«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының қолданыс аясы кеңеюде

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының қолданыс аясы кеңеюде
Ашық дереккөз
Естеріңізде болса, өткен жылы Қазақстан армиясының құрамаларында және әскери бөлімдерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері құрылғаны белгілі. Бұл – Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасы аясында жүзеге асты. Жалпы, ел әскерін жоғары дәлдікті және жоғары технологиялық қару-жарақпен, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықтау басым бағыттардың бірі.

Бүгінде қару-жарақ құрамында барлаушы-соққыш ұшқышсыз ұшу аппараты Wing Loong және барлау ұшқышсыз ұшу аппараты Skylark бар. Түркияның қазіргі заманғы ұшқышсыз ұшу аппараты ANKA тәжірибелік әскери сынақтардан сәтті өтіп, қару-жараққа алынды. Мамандар ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану бойынша халықаралық тәжірибені белсенді түрде зерттеуде.

Екіжақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің өкілдері Түркиядағы Saha EXPO-2024 халықаралық көрмесінде болып, Baykar Defence компаниясымен келіссөздер өткізген.

Тараптар еліміздің аумағында жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен барражды оқ-дәрілер өндірісін оқшаулау мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеу туралы келісімге келеді. Сондай-ақ Қазақстан әскери делегациясы сапар кезінде әскери BAYKAR, HAVELSAN, ASELSAN және TRANSVARO компанияларының зауыттарында, өндірістік шеберханаларында, жобалау бюроларында болып, олардың өндіріп жатқан өнімдерімен толық танысады.

Айта кетейік, Corlu және Kesan оқу-сынақ полигонында түрік мамандары Bayraktar AKICI, Bayraktar TB3, Bayraktar TB2, Bayraktar Kalkan ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және Mosquito X барражды оқ-дәрілері өнімдерін практикалық түрде таныстырды. ASELSAN және HAVELSAN компанияларының кәсіпорындарында қазақстандық сарапшылар жерүсті басқару радарлары, биіктік өлшегіштер, дрондарға қарсы жүйелер, географиялық талдау жүйесі, әртүрлі симуляторлар мен кешенді жалпыәскери операцияларды имитациялық модельдеу құралдарымен танысты.

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен BAYKAR компаниясы арасында жұмыс кездесуінің хаттамасына қол қойылып, онда түрік тарапының Қазақстан Қарулы Күштеріне Bayraktar Kalkan, Bayraktar Mini ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және Mosquito X операциялық барражды оқ-дәрілерді әскери сынақтар өткізу үшін тегін беруге ниеті расталды. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы құралдар әзірленіп, зерттелуде.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының мамандары ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қару-жарақтың тәжірибелік партиясын жасап, оны қазіргі уақытта тәжірибелік пайдалану кезеңінен өткізіп жатыр. Бұл құрылғылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күресу үшін арналған, бұл елдің қорғанысы үшін өте маңызды, өйткені дрондарға қатысты қауіптер өсіп келеді.

Бұдан бөлек біздің ел жабдықтар жеткізуді әртараптандыру аясында батыс компанияларымен де жұмыс істейді. Алдағы жоспарларда – кедергілер стансаларын және дрондарға қарсы қаруларды сатып алу, бұл әуе кеңістігін қорғау және дрондарға қарсы күрес мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар