«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Балдырған» жазғы лагері – шаттық пен шығармашылық мекені

«Балдырған» жазғы лагері –  шаттық пен шығармашылық мекені
Автор
Жаз – әрбір оқушы үшін ерекше маусым. Бұл мезгілде балалар тынығып қана қоймай, жаңа достар тауып, өз дарынын дамытып, көтеріңкі көңіл-күймен жарқын күндерді өткізеді. Осы мақсатта Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында да дәстүрлі жазғы демалыс лагері және шатырлы лагері әдеттегідей 2-сі мен 30 маусым аралығанда өз жұмысын бастап кетті. Бірінші ауысымға 300 оқушы қамтылып, қала сыртындағы лагерьге 24 жолдамамен аз қамтылған білім алушылар жіберілді.

Лагерьдің басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, денсаулығын нығайту және қоғаммен қарым қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру. Ал міндетіне балалардың демалысын мазмұнды және қауіпсіз ұйымдастыру, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, әлеуметтік бейімделу мен ұжымда жұмыс істей білуге үйрету және туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру сынды қағидаттар болып табылады. Лагерь бағдарламасы қызықты әрі мазмұнды іс шараларға толы болды.

Балалардың күнделікті өмірі белсенді әрі мәнді өтуде. Олардың бірқатары: «Балалар күніне» арналған мерекелік концерт, «Таза табиғат» экологиялық күні – мектеп ауласын көгалдандыру, ағаш отырғызу, сенбілік өткізу, «Сау болғың келсе...» спорт күні – түрлі эстафеталар, футбол, арқан тарту, жүгіру жарыстары, «Жұлдыздар шеруі» таланттар күні – шығармашылық байқауы, сурет салу, ән айту, би, қолөнер бұйымдарын жасау, «Көңілді старттар» спорттық-көңіл көтеру ойыны, «Менің Отаным – Қазақстан» патриоттық тәрбие сағаттары, кітап оқу сағаттары мен мектеп кітапханасында ұйымдастырылған әдеби кештер, «Дос болайық бәріміз!» психологиялық тренингтер мен топтық ойындар, эко-серуендер мен табиғат аясындағы танымдық ойындар.

Балалар тек ойын-сауықпен шектелмей, қоғамға пайдалы істермен айналысып, өзін тұлға ретінде сезінуге мүмкіндік алды. Тәрбиешілер мен мұғалімдер әр баланың қауіпсіздігіне, денсаулығына және эмоционалды жағдайына жіті мән береді.

Тамақтану санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылған, медициналық қызмет үздіксіз көрсетіледі. Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының жанындағы жазғы лагерь – баланың жан-жақты дамуына, достық қарым-қатынасты нығайтуына, өнер мен спортта өз орнын табуына мүмкіндік беретін тамаша алаң. Мұндағы әр күн – бала жүрегіне шаттық ұялатқан, ұмытылмас естеліктерге толы күн.

 

Аймара ҚЫЗЫРҚЫЗЫ,

аға тәлімгер.

Ұқсас жаңалықтар