«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ән әуелеп, күй күмбірледі

Ән әуелеп, күй күмбірледі
Автор
Ән мен күй әлемі, қасиетті музыка халықпен бірге жасай беретін ғажайып құдірет. Уақыт өткен сайын өнер ұжымдарына қойылатын талап та күшейіп келеді. Себебі, руханият пен өнер үнемі өсу үстінде. Оның музыкаға да әсері бар. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өнер көзі – халықта» атты «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқау-фестивалі де жаңашылдыққа бейім ұжымдардың аз емес екенін байқатты.

Бұл байқаудың қазылар құрамы да өңір мәдениетіне ерен еңбегі сіңген майталман мамандардан құралды. Мәселен, Мәдениет саласының үздігі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының орынбасары Эльмира Дүтбаева төрайым деп танылса, үздік ансамбльдерге баға бергендер қатарында Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Пернебек Оспанов, Бақыт Сырлыбаев, Есен Рымқұлов, Зейнеп Қалданова, Рашид Қуанышов және сала ардагері, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы Майра Әлім болды.

Жалпы, үш күнге белгіленген байқауда 37 ансамбль өнер көрсетті. Байқау Жуалы ауданының «Қызғалдақ» ән-би, «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблінің өнерлерімен басталды. Жуалылық «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі де көпшіліктің көңілінен шықты. Тараз қаласының «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі де талаптарының таудай екенін байқатты. Бұл ұжымның концерті «Адай», «Ата толғауы» күйлерімен ашылса, «Жетісу» әні де көпшіліктің назарын аударды.

Қазақтың «Салтанат» биі, ұйғыр, қырғыз билері де көрермен көпшілікке ұнағаны анық. Ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалған бірнеше әуезді әндер жүректерге жетіп жатты. Ал, соңында ансамбль мүшелері хормен «Қазақстан – егемен елім» әнін көпшілікке ұсынды. Тараздық «Қарахан» аспаптар ансамблі де – түрлі құндылықтарға бай өнер ұжымы. Осы жолы да музыка сырын терең білетіндіктерін танытты.

Талас ауданының «Талас толқыны» ән-би ансамблі де өздерінің тәжірибелері мол екенін байқатты. Қазақтың «Шашу» би тобымен басталған концерт Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйіне ұласты. Бұл ансамбль құрамында республикалық түрлі байқаулардың жүлдегерлері көп екен. Олар байқаудың көркін қыздырды. Атап айтқанда, ансамбльдің сүйемелдеуімен Зәуре Сатыбалдиева халық әні «Әриайдайды», Гүлсезім Ағабакқызы «Беу айдайды» жоғары шеберлікпен орындады. Сырғабек Айтбаев Иса Байзақовтың «Желдірмесін» желдірсе, Нұрым Қойгелдиев өзінің «Ұлы Тұран» атты патриоттық әнін шырқады.

Жамбыл ауданының «Аса сазы» ән-би, Байзақ ауданының «Шолпан» ән-би ансамбльдері де нағыз өнердің қандай болатынын көпшілікке байқатқандай болды. Меркіліктердің де өнердегі шоқтығы әрқашан биік. «Меркі әуендері» ән би ансамблі мен «Береке» әжелер ансамблінің абыройы облыс аумағында асқақтап тұр.

Аталған өнер ұжымдары бұл жолы да биігінен жаңылған жоқ. Бұл байқауға Т.Рысқұлов ауданындағы халықтық атағы бар өнер ұжымдарының да дайындығы жоғары болғаны сезіліп тұрды. Олар өнер бәйгесіне «Сұлутөр» ән-би, «Сұлутөр» вокалды аспаптар, «Сударушка» фольклорлық, «Әдемі-ай» би ансамбльдерімен шыңдалған шеберліктерін көрсетті. Шалғайда жатқан Мойынқұм, Шу аудандарынан келген халықтық ансамбльдерге де көпшілік үлкен қошемет көрсетті.

Сарысу ауданынан – 3, Қордай ауданынан – 3, Тараз қаласынан – 13 халықтық ұжым көпшіліктің алдында өздерінің мүмкіндіктерін көрсетті. «Біз халықтық және үлгілі өнер ұжымдарының тамаша байқауына куә болып отырмыз. Халықтық атағын қайта қорғау – үлкен жауапкершілік. Осы өнер сайысын көре отырып, өзіме ой түйдім. Кейбір жеріне «әттеген ай» десек, кейбір жаңа әндерді естіп, сүйсініп отырмыз. Осындай байқаулар болашақтағы үлкен жетістіктерге жол ашады. Бірқатар әншілеріміз өздеріне ізбасар шәкірт дайындап жүр екен. Ол да жақсы үрдіс. Жүрегімізді толқытты», – деді әнші Жасан Тілеубеков.

Қазылардың да әділ бағалауға күш салғандары байқалады.

«Мұндай байқауда әр аудан, ауыл өнерпаздары ерекше өнер көрсетеді. Шеберліктерін байқатады. Себебі, бұл – мүмкіндік алаңы. Сондықтан, әр өнер ұжымын ерекше бағалап, құрметтеп отырдық. Әділдік – ең асыл қасиет. «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, бұл өнер додасында өнердің нағыз адал өкілдері өнер көрсетті. Өнердің сәт сайын өсіп өркендеп келе жатқанына куә болдық. Сондықтан, жүзден жүйрік ұжымдарды бағалау оңай емес екен. Оның бәрін байқап, бағалап отырдық. Қашанда шын талантты анықтау оңайға түспеген. Ұзақ ақылдасып шештік. Біз нағыз талантқа қиянат жасамау керектігін жақсы білеміз », – дейді

Пернебек Оспанов. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Ешкім де құралақан қалған жоқ. Баршасы өз өнерлеріне сай, лайық бағасын алды. Өнер ұжымдарының ішінде жүзден жүйрігі болатыны анық. Ең бастысы ансамбльдердің көпшілігі өздерінің халықтық атақтарын сәтті қорғады. Қазылар алқасының төрағасы Эльмира Дүтбаева ағынан жарылып сөз сөйлеп, нағыз талантты ұжымды таңдау оңайға соқпағанын айтты. Сонымен қатар олар қазылар алқасының қолынан диплом, арнайы сыйлықтарға ие болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар