«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арманы - қымызмұрындықты ғаламдық шараға айналдыру еді

Арманы - қымызмұрындықты ғаламдық шараға айналдыру еді
Ашық дереккөз
Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Көктемде құлын байланып, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылған. Осы алғашқы қымыз жиналған халыққа салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген.

Ақсақалдар үй иесіне алғысын білдіріп, батасын берген. Халықтың бұл дәстүрі қонақжайлықты, жомарттық пен бірлікті, ынтымақтастықты меңзейді. Қымызмұрындықты ұлт қазынасы ретінде насихаттап, ұмытылып бара жатқан ұлттық мәдени рәсімін жаңғырту мақсатымен ішкі істер қызметінің ардагері, отставкадағы полковник, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры Дүйсенбек Ыбыналиев ауқымды жұмыстар атқарды.

Дүйсенбек ағамыздың өмірден озғанына бір жыл болып қалыпты. Дүйсенбек аға зейнетке шыққаннан кейін «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, қымызды насихаттау, ұлттық дәстүрлерді жандандыру және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстармен белсене айналысты. Мен 2012 жылы Дулати Университетіне ректор болып тағайындалғанымда Дүйсенбек аға келіп, бірге жұмыс істейік деп ұсыныс білдірді. Сол жылы екі жақты меморандумға қол қойылды.

Меморандумды іске асыру мақсатымен көптеген нақты іс-шаралар ұйымдастырылды. 2013 жылы республикамызда тұңғыш рет Тараз қаласында, Дулати Университетінің базасында «Қымыз-2013» халықаралық форумы өткізілді. Себебі қымыздың емдік және құнарлық қасиеттері дүние жүзіне белгілі, оның өндірісі тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Германия, Араб әмірліктері, Башқұртстан, Татарстан, Саха Республикасы және тағы басқа әлем елдерінде жолға қойылған Қымызға байланысты әр елдің өз ерекшеліктері бар. 2015 жылдың 30 мамырында «Заң» серіктестігінің негізінде Тараз қаласында алғашқы рет халықаралық «Қымызмұрындық» мейрамы тойланды.

Бұл халықаралық мерекенің немістердің Мюнхен қаласында өтетін сыра фестивалінен беделі әлдеқайда артық. Өйткені, қымыз табиғи, экологиялық таза, адам ағзасына пайдалы сусын. Сондықтан «Қымызмұрындық» басқа ұлттарға үлгі болатын, жаһандану процесіне адами сипат беретін мәдени, әлеуметтік, тұрмыстық, экологиялық, экономикалық және салауатты өмірді насихаттайтын дәстүрлі халықаралық іс-шара ретінде өткізіліп отыру керек.

Дүниенің әр тарапынан келген туристер неғұрлым көп болса, Қазақстан мен қазақтардың әлемдегі танымалдылығы, республика, облыс және қала бюджетіне келетін пайда соғырлым арта түсетін болады. «Қымызмұрындық» дегеніміз не?

Ол қай кезде және қалай ұйымдастырылады? Оның негізгі мақсаты мен міндеттері қандай? Осы сұрақтарға нақты жауап беру үшін, 4 адамнан тұратын авторлық топ (Б.Р.Кеншбаев, Д.Ыбыналиев, М.Н.Сарыбеков, И.И.Бекбасаров) «Бүкіл Ғаламдық Қымыз Мұрындық» мерекесін өткізу сценарийін дайындады. Бұл еңбек 2016 жылы 29 шы наурызда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен сценарийлік туынды ретінде бекітіліп, арнайы авторлық куәлік (патент) берілді.

Естеріңізде болса, кезінде неміс ғалымы Ганс Цольман қымызды патенттеп алды деген әңгіме шыққан. Атадан қалған мирасты, ұлттық сусынымызды шетелдік азамат қалай иеленді деген заңды сұрақ туды. Қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта. Одан бөлек, құрғақ қымыз ұнтағының, қойытылған қымыздың, бие саумалының патенті де біздің қолымызда тұр.

Осындай әңгімені туғызбау мақсатымен Дүйсенбек ағаның тікелей қатысуымен «Бүкіл Ғаламдық Қымыз Мұрындық» патенті алынды. Дүйсенбек ағамызға берілген Дулати Университетінің Құрметті профессоры деген атақтың артында үлкен еңбек жатыр. Біріншіден, «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен Дулати Университеті бірлесіп еш консерванттарсыз, сақтау мерзімі 60 тәулікке дейін жететін табиғи қымыз өндірісінің стандартын, техникалық шарттары және технологиялық нұсқаулығын әзірледі.

Екіншіден, Қазақстанда алғаш рет қымыз дайындау тәсіліне инновациялық патент және өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сертификат алынды. Бұл өнімге «Хан Қымыз» деген атау берілді. Ғылыми зерттеулер «Хан Қымыз» өнімінің биохимиялық құрамы, дәмі, емдік және тағамдық қасиеттері 2 ай бойы, яғни басқа өндірушілерге қарағанда ұзақ сақталатынын дәлелдеді.

Бұл нәтижелер Болгариядағы (2012) және Польшадағы (2013) халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланды, жарияланды және сынақтан өтті. Үшіншіден, қымыздың бірнеше түрін дайындау технологиясы әзірленді (саумал, тәтті қымыз, орта қымыз және күшті қымыз).

Бүгінде «Заң» ЖШС өндірістік стандарты бойынша Қазақстан Республикасының 5 облысында қымыз өндірілуде. «Заң» ЖШС өнімі «Хан Қымыз» сауда белгісі ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетімен бірлесіп келесі байқауларға қатысты:

– 2016 жылдың тамыз айында Тараз қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2016» өңірлік байқауында (1 орын);

– 2016 жылдың тамыз айында Қырғыз Республикасында өткен қымыз өндірушілерінің халықаралық байқауында (1 орын);

– 2016 жылдың шілдесінде Ресейде, Саха Республикасында өткен қымыз өндірушілерінің халықаралық көрмесінде (жүлделі орынға ие болды және ақшалай сыйақымен марапатталды).

2015 жылы шаруашылық субъектілерін экономикалық саралау бойынша ҚР Ұлттық бизнес рейтингінің ұйымдастыру комитеті «Жылқы өсіру» ЭҚЖЖ 01.43.1 номинациясында «Заң» ЖШС Жамбыл облысының «Аграрлық сектордың көшбасшысы – 2015» ретінде марапаттады. Бүгінде қымызды өңдеу технологиясында 2 бағыт ерекше маңызды болып тұр:

1) – Бие сүті негізінде балалар тағамын әзірлеу;

2) – қымызды құрғату тәсілдерін енгізу бойынша зерттеу жұмыстары. Қазіргі кезде балалар тағамдарының барлығы құрғатылған сиыр сүтінің негізінде жасалады.

Бірақ кейбір нәрестелер мұндай тағамдарды көтере алмайды, сиыр сүтінің құрамындағы ақуызды қорыта алмайды, аллергиялық реакциялар тудырады. Ал бие сүті қасиеттері жағынан ана сүтіне жақын келеді. Ата-бабаларымыз бұрыннан ана сүті болмаған жағдайда жаңа туған нәрестелерді бие сүтін беріп асыраған.

Ғалымдардың зерттеулері бойынша бие сүті биохимиялық көрсеткіштері және биологиялық қасиеттері бойынша ана сүтімен пара пар екендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан, бие сүті негізінде балалар тағамын әзірлеу жұмыстары жасалуда. Құрғатылып, ұнтақ күйіндегі бие сүтіне күріш, сұлы, қарақұмық дақылдардың гипоаллергенді ұндарын қосып, тамақтануға дайын қоспалар дайындалады.

Дайындалған қоспалар микробиологиялық сараптамадан өтіп, барлық талаптарға сәйкес келетіні дәлелденді. Сүт өнімдерін құрғатудың негізгі тәсілі – сублимациялық құрғату болып табылады. Қазіргі кезде бие сүтін сублимациялық тәсілмен құрғату арқылы ұнтақ күйіндегі бие сүті алынуда. Осындай тәсілмен қымызды да құрғатып, ұнтақ күйіндегі қымызды алуға болады.

Сонымен қатар, қымыз ұнтағынан зертхана құралдарының көмегімен таблеткалар да жасалды. Мұның басты себебі – бұл күйінде өнімнің барлық пайдалы қасиеттері сақталады, ұзақ мерзімге дейін жарамдылығы жоғалмайды, сақтауға және тасымалдауға өте ыңғайлы.

Қорыта айтсақ, Дүйсенбек ағамыз қымызды ұлт брендіне айналдыру жолында көп еңбек атқарды. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Несін жасырамыз, бұл іс әлі де шөре-шөре күйінде қалып келеді. Қымызды ұлттық брендке айналдырсақ, қалғаны сол соқпақтан өтіп, өз бағасын алары анық. Дүйсенбек ағамыздың арманы – қазақтың Қымызмұрындығын Бүкіл Ғаламдық Қымызмұрындыққа айналдыру еді. Осы арманды орындау кейінгі ұрпақтың парызы деп ойлаймын.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Ұқсас жаңалықтар