«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің шекарашы – абсолюттік чемпион

Біздің шекарашы –  абсолюттік чемпион
Автор
Жуырда шекарашы кинологтардың халықаралық жарысы өтті. Аламанды өткізудегі мақсат, есірткі, жарылғыш заттарды табуға машықтандырылған иттердің иісшілдігін сарапқа салу. Сондай-ақ кинологтардың бір бірімен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасау.

Сонымен, сайыстың бірінші күні жарысқа қатысуға ниет білдірген елдерден келген командаларды таныстырудан бастау алды. Айта кету керек, аталған сайыс «BOMCA» – Орталық Азияда шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Жалпы, жарыстың алғашқы кезеңі осы жылдың сәуір айында Қырғыз елінде өткізілген. Ол кезде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің кинолог мамандары есірткі заттарын іздеудің қыры мен сырларын көрсетуге тиіс болатын. Ал біздің елімізде ұйымдастырылған сайыста командалар жарылғыш заттарды табумен бірге әділқазылар алқасының назарына өздеріне бекітілген қызмет иттерінің «тәртібін» паш еткен.

Ашылу салтанатынан кейін командалар «жүксалғыштар» мен ғимараттарға жасырылған нағыз жарылғыш заттарды іздеуге кірісті. Ал екінші күні автосынаққа кезек берілді. Бұл жерде қаз-қатар етіп қойылған көліктер де «осал» емес, шулы қаланың газы мен шаңына, жанар-жағармайдың иісіне әбден бөккен. Сондықтан иттерге темір тұлпарлардың ең қиын әрі көзден таса жерлеріне жасырылған жарылғыш заттарды табу оңай бола қоймады.

Есесіне, өздерінің арам ойларын іштеріне бүккен қылмыскерлер де дәл осыған үміт артады – жасыратын заттарын өткір иістердің астына жасырып қалуға тырысады. Арам ниетті қылмыскерлер не істемейді десеңізші?! Шекарадан алып өтуге қатаң тыйым салынған заттарды кейде кофе немесе аяқ киім кремдерінің арасына тығып жіберсе, бірде үстіне иіссу немесе басқа да иісі күшті заттарды сеуіп тастайды. Десе де, иісшілдігі керемет дамыған қызмет иттерін бұлай алдау мүмкін емес.

– Халықаралық жарыс ережелеріне сәйкес, нағыз жарылғыш заттар пайдаланылады. Тек, мөлшері аздау, бұл да командаларға берілген тапсырманы қиындата түседі. Бес елдің ең мықты деген кинологтары мен олардың қызметтік иттері бұл қиындықты да еңсереді деген ойдамын», – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасы бастығының орынбасары – штаб бастығы подполковник Қуаныш Түменбаев.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің запастағы подполковнигі Тамара Дәулетбаеваның айтуынша, «BOMCA» – Орталық Азияда шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қазақстандық құрам жауапты болғандықтан, оқу материалдарын дайындаудан бастап, барлығын қамтуға күш салған. Ол өз сөзінде шекара қызметінің атынан түскелі тұрған командаға да тек қана «сен тұр, мен атайын» дейтіндер іріктелген, осы себепті жеңіске қалай да жететінімізге сенімді болғанын атап өтті.

– Өзі де солай болғанын, үш күнге созылған жарыстың өзі де дәлелдеп берген. Ә дегеннен-ақ, біздің команда мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» қызметі суырылып алға шықты. Сосын Тәжік еліндегі әріптес шекарашылар мықтылық танытты. Тіпті, үшінші күнге белгіленген номинация кезінде де кейбір иттердің қожайыны берген бұйрыққа қалтқысыз бағынбай, төмен баға қойылғанының куәсіне айналдық. Есесіне, Шекара қызметінің атынан өнер көрсеткен команда мүшелерінің бірі – Ерқабыл Құсайынов пен оның төрт аяқты досы Сурфат қай жағынан да жаңылған жоқ. Сондықтан, біздің шекарашы халықаралық жарыстың абсолюттік чемпионы атанып, өзі қызмет ететін басқарманың атын аспанға бір-ақ шығарды, – дейді ол.

Атап өту керек, тартысты өткен жарыстың қорытындысында бірінші орынға – Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне қарасты қызметтік кинология басқармасы жайғасса, жүлделі екінші орынға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» қызметі табан тіреді. Ал үздік үштікті Тәжікстан елінен келген команда өз қанжығасына байлады. Ал әр номинация бойынша жеңімпаздарына ұйымдастырушылардың атынан сертификат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар