«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азамат. Қаламгер. Тұлға

Азамат. Қаламгер. Тұлға
Автор
Дана қазақ «Өмірлік тәжірибе – даналықтың әкесі» деп бекер айтпайды. Біз өмір сүріп отырған қоғамда да, біз тұратын қалада да қанша қайраткер, ойшыл кісілер бар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, кейде сол тұлғаларымызды лайықты бағалай бермейміз. Осындай дара болмыс иесі – жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан. Қазақ еліне 60 жыл қаламымен қызмет еткен Елен Әбдуатұлы биыл 80 жастың биігін бағындыруда.

Жазушының мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Азамат. Қаламгер. Тұлға» атты көркем ой кеші өтті. Ой толғайтын жиын болғандықтан шығар, бұл іс-шараға әдебиетшілер, тіл саласының ғалымдары көбірек шақырылыпты.

Жиында филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев жазушы шығармашылығындағы тереңдікке тоқталды.

«Мәселен, Мекемтас Мырзахметұлы секілді тұлғаны жазу үшін жазушының өзі терең білімді болуы керек. Бауыржан Момышұлының әлеміне бойлау үшін де тынымсыз ізденіс керек. Ондай білім мен ізденіс Елен ағайда бар», – деді ол.

Мұнан соң жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, тіл саласының білгір маманы Зиба Құламанова, әдебиетші Бақытжан Махашев, театртанушы Айзат Қадыралиева өз ойларын ортаға салды. Жас қаламгер Ерлан Нұрланов алып таудай ағадан көрген қамқорлығын тілге тиек етті.

Әдебиет әлемінде аға буынның кейінгі толқынға қамқорлығы шығармашылықтың дамуына алтын көпір болатыны анық. Кешті ақын Марал Хантөреқызы жүргізді. Бұл жиында сөйлеген кісілердің баршасы мерейтой иесінің жақсы қырларына кеңінен тоқталды. Әрине, мерейтой иесі мақтау сөзге зәру емес, бұл тілектерді жазушыға деген шынайы құрмет пен алғыс деп қабылдаған жөн. Іс-шараны жазушы Елен Әлімжан қорытындылап, өзінің өмір жолынан сыр шертті, жолына шамшырақ болған ағалары мен замандастарын еске алды.

Сонымен қатар ол кеш қонақтары мен жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Жазушы Елен Әлімжанмен осындай тамаша кездесудің бірі Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Тектұрмас» аймағының «Көне қамал» кешенінде өтті.

Іс-шараны қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тілегенова ашып, жазушының биік болмысына тоқталды. «Елен Әбдуатұлы өңірімізге ғана емес, қазақ даласына кеңінен танымал тұлға. Жазушының қаламынан туған әрбір шығарманың мазмұны жоғары, маңызы терең.

Мерейтой иесі журналистика саласында да жемісті еңбек етті. Баспасөз және телеарна салаларында да қамшы салдырмай, озат болды. Біз жазушы Елен Әлімжанмен мақтанамыз», – деп мерейтой иесіне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың атынан құрмет көрсетті. Мұнан соң осы жолдардың авторы жазушыға арнау өлеңін оқып, қаламгердің ізгі қасиеттерін жыр жолдарымен аша түсуге талпынды. Сыншы, театртанушы, Күләш Байсейітова атындағы Астана өнер университетінің докторанты Айзат Қадыралиева Елен Әбдуатұлының драматург ретіндегі болмысына кеңінен тоқталды.

«Елен Әлімжанның өз ұлтын қалай сүйетіндігін, әсіресе, оның өз халқына тән ортақ мінезін «Қазақ қандай халық?» деген мақаласынан көруге болады. Автор бұл мақаласында қазақ халқының басты қасиеті – Кісілігі деп дәлелдейді. Иә, «Тақталастағы» ащы шындықтар өз халқына деген махаббаттан туған. Сондықтан оған ренжімейсің, ойланасың. Бәлкім өзіңді өзің түзеуге бет бұрасың. Себебі біз мұны Қалтай Мұхамеджановтың: «Жанталастың» авторы Елен Әлімжан өмірдің тура жалынан ұстаған» деуі, Шерхан Мұртазаның: «Тақталастай» өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады деуі қаламгердің шеберлігіне берілген әділ баға», – деді ол.

Жиналған оқырмандар жазушыға қаламгерлік жолға қалай келгені, алғашқы шығармалары туралы сұрақтар қойды. Елен Әлімжан оқырмандары алдында ағынан жарылды. «Әкем Әбдуат тіл маманы болуымды қаламады. Көз алдында жүретін мал шаруашылығы маманы болса деді. Бірақ асқар тауыма бірнеше күн түсіндіріп, Алматыдағы үлкен университетке өзім қалаған филология мамандығы бойынша оқуға түстім. Ондағы ойым – ауылға оралып, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті мұғалімі болу.

2-курста Дулат Исабеков, Ескен Елубаев бастаған жігіттер бір бөлмеде жаттық. Байқаймын, олар жазады. Бірінің әңгімесі, бірінің топтама өлеңі республикалық басылымдарда жарық көре бастаған. Бір күні мен де оңаша отырып, сықақ әңгіме жаздым. Сол кезде бөлмеге кіріп келген Дулат әлгі әңгімені оқып, ұнатып, «Жазушы» баспасында Мағзұм Сүннетов жас авторлардың шығармаларын жинақтап жатыр, мұны соған апарайық», – деді.

Ертеңіне әлгі баспаның өкілдері әңгіменің тым қысқа екенін айтты. Сонда Дулат еш ойланбай: «Бұл жігіттің ұзақ әңгімесі де бар, машинкаға басылып жатыр» дегені. Баспадағылар «сол әңгімені әкеліңдер» деді. Сөйтіп баспаға өтірікші болмас үшін бір күннің ішінде сүйіп қосылған жас отбасының тағдыры, кейінірек жас отағасының көлік апатынан қаза болатыны жайлы «Ән сыры» атты тұңғыш әңгімемді жазып, ұсындым. Драматургияға келуіме мәдениет саласының майталманы Әлібек Әмзеұлы әсер етті», – деді Е.Әлімжан. «Көне қамалда» өткен кештен оқырмандар үлкен әсермен қайтқаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар