«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңімпаз қыз жерлестер құшағында

Жеңімпаз қыз жерлестер құшағында
Автор
Жамбыл жұртшылығы «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің гран-при иегері, Байзақ ауданы, Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужанды салтанатпен күтіп алды. Тараз темір жол вокзалына жиылғандар жеңімпазды қуанышпен қарсы алды.

«Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Бұл фестиваль әрбір баланың даралығын, шығармашылық қабілетін танытып, өнер мен талантын бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жол ашады.

Биыл бұл мерейлі шара өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фестиваль талай дарынды баланың үмітін оятып, болашаққа сеніммен қарауына себепші болды. Фестиваль – жай ғана байқау емес, ол – шынайы шабыт пен жігердің, мейірім мен қолдаудың алаңы. Мерейтойлық фестиваль аясында республика бойынша 100 мыңнан астам қазақстандық ерекше балалардың өнерін тамашалап, өз таңдауларын жасап, дауыс берді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай орта мектебінің оқушысы Інжу Тілеужан халық ықыласына бөленіп, байқаудың Гран при иегері атанды. Талантты оқушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.

– Халықаралық балалар күнінің құрметіне Астана қаласында үлкен фестиваль өтті. Қазақстанның түкпір түкпірінен келген өнерлі балалардың барлығы да сайдың тасындай іріктелген, 1,2,3 орынды жеңіп, республикаға өткендер еді. Біздер төрт аталым бойынша бақ сынадық. Вокал, би, аспапта орындау және әнді музыкасыз тірі орындау. Мен би биледім. Болашақта би өнерінің білгірі болғым келеді. Менің биім көпшілікті таңқалдырды. Ең көп дауыс жинаған мен болдым. Осылайша гран-при иегері атандым. Фестивальда қазақстандық танымал жұлдыздар да өнер көрсетті. Қазақ биіне үлес қоссам деймін. Өмірімді би өнерімен ұштастырсам деген ойым бар, – дейді жеңімпаз.

Сонымен қатар, фестиваль барысында ерекше балалардың дамуына үлес қосып жүрген үш Жамбыл облысының педагогы «Жұлдызды ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – ұстаздар еңбегінің лайықты бағалануы мен құрметі.

«Жұлдызай» фестивалі – жүрекке жылу сыйлайтын, үмітке қанат бітіретін, ерекше балалар үшін үлкен сахна мен мүмкіндіктер есігі. Мұндай бастамалар қоғамның инклюзивті болашағына нық қадам болып, әр баланың шексіз мүмкіндіктері бар екенін тағы бір дәлелдейді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар