«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүгінгі заманның журналистері қандай болуы керек

Бүгінгі заманның журналистері қандай болуы керек
Автор
28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Amanat партиясы облыстық филиалы мәжіліс залында Қазақстан Журналистер одағы мен республикалық салалық кәсіподағы облыстық филиалдары және облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ашып, әріптестерін төл мерекесімен құттықтады.

«Қазір басылымдардың жағдайы мәз емес. Сондай күрделі мәселелер телеарналарда да бар. Оны саралап, байқап отырмыз. Дегенмен, қиындықтарға мойымай, мамандықтарына адалдық танытып келе жатқан журналистерге шын көңілден алғыс айтқым келеді. Баршаларыңызға рахмет», – деді ол.

Мұнан соң сөз алған республикалық салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің ауыр жұмыстарына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Белгілі жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы да алқалы жиында сөз алды.

«Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – журналистер арасындағы аға буын мен жас буынның байланысы. Біз жас кезімізде Баттал, Арғынбай, Әлдихан ағаларды идеал санаушы едік. Соларға жақын жүруге, жақсы сөздерін естіп қалуға ұмтылып, қызығып тұрушы едік. Қазір аға буын өзінше, жастар өзінше жүретін сияқты. Жастарда «Мен онсыз да мықтымын» деген ой басымырақ. Керісінше, аға буын, орта буын, жас буын тығыз байланыста болуы керек. Содан соң мейлі газет болсын, мейлі телеарна қызметкері болсын алыс аудан, ауылдарға баруы керек. Ерні кезеріп егін егіп жатқан диқаннан, шекесі күнге күйіп мал қайырып жүрген шопаннан сұхбат алуы қажет. Механизатор, дәнекерлеуші, еден тазалаушы, жұмысшы адамдардың іс-қимыл, еңбегіне назар аудару керек. Мемлекет басшысы да бізден осындай шынайы материалдарды талап етіп отыр», – деді.

Жиында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы, «Auliеata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбай, мемлекеттік қызмет пен қаламгерлікті қатар алып жүрген Майлыбай Смағұлов, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім басшысы Назым Қожамарова, облыстық «Jambyl TV»телеарнасының редакторы Шерхан Дәкен өз ойларын ортаға салды. Алпамыс Шәменұлы қазір жас журналистерге таңдау жоғары екенін, оларға көптеген заманауи мүмкіндіктер жасалғанын айтып өтті. Жиын барысында республикалық салалық кәсіподағы «Еңбек даңқы» медалімен журналистикаға ерен еңбегі сіңген майталмандар Көсемәлі Сәттібайұлын, Ғайни Әлімбекқызын және Эльмира Мырзағалиды марапаттады.

Бұдан бөлек бірқатар азаматтар «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Облыстық жастар орталығы тағайындаған сыйлыққа облыстық «Jambyl TV»  телеарнасының редакторы Шерхан Дәкен және облыстық «Аr-Aі» жастар газетінің тілшісі Ақтоты Жаңабай ие болды. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының сыйлықтары да бірқатар журналистерге бұйырып, 13 жас маманға «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі» деген куәлік берілді. Ал мерейлі 75 жасқа толған Майлыбай Смағұлов Қазақстан Журналистер одағы төрағасының Құрмет грамотасымен марапаталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар