
Сапарымызды екі дүние бесігі атанған Түркістан жерінен бастадық. Киелі қаладағы «Тәуелсіздік саябағын» араладық. Орталық аллеяның бойында орналасқан тасқа еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды оқиғалар шежіресі қашап жазылған «Ел бірлігі» монументі орнатылған. Ескерткіштері сыр шертіп, жасыл желекке оранған әсем саябақтан шығып, ғасырға жуық тарихы бар Түркістан тарихи өлкетану мұражайына кірдік.
Бабаларымыздан қалған құнды мұралар мен жәдігерлер бірден баурап алды. Біз де сан дәуірден сыр бүккен қазыналы орданы аралауға кірістік. Иә, көнеден қалған мұралар бізді ерекше тамсандырды. 93 мыңнан астам көне жәдігерлердің тарихымен танысып, мәдени-рухани ордадан керемет әсер алдық.
Осыдан кейін Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың аманатын қазақтың кең даласына жеткізуші, сахабалардың ұлығы, Ахмет Ясауи бабамыздың ұстазы Арыстанбаб кесенесіне жол тарттық. Әуелі 33 діннің қадір қасиетін меңгеріп, ислам дінін қабылдаған баба кесенесіне барып Құран бағыштап, зиярат еттік. «Шырақшылар өскелең ұрпаққа аңыз айтып, баба өмірін кеңінен тарқатты.
Бабамыз: «Мен өлген жағдайда ақбура түйеге артып, басын бос жібере салыңыздар. Түйе қайда шөксе сол жерге менің сүйегімді қоясыздар» дейді. Түйе Отырар маңына келіп шөккен екен. Арыстанбаб әулиенің кесенесін Әмір Темір көреген 1390 жылы Тоқтамыс хан әскерін жеңгеннен кейін салады.
Патша алдымен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін тұрғызбақшы болады. Шәкіртінің кесенесін қанша қаласа да, құлай береді. Бір күні Әмір Темірдің түсіне Зеңгібаба сиыр болып кіріп, Қожа Ахмет Ясауи бабаның мешітін сүзіп құлатады. Сол заманның түс жорушылары бірінші бабамыздың Отырардағы ұстазының кесенесін салдырмасаңыз, Түркістандағы кесене еш уақытта тұрмайды дейді.
Содан кейін Әмір Темір осы кесенені тұрғызған деген аңыз бар. Бабамыздың қабірі екі рет кірпішпен қапталған. Кесенеде Арыстанбабпен қатар Шерімбет уәзір мен Лашын қарға атты шәкірттері жатыр.
1907 жылы Қалмырза ұстаның басшылығымен қайта өңделіп қаланған кесенеге алыс жақын шетелдерден келген адамдардың қарасы көп. Олар Баба кесенесінің маңындағы XIX ғасырда қазылған тереңдігі 12 метр құдықтан суды 7 рет ұрттап түрлі тілектер айтады. Батырлар жырындағы Алпамыстың әкесі Байбөрі ақсақал қартайған шағына дейін перзент сүймей, бабамыздың басына үш күн түнеп, Алпамыс және Қарлығаш атты екі перзент сүйген деген аңыз бар. Бабтардың бабы атанған сахабамыз жайлы аңыз-әңгімелер естідік. Отырар қалашығында болып, тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихымен таныстық.
Сапарларымызды жаңарған Түркістан шаһарында жалғастырып, Ясауи кесенесін, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін тамашаладық. Мәдени-рухани орталық пен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген зәулім ғимараттарды аралап көріп, бір серпіліп қалдық «Қарты бар үйдің, қазынасы бар» дегендей, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата бабадан келе жатқан салтымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім тағылымдарының орны біз үшін бөлек.
Бізге осындай керемет әсер сыйлап, киелі қаланы аралауға мүмкіндік жасаған Мақсат баламызға ардагерлер алғысы шексіз. Осындай жастар ортамызда көп болсын.
Ілес НҰРҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің этикасына мән беріледі
- 21 маусым, 2025
Бағытынан айнымаған басылым
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді