«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мамандық таңдау - маңызды қадам

Мамандық таңдау -  маңызды қадам
Ашық дереккөз
Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Т.Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағында мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Онда қаладағы колледждер мен кәсіптік білім беру ұйымдарының таныстырылымы мен шақыртулары көрсетіліп, қызықты кездесулер ұйымдастырылды.

Қатар-қатар тізілген колледждер өздерін оқушыларға, ата-аналарға таныстырып, студенттерінің жетістіктерімен, оқу орнының базасымен, шәкіртке ұсына алатын ұсыныстарымен таныстырды.

– Мамандық адам баласына өмір бойғы азық. Бір саланың маманы болу қажет ақ. Десе де бүгінгі жастарға бұл арман емес. Себебі шын қаласаң барлығы да орындалады. Кәсіпкер болғаннан маман болған, маман болғаннан кәсіпкер болған жақсы деп ойламау қажет-ақ. Екеуі екі түрлі. Жапондар өзінің ісін машықтандырып, сол саланы дамытып, үздігі болуға талпынады екен. Сол секілді бұл шарада біздер шәкірттерге бір мамандықты таңда, сол саланың жемісін көр деп ұсыныстар айтудамыз, – дейді «Тараз Ғасыр» колледжінің директоры Ғазизжан Мадимаров. Биыл оқушылар жұмысшы мамандықтарына көп көңіл бөлуде.

Жастардың бағыты басқа. Бүгінгінің ата-анасының да санасы өзгерген. Баяғыша қаржы, заңгер, мұғалімдік мамандықтарды жағалап жүргендер аз. Адам – еңбегімен ардақты Осы арада 9-сыныпты тәмамдаған ұлымен бірге жүрген ана Айсана Тымбаеваны жолықтырдық. Пікірін тыңдадық.

– Биылғы 2025 жылды Президентіміз жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Елдің бәрі креслода отырып бастық болса, жұмысты кім істемек? Жұмыс деген ең әуелі баршамызға қажет. Еңкейіп жерден бір нәрсені көтерсең де – жұмыс. Ұлымды Жамбыл политехникалық колледжінде жұмысшы мамандығына оқытсам деген едім. Қарап, таңдап жүрміз. Жұмысшылардың беделі жоғары, айлық жалақылары да тәуір. Биылдан бастап жұмысшыларға баспана да беріліп жатыр. Сондықтан жұмыстың жаманы жоқ, – дейді ол. Осылайша түлектер үшін бұл іс-шара өте қызықты өтті. Оқушылар қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, қажетінше көкейдегі сауалдарына жауап алды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар