жіптің белгілі бір түрін таңдау керек. Ойыншық тоқу үшін иірілген жіптен басқа, арнайы инелер немесе ілмек, материалдар, көзге, мұрынға, ауызға арналған керек-жарақтар, сондай-ақ шаш, тіпті киім-кешек те керек. Ойыншық ішіне салатын қажетті заттардың да сапалысын қолданамын, – дейді ол.

34 жасар кәсіпкердің болашаққа қойған мақсаты да айқын. Оны мүмкіндігі шектеулі жан деп айтуға ауыз бармайды. Десе де ол бірінші топтың мүгедегі. Жұмысына, күнделікті күйбең тіршілікке мүгедектік арбасымен барып келеді. Өздігінен жүріп тұра алмайды. Екі жасынан бері осылай. Бұлшық ет жұлын тамырларына зақым келгендіктен, оны үнемі әкесі мен анасы көтеріп жүреді немесе арбаға отырғызады. Үнемі күлімсіреп жүретін ол шаруадан, тірліктен қашпайтынын айтады.

Адам баласының жанына жақын, сүйікті ісі болса, сол саланы кәсіпке айналдырған жөн деп есептейді. Жанына оң қолы Зухра Компликованы, Балжан Бейсебаеваны, Наргиза Ахметованы алып, команда жасақтап, грант ұтып алды. Қолынан өнері тамған осы қыздардың арқасында біз шығармашылық ұжым болып отырмыз дейді. Айтпақшы, бұл шеберлердің де мүгедектігі бар. Ол адам баласының қаласа қамал алатынына сенеді. Мүгедектігіне еш налымайтын, артық сөзге емес, атқарылар шаруаға мән беретін ол бастапқы алты айда жалғызбасты аналарды, зейнеткерлерді, жағдайы төмен отбасынан шыққан немесе көпбалалы жанұяның балаларын тоқуға тегін үйретті.

Бүгінде бұл ұжым үшін шағын ғана мәселе туындап тұр. Ол мәселе лайықты жалға берілетін ғимарат таппауында. Көп адамдар бізді аяп, жалға төлемейді деп ойлайды, біз уақытылы төлеп отырамыз, тек сол ғимаратта мүгедектерге арналған кіру тетігі, арбаға арналған жол болса деп айтып қалды. Көбіне бізге қолжетімділік бола бермейді. Не арба сыймайды, не мүгедектерге арналған жағдай болмайды дейді шебер. Бар болғаны, олар үшін қолжетімді орта құру қажет. Олардың кедергісіз кіріп-шығуына, жүріп тұруына жағдай жасалса екен деп үміттеніп отыр. Осындай халықтың қауқары аз топтарына қаламыздағы көптеген ғимараттарында жағдай жасалмаған екен. Әрбір мекеме, дүкен, әлеуметтік нысандар, ғимараттарда пандустар болуы шарт. Арбаға таңылған кәсіпкердің айтар мұңы осы.

Тағы бір айтары, бұл шығармашылық ұжым тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана қолөнерге баулымайды. Кәдімгі дені сау адамдар да мұнда келіп, тоқыма өнерінін игеріп жүр. Үйренушілердің алды шәлі, кардиган, бас киім, шәркей тоқып, бүгінде өз кәсіптерін ашқан. Дилафрузға омыртқа бұлшық ет артрафиясы диагнозы қойылған.

«Әрбір қыз секілді мен де сау адамға тұрмысқа шығамын, өмірге бала әкелемін деп армандадым және алдыма мақсат қойдым. Бүгінде арманым орындалды. 2020 жылы Мансұрхан есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Көпшілікті ол да мүгедек пе деген сұрақ қызықтырады. Жоқ, ол сау адам. Әрбір адам бақытты болуға лайықты. Мен үнемі аяқ- қолы бүтін, дені сау адамға тұрмысқа шығамын деп айтатынмын. Олай дейтінім, маған көп көмек қажет. Өздігімнен жүріп-тұра алмағандықтан, мені киіндіретін, жуындыратын, тамағымды беретін, жаныма жалау болатын, барынша түсінетін азаматты кездестірдім. Құдайға шүкір, ол мені алақанына салып, үнемі көтеріп жүреді. Еркелетеді, бар жағдайымды жасайды. Бір жылдан соң дүниеге дені сау бала әкелдім. Есімі – Мұхаммад. Ер азаматым балам екеуміздің бар мұқтаждығымызды жасап отыр. Әрине ата-анамның да көмегі өте зор» деді ол.

Он саусағынан өнер тамған Дилафруздың ісіне, «Ажур» шығармашылық орталығына табыс пен береке тілейміз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар