«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзге ұлт өкілдері жыр алыбына құрмет көрсетті

Өзге ұлт өкілдері жыр алыбына құрмет көрсетті
Ашық дереккөз
Пейілі кең, жаны жомарт қазақ халқы мен өзге ұлт өкілдерінің арасындағы достық – береке мен бірліктің бастауы. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының рухани тұлғаларына да зор құрмет көрсетеді. Біз оны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Айтыс ақындары мен жыршы термешілер орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен өзге ұлт өкілдері арасындағы «Тыңда, дала – Жамбылды!» атты республикалық өнер байқауы кезінде тағы да аңғардық.

Бұл байқау қазақ әдебиеті мен өнерін ұлықтаудың, ел бірлігі мен ұлттар арасындағы достықтың жарқын үлгісіне айналды. Байқаудың басты мақсаты – этнос өкілдері арасында Жамбыл шығармаларын кеңінен насихаттап, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби зерттеу мақалаларын қолдау.

Бұл – тек өнер сайысы ғана емес, сан ұлтты қазақ еліндегі рухани сабақтастықты, өзара құрмет пен мәдени көптүрлілікті дәріптейтін маңызды бастама. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева қатысушыларға жүрекжарды тілегін жеткізіп, сәттілік тіледі. Жамбыл мұрасын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, этносаралық рухани байланыстарды нығайтатын мұндай шаралардың қажеттілігін атап өтті.

Қазылар алқасы еліміздің мәдениет саласына еңбегі сіңген майталман мамандардан құралды. Қазылар алқасын Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова басқарса, халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаты, күйші Дидар Басығараев және Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Мерей Әбуева да бағалаушылар құрамынан табылды. Қазылар алқасы байқау қатысушыларының өнерін әділ бағалап, үздіктерді анықтауда кәсіби шеберлік танытты. Байқау екі бағыт бойынша өтті.

Бірінші бағытта этнос өкілдері қазақ тілінде Жамбыл Жабаевтың шығармаларын көркемсөз түрінде жатқа оқып, халық әндерін орындады. Түркістан облысы және өз облысымыздың аудандарынан келген қатысушылар үлкен дайындықпен келгендерін аңғартты.

Мәселен, Жамбыл ауданының мақтанышы Анель Айдаралиева жыр алыбының «Өсиет» атты өлеңін асқан нақышпен жатқа орындаса, Дилмира Бекташова халық әні «Көзіңнің мөлдірін-айды» шебер орындады. Владислав Третьяков Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүректерге жеткізді. Нұрсұлтан Искандеров скрипкамен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным!» әнінің ырғағын тамаша орындады.

Бұл ән мемлекетіміздің Гимні болғандықтан, барша тыңдарман тік тұрып, қолын кеуделеріне қойып, қосыла шырқады. Нозима Абдусаматова, Нелли Баранецкая өздерінің тілге деген құрметін, ақын жырларына деген сүйіспеншілігін зор шабытпен жеткізді. Олардың әрқайсысы сахна төрінде ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, қазақ тіліндегі шығармаларды шебер оқи білді. Бірнеше сағатқа созылған шығармашылық додада көркем сөз бен әуезді ән, ұлттық нақыш пен рухани мазмұн терең ұштасып, көрермендерге шынайы өнер мерекесін сыйлады. Екінші кезеңде қатысушылар халық әндерін орындап, ұлттық музыка мұрасына деген ықыластарын көрсетті.

Байқауды аталған орталықтың директоры Ахметжан Өзбеков қорытындылап, қатысушыларға және қазылар алқасына, көпшілікке алғысын білдірді. Ал қазылар алқасы өз шешімін жариялап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Бас жүлдеге Тараз қаласының қатысушысы Мухабат Алеханова лайық деп танылса, І орынды Түркістан қаласынан Дияна Жаппарова иеленді. Жүлделі ІІ орын – Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округінен Анель Айдаралиеваға бұйырса, жүлделі ІІІ орын Түркістан қаласынан келген Дилмира Бекташоваға берілді. Өзге қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

Бұл – қатысушылар үшін үлкен құрмет, ал болашақтағы шығармашылық жолдарына берілген серпін бергені анық. «Тыңда, дала – Жамбылды!» байқауы – ақын Жамбыл Жабаевтың мұрасын қазіргі ұрпақпен байланыстырып, рухани сабақтастықты жалғастырушы, ел бірлігін нығайтушы тағылымды шара болды. Бұл – әдебиет пен өнер арқылы халықтар достығын, мәдени тұтастықты қалыптастыратын құнды тәжірибе.

Ұлы жырдың рухы мәңгі жасай бермек. Осындай рухани игіліктер арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жарқын болашағына сенім арта аламыз. Байқау осы сенімнің айқын көрінісі іспетті.

 

Снежана АЛЖЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика мамандығының студенті.

Ұқсас жаңалықтар