«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әрі жиналыс, әрі демалыс...

Әрі жиналыс, әрі демалыс...
Автор
Қай салада болмасын тәжірибе алмасу мен өз шеберліктерін ортаға салудың пайдасы көп. Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен және Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен Майтөбе ауылының маңында алғаш рет ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілеріне арналған кәсіби шығармашылық бағыттағы «АУЫЛ–СLUB» облыстық ART-тимбилдингі өтті.

Майтөбе ауылының баурайына бірнеше киіз үйлер тігіліп, ақ шағаладай әсем көрініске бөленді. Ортаға үлкен сахна орнатылып, бүкіл аудандар да мәдениетке терін төгіп жүрген мамандардың баршасы шақырылды. Іс шараны облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып, барша ұжымдарға сәттілік тіледі.

Байқау барысында ауылдық клуб меңгерушілерінің кәсіби, шығармашылық деңгейі назарға алынды. Олардың озық тәжірибелік жұмыстарын насихаттау, мәдениет қызметкерлерінің басын бір арнаға тоғыстыру, тартымды мәдени-демалыс ұйымдастыру мәселесі де айтылды. Жиында жаңа креативті идеялар мен инновацияны пайдалану, ауылдық клубтардың сақталуына және дамуына жергілікті атқарушы орындардың назарын аудару жайы қозғалды.

Байқау шартына сай әр аудан 40 минуттық концерт қойып, интелектуалдық, логикалық, музыкалық, ойындарға қатысты. Арнайы тапсырмаларды орындап, ән, би, қойылым, флэшмоб түрлері бойынша да әр аудан командалық өнер көрсетті. Шараның екінші күні де өнер мен бірлікті, рух пен шабытты ұштастырған жарқын оқиғаларға толы болды. Қазылар алқасы қатысушылардың кәсіби шеберлігі мен топтық үйлесімділігіне назар аударып, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Талас ауданы жеңіп алса, жүлделі І орын Байзақ ауданына бұйырды. Жүлделі ІІ орын Меркі ауданы иеленсе, ІІІ орын Сарысу ауданының қанжығасында кетті.

«Бұл іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бір жағынан тәжірибе алмасу, бір жағынан мәдениет қызметкерлерінің демалысы секілді сезіндік. Жақсы дайындықпен келдік. Біздің ауданнан келген жас мамандарға, жас клуб меңгерушілеріне бұл байқау – шыңдалу мектебі болды. Менің клуб меңгерушісі болғаныма 20 жылға жуықтады. Әр іс-шарадан жақсы тағылым, үлгі алуға болады. Талас ауданында, табиғат аясында өткен байқаудың мәдениет қызметкерлеріне берері көп болды», – дейді Шу ауданы, Ақсу ауылдық клубының меңгерушісі, айтыскер ақын Бақытбек Жұмабеков.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай арнайы марапаттады. Мұнан бөлек ерекше өнер көрсеткен командалар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Осылайша, екі күнге созылған «Ауыл-Club» Art-тимбилдингі ауыл мәдениетінің жаңа тынысын ашып, шығармашыл жандардың басын қосқан игі алаңға айналды. Ауылдық мәдениет үйлерінің мәдени ұйымдастырушылары мен клуб меңгерушілері үлкен тәжірбие жинақтады. Сол тәжірибе алдағы уақытта жұмыстарын алға жылжытуға оң ықпал ететіні анық.

 

Ақерке БИҒАБЫЛ,

М.Х. Дулати атындағы университетінің 3-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар