«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Алаңсыз салып сайран, шалқып жүрміз...»

«Алаңсыз салып сайран, шалқып жүрміз...»
Автор
Сенің әр ісіңе сынай қараған, тәрбие беріп қана қоймай үлкен өмірге шыңдаған әкенің рөлі қоғамда өте жоғары. Әр үйдің отағасы, басшысы болу – жауапкершілік. «Отбасы – шағын мемлекет» деп те бекер айтылмаса керек.

Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында Әкелер күні мерекесіне орай «Отбасы – бақыт мекені» кітапханалық жоба аясында «Әкем менің айбынды асқар тауым...» әдеби подиумы өтті.

Іс-шараны Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбекұлы ашып, әр әкенің қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталса, облыстық әкелер кеңесі төрағасының орынбасары Қонысбай Ильясов әкелерді моральдық тұрғыдан қорғау, олардың ел сыйлаған биік мәртебесін сақтау мәселелеріне назар аударды. Кешке белгілі айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыр және ұлдары – Жасұлан мен Бағлан Қамбатырлар қонақ болып, іс шараның маңызы ашыла түсті.

Ербол Дәулетұлы отбасында ұлдарының қалай есейгенін әдемі әңгімелеп, әзілге де ерік берді. Ербол Қамбатыр жұбайы Үміт Битенованың «Қыздар ай» әнін қоңыр дауысымен көпшілік назарына ұсынса, Жасұлан мен Бағлан «Егіз лебіз» дуэті болып бірнеше ән шырқады. Оның ішінде сөзін әкелері Ербол Қамбатыр жазған «Боталарым» әні жүрекке жетті.

Айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі журналист Есет Досалы қыздарымен бірге қатысты. Есет Жаңабайұлы тақырыпқа сай әкесіне арнаған «Ойламаппын», кішкентай қызына арнаған «Көке, меніменен ойнашы!» атты әсерлі өлеңдерін оқып берді. Ақынның қызы, республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысының бас жүлдегері Інжу Жаңабай әкесіне арнап жүрегінен шыққан жыр шумақтарын жеткізсе, Айша Жаңабай да жатқа оқыған жыр шумақтарымен ерекшеленді.

Сондай-ақ, ақын Марал Хантөреқызы марқұм әкесіне арнаған өлеңімен көпшілікті әсерге бөледі. Психолог, облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскері Жұлдыз Шерметова залға жиналған әкелермен тренинг өткізді. Іс-шараны ұйымдастыруда кітапханашы Венера Тастамбаеваның еңбегі зор. Ол кеш қонақтарына түрлі сұрақтар қойып кешті қыздыра түсті.

Жиынға қатысушылар бала тәрбиесі, әкелердің қамқорлығы, отбасылық міндеттері жайлы негізгі мәселелерді талқылай келе, әкенің алар орнының маңыздылығын жете түсіндірді. Жастардың санасына әке - нұрға бөленген мейірлі, мейірімді, тірек, пана, жол көрсетер шың екенін тілге тиек етті.

 

Снежана АЛЬЖЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар