«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елен ағаның еленбей қалған ерлігі

Елен ағаның еленбей қалған ерлігі
Ашық дереккөз
Жарты әлемді билеген КСРО империясы әлі тарамаған кез. Аты шулы Желтоқсан оқиғасының ақиқаты айтылмаған, шындығы шыңырауда жатқан кез. Бір күні «Желтоқсан жаңғырығы» атты деректі фильмдер желісі Жамбыл телеарнасынан жарқ ете қалады. Бұл оқиға облысты ғана емес, республиканы дүр сілкіндірген еді.

Әлқисса! 1990-жылдардың басында белгілі қаламгер- журналист Елен Әлімжан Жамбыл телерадиокомитетіне басшылыққа келеді. Дарынды әрі жалынды жас журналист Серік Аббасов желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильм түсіруді қолға алған екен. Елен Әлімжан оған бірден қолдау білдіріп, телеарнадағы BHS форматтағы жапондық жалғыз бейнекамераны қолына береді. Әлбетте, жоба оңай емес.

Облыстық партия комитеті сезіп қойып, салқын қабақ танытып, бұл істі тоқтатуды ескертеді. Елен Әлімжан облыстық телерадиокомитет басшысы, яғни бәріне жауапты бола тұра – басын бәйгеге тігіп, зерттеуді ары қарай жалғастыра береді. Серік те жанкештілік танытқан. Тіптен оны бұйрық бойынша жұмыстан «шығаруға» да тура келіпті. Бастама жалғасады, идея идеяға алмасады.

Желтоқсан туралы фильм «Асқаров ісі» атты жаңа жобаға ұласады. Түсірілім тобының шығындарын шешу де оңайға соқпаған. Олар Алматыға, Бішкекке бірнеше мәрте сапар шегеді. Бірнеше айға созылған ерен еңбектің нәтижесінде фильмдер дайын болып, Жамбыл телеарнасынан жарқ ете қалады... Міне, сенсация! Қазақстан қызыл империя құрамынан әлі шықпаған кез. Компартия күшінде. Телеарна ұжымы ешкімнен рұқсат сұрамайды, ешкімге ескертпейді. Жауапкершілік жүгі бірінші басшы – Елен Әлімжанда еді.

– Сіз жұмыстан қудаланып кетемін деп қорықпадыңыз ба? – деп сұрадым бірде ол кісіден.

– Жауапкершіліктен қаша алмасымды білдім, салдары ауыр болуы да мүмкін екенін ойладым. Бірақ қызмет пен атақ емес... бұл фильмді жарыққа шығару – азаматтық парызым деген ой бәрінен биік тұрды, – деп жауап берді Елен Әлімжан.

Бұл ғайыптан тайып, қас қағым сәтте төтеннен жасалған батырлық емес. Саналы түрде басты бәйгеге тіккен – биік рухты адамның ерен ерлігі. Айлар бойы бойдағы үрейді жеңе білуге қаншалықты ерік-жігер керек?..

Желтоқсан ақиқаты мен ұлт намысы үшін қызметті де, тіпті өмірін де қатерге тігу – тек үлкен жүректі азаматтың қолынан келер үлкен ерлік. Осылайша Желтоқсан ақиқатын ашуға тырысқан тұңғыш фильмдер желісі алғаш рет Жамбылда жарыққа шығады. Қазір баршаңызға таныс, сонау 1986 жылы республикалық телеарнаның басшысы Сағат Әшімбаевтың тапсырмасымен алаңда жасырын түсірілген кадрлар да алғаш рет Жамбыл телеарнасында көрсетілген.

Республиканы дүр сілкіндірген оқиғаның соңы жақсылықпен аяқталғанын айта кету керек. Басында салқын қабақ танытқанымен, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Өмірбек Байгелді мен екінші хатшысы Әлмұхан Исақ та фильм авторларын қудалауға қатты құлық таныта қоймай, іштей қолдау білдіріп, азаматтыққа барыпты. Ал жамбылдықтардың жанкешті ерлігімен жасалған деректі фильм сәл кейінірек сол кездегі республикалық жалғыз арнадан дүркін-дүркін көрсетіліп, көрермен көзайымына айналады. 35 жыл бұрын «Желтоқсан жаңғырығы» атты деректі фильмдер желісін дайындауда сол кездегі жас журналист, қазір елге белгілі азамат Серік Аббас-Шахтың еңбегін де жоққа шығаруға болмайды. Ал Кеңес заманында сондай тәуекелі мол жобаға қолдау білдіріп, оның түсірілуі және эфирге шығуы үшін барын салып, басты бәйгеге тіккен Елен Әлімжанның ерен ерлігін ескеру – азат қазақ елінің атқамінер азаматтарына аманат!

 

Жалғас САҢҒЫЛ,

облыстық «JAMBYL» телеарнасының шеф-редакторы.

Ұқсас жаңалықтар