
Қауіпсіздік қағидасы қаперде болсын
Ауа райының ыстық болуына және осы ауа температурасының сақталуына байланысты елдің бірқатар аймақтарында өрт қаупі дәрежесі жоғары болуда.
Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлар қаупін болдырмау үшін жамбылдықтарды өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады. Өрт көздеріне өте мұқият болу керек, тіпті кішкене ұшқын да үлкен өртке әкелуі мүмкін.
Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендерде, ормандарда, егістік маңында от жағуға тыйым салынады. Сіріңке мен темекіні сөндірмей тастауға, шыны заттарды лақтыруға болмайды. Электр сымдары мен газ жабдықтарының жарамды болуын тексеріңіздер.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыз және олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстану мүлікті қорғап, өмірді сақтауға көмектеседі.
Өрт-тактикалық сабақтың септігі мол
Т.Рысқұлов ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Луговой ауылындағы Мәдениет үйінде өрт-тактикалық сабақ өткізді.
Іс-шараның мақсаты – өрт кезінде жедел әрекет ету және эвакуация дағдыларын жетілдіру. Мәдениет үйі қызметкерлеріне өрт шыққанда атқарылуы тиіс негізгі іс қимылдар, алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану тәртібі түсіндірілді. Осындай тактикалық сабақтар Меркі ауданының №9 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы білім беретін мектепте де өтті.
Сабақтар соңында өрт сөндірушілер орындалған әрекеттерге баға беріп, ескертулер мен ұсыныстар айтты. Мұндай жаттығулар төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың зардаптарын азайтуға септігін тигізеді.
Жемшөп сақтауда сақтық керек
Жаз мезгілінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының қызған шағында, Меркі ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жемшөпті дайындау мен сақтау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белсенді үгіт-насихат және алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Негізгі сақтық шараларына шөпті құрғақ әрі желдетілетін жерде сақтау, ашық от көздері мен электр сымдарынан алыс ұстау, техниканы шөп маңында жөндеуге тыйым салу, сондай ақ бастапқы өрт сөндіру құралдарының – су, құм, күрек, өрт сөндіргіштердің қолжетімді жерде болуы жатады.
Өрттің алдын алу тек ережелерді сақтаумен шектелмейді. Бұл жүйелі түрде жүргізілетін профилактикалық жұмысты талап етеді. Қызметкерлер түсіндіру кездесулерін ұйымдастырып, тексерулер жүргізіп, тұрғындарға салғырттық салдарынан туындайтын қауіптер туралы ақпарат береді. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау ірі материалдық шығындардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
Құтқарушыларда қонақта болды
Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінде балаларға арналған «Ашық есік күні» өтті. Іс-шараға құтқарушылардың жұмысына қызығушылық танытқан №61 орта мектептің оқушылары қатысты.
Бөлімше қызметкерлері қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандарымен бірлесіп, балаларға қызықты әрі танымдық экскурсия ұйымдастырды. Оқушыларға өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі жайлы әңгіме айтылып, өрт сөндіру және құтқару жұмыстарында қолданылатын арнайы техникалар көрсетілді.
Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелері еске салынды. Экскурсия барысында тұрмыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт шыққанда дұрыс әрекет ету, жаз мезгілінде су айдындарында өзін қалай ұстау керектігі секілді маңызды тақырыптарға ерекше назар аударылды.
Автогаз бекетіндегі қауіпсіздік – қадағалауда
Сарысу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері автогаз құю станцияларында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты түрде қадағалап келеді.
Аталған нысандарда өрт шығу қаупі өте жоғары болғандықтан, мұндай бақылаудың маңызы зор. Тексеру барысында мамандар газ сақтау және құю жүйелерінің техникалық жағдайы, өртке қарсы бастапқы құралдармен (өрт сөндіргіштер, құм жәшігі, су ыдыстары) жабдықталуы, қызметкерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарын білуі мен алғашқы әрекеттерді орындау қабілеті, электр жабдықтарының дұрыс орнатылуы мен қауіпсіз пайдаланылуы, жарылыс және өрт қаупі бар аймақтарда темекі шегуге тыйым салу мәселелеріне ерекше назар аударуда. Сонымен қатар автогаз бекеттерінің жұмысшылары мен жауапты тұлғаларына өрттің алдын алу шаралары бойынша нұсқаулықтар беріліп, өрт болған жағдайда жедел әрекет ету алгоритмі, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану ережелері түсіндірілді.
Ерікті жасақтардың дайындығы тексерілді
Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі өрт қауіпті кезеңіне дайындық аясында ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасақтарының дайындығын тексерді.
Іс-шара ауданның барлық 14 ауылдық округін қамтыды. Тексеру барысында ерікті жасақтардың жарақтандырылуы, өрт сөндіруге қажетті құрал-жабдықтардың түгел болуы сарапталды. Жасақ құрамымен дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу сабақтары және техника қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқаулықтар өткізілді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді