Кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы Әулиеатадағы ашаршылық
- author «Ақ жол»
- 31 мамыр, 2025
- 433

Алмасып отырған әлеуметтік экономикалық, саяси және мәдени жағдайларға сәйкес қоғамдық-саяси және ұлттық сана формалары да өзгерді. Дәстүрлі әдет-ғұрып бүліншілікке ұшырап, жаңа түсініктер қалыптасты, ол өз кезегінде тіпті де жаңа түсініктермен ауыстырылған еді. Осындай жағдайда адам санасы өтіп жатқан өзгерістерді түйсініп үлгере алмауы себепті, жылдам ауытқып отырған тұрмыс салтына ілесе алмады.
1918 жылдың көктемінде кеңес өкіметіне өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы пролетариаттарды азық түлікпен қамтамасыз ету аса үлкен маңызға ие болған еді.
Большевиктерге бұл жағдайдан шығудың екі мүмкіндігі болды, не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі. 1918 жылдың 29 сәуірінде БОАК-тың мәжілісінде сөйлеген сөзінде Ленин:
«Иә, майда шаруа қожалықтары, майда меншік иелері бізге, пролетарийлерге помещиктер мен капиталистерді құлатуға көмекке келуге даяр екендігі рас, бірақ біздің одан арғы жолымыз олардан бөлек. Олар ұйымдасуды, тәртіпке бағынуды ұната бермейді, олар оның қас жауы. Дәл осы жерде біз осындай меншік иелерімен, осындай қожайынсымақтармен барынша ашық және аяусыз күресуіміз керек», – деген болатын.
Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін азық-түлік халық комиссары дәл сол аудиторияда:
«Мен барлық жауапкершілікпен мәлім етемін, сөз соғыс тұрғысында болып отыр. Тек қолға қару алып ғана азық-түлік мәселесін шеше аламыз, – деді.
Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті. 1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде жылдың соңына қарай аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны Әулиеата уезінде 44307, Ақмешітте – 24810, Түркістанда – 12296, Шымкент уезінде 33618 еді.
Осылай 1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан автономиясының азық түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті, Солтүстік Кавказдан, Ресейден, Сібірден тасылатын астық бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен теміржол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды.
Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Осы тұрғысында 1918 жылдың 30 қыркүйегіндегі Әулиеата уездік комиссарының баяндамасында уезд жағдайы мынадай мазмұнда беріледі: «Маған сеніп тапсырылған Әулиеата уезі төрт бөлімшеден тұрады: Таулық (Горный), Аса, Шу және Меркі. Онда 43 қырғыз болысы мен 75 орыс селениесі, олардың ішінде 21-і ескі, 54-і жаңа. Осы селениелердің 15-і жеке және 60-ы 12 болысқа біріктірілген, 5 селение неміс менониттік, 4 селение түземдік, 2 поселок дүнген, 1 селение татарлардікі, барлығы жеке селениелер – 87.
Қазіргі уақытта шамалап есептегенде халықтың саны 200 мың адамды құрайды. Аштықтан өлген түземдіктер қазіргі уақытта, яғни 1917 және 1918 жылдың алғашқы жартысында 60 мың төңірегінде. 1917 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша халықтың саны 300 мың адам болған».
Бұл арада уездің саяси кеңістіктегі параметрі айқындалып-ақ тұр. Көпұлттық құрамын, елді мекендердің көп екендігін, сол кезеңді алғанда жалпы халық санының көптігін, сонымен қатар большевиктер өкімет басына келуінің жергілікті халыққа бірден қырғын әкеліп, 60 мыңдай адамның аштан өлгендігін де осы құжат көрсетіп тұр. Ары қарай баяндамада: «1) Түземдік халықтан 1917 жылғы салықтың көлемі, барлығы 297,381 р. 79 к. 2) Биылғы жылға халықтан алынатын салыққа байланысты төлем қағаздары (окладные листы) таратылып берілген жоқ. Қаланың әртүрлі мекемелеріндегі қарыз 100 мың рубль. Бұларды менің орнымдағылар қоғамдық қордан берген екен, қоғамдық қордың 4 кассасы босаған, ол әлі де бос», делінген.
Берілген құжат уездегі экономикалық жағдайдың ауырлығын көрсетеді, мұның өзі тиісінше жаңа өкіметтің нығаю мүмкіндігін, оның беделге ие болуын тежеді. Себебі олар өз іс-қимылдарын сүйкімсіз іс-шаралардан, өткен жылы төленбеген салымдар мен осы жылғы салықтарды жиюмен бастаған еді. Жергілікті өкіметтің халықтың төленбеген салымдарын үш жылға соза тұру әрекеті жүзеге аспай, Ташкенттен тез арада төленбеген салымдарды да, сонымен қатар осы жылғы салықтарды да тез өндіру туралы нұсқау түсті.
«Түземдік және орыс халқының экономикалық жағдайы 1917 жылы егіннің болмауына байланысты, әсіресе біріншілерінікі өте ауыр, сондықтан да олар 1917 жылғы төленбеген салым мен осы жылғы салықты төлей ала ма, оны болашақ көрсетеді», делінген құжатта. Бұдан соң былай жазылған: «Капиталистік үкіметтердің орасан зор соғыс өртін тудырып, осыған байланысты елді зар жылатқан мобилизация, одан кейінгі кәмпескелеу, рубль құнының түсіп кетуі, 1916-1917 жылдардағы құрғақшылық және малдардың жаппай қырылуы, осының бәрі өлкедегі онсыз да әлсіреген мал шаруашылығын одан бетер құртып кетті. Ал көшпенділердің мал бағудан басқа өмір сүру тәсіліне бейім еместігі, соңғы жылдары жергілікті халықтың 30-50 пайызға дейін жойылып кетуіне әкелді.
Әулиеата уезі (көшпелі) халқының саны 332 мың 461 адамнан 131 мың 783 адамға қысқарды, яғни 200 мың 678 адам өлді немесе көшіп кетті». Ары қарай құжатта рубльдің ең төменгі шегіне дейін құнсыздануы, осыған байланысты барлық қажетті тауарларға бағаның барынша көтерілуі, малшылардың шаруашылығын әбден титықтатып, өте маңызды шаруашылық өндірісі болып саналатын мал шаруашылығын, сонымен бірге олардың иелерін, яғни көшпенділердің де іс жүзінде құрып кетуіне әкелуі әбден мүмкін екендігі айтылады.
Жағдайдың өте қиын болғандығы көрініп тұрды, осыған байланысты шұғыл іс-шаралар қабылдау керектігі де айқындалып тұрғандай. Әулиеата уезінде халықтың көп қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Осындай жағдайда ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған БОАК-тың 1918 жылдың 9 мамырындағы «Азық түлік Халық комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы» декретінің 7-бабында:
«Қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады», – деп көрсетілген.
Осыдан кейін-ақ Түркістан республикасы Орталық комитеті төрағасы үшін Солькин, Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Колеев, Азық-түлік комиссары Казаков қолдарын қойған қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіндігі ескертіледі. Дегенмен, негізгі құрбандығы мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге құрамына бірде-бір жергілікті халықтардың өкілі енгізілмеген жаңа өкімет селқостықпен қарады. Тіпті жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған
Азық-түлік комиссары Казаковтың кейіннен Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұқарадан сатып алынған шәйді 3 миллион сомға бұхаралық саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі туралы да айтылады. Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата Депутаттар кеңесі атқару комитетінің 1918 жылдың 7 қазанында Хмелевскийдің төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары (қазақтары) қырғыз (қазақ) Депутаттар кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыл әскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқандығы айтылады. Депутаттар сонымен қатар Айдаралы Берденовтың сол қызыл әскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) «егер 5 мың сом ақша берсеңдер, малдарыңа тимейміз» дегендігін айтады». Б
ұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық. 1917-1918 жылдардың қысы аса ауыр жағдайда өтті. 1917 жылдың күзіне таман басталып, 1918 жылдың қыс айларында үдей түскен ашаршылыққа ең алдымен уездің көшпелі халқы ұшырады. Ал уездің отырықшы орыс шаруалары мұндай ауыртпалықты басынан кешірген жоқ.
Мысалы, уездің бір ғана Гродеково селосындағы орыс шаруаларының қамбаларындағы астықты тексергенде, 84 отбасында (653 адам) 5.185 пұт бидай, 533 пұт ұн сақталған, яғни жан басына шаққанда шамамен 9 пұт шамасында астық болғандығы анықталды. Көптеген орыс шаруаларының артық астықтарын базарда үстеме бағаға сатуға мүмкіндіктері бар еді. 1917 жылдың соңында Әулиеата уездік кеңесінің өкілдері Хоменко мен Жужин уезд халқы үшін Ақмола облысынан 100 мың пұт астық сатып алады, бірақ бұл астық уездегі ашыққан көшпелі халыққа берілмей, негізінен орыс жұртшылығы мен әскери бөлімдерге таратылады.
Әулиеата уезіндегі көшпелі халық арасында аштық қатты етек ала бастады. Түрліше жұқпалы аурулар – сүзек, іш аурулары, тырысқақ, құрқұлақ, оба, тері аурулары тез тарап жатты. Аш жалаңаштықтан, індеттен қырылған адамдардың өлігі ит-құсқа жем болып, дала-далада шашылып қалды. Оларды жинап, жерлеуге өкімет мекемелерінің күш-қуаты жетпеді, қырсыздық мүмкіндік бермеді. Міне, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде саяси белсенді іс-әрекетімен таныла бастаған Тұрар Рысқұлов депутаттардың ұсынуымен 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады.
Саяси билікке қол жеткізген Т.Рысқұлов өз күш жігерін ашыққан халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерде жергілікті басшылардың көбеюіне жұмсады. Бүкіл Түркістан өлкесінде алғаш рет уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартып алынған қазақтардың бұйымдарын, малдарын өздеріне қайтарып бергізуге тырысты.
«Дәл осы сәттен бастап уездегі 200 мың қазақ халқына, әсіресе кембағалдарға, мен және менің қызметкерлерім езілгендерді құтқарушылардың нағыз өздері болып көріндік» – деп еске алады Т.Рысқұлов.
Тұрар Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі де тез өзгере бастады. Оның ұйымдастыруымен 1918 жылдың 21 сәуірінде, уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен, Әулиеата қаласында қазақ жұмысшыларының үлкен жиыны болып өтті. Ашық дауысқа түскен 9 адамның арасынан кеңестің мүшелігіне 4 адам өтті.
Осылайша 1918 жылдың сәуір айының аяғында Әулиеата уездік кеңесі 26 мүшесінің 15-і, ал атқару комитетінің 14 мүшесінің 3-еуі жергілікті халық өкілдері болуына қол жеткізілді. Уездік кеңес 1918 жылдың 23 сәуірінде жұқпалы аурулармен күрес шараларын белгілеп, жұмысты үйлестіру үшін санитарлық комиссия тағайындады.
Әулиеата қаласының маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. Асханалардың ырғақты және ұйымдасқан түрде жүмыс істеуіне Т.Рысқұлов көп күш-жігер жұмсады. Бұл асханалардың 1918 жылдың тамыз айындағы жағдайы туралы Әулиеата уездік комиссарының есебінде былай деп көрсетілген: «Аштарға құнарлы тамақ берілуде, сондықтан да олардың жүріс-тұрысы ширақ. Тамақтандыру орындарындағы аштарға деген жақсы күтімнің арқасында соңғы кезде өлім жітім едәуір азайды».
Дегенмен, Т.Рысқұловтың Ташкентке қызметке ауысуына байланысты, аштарға көмектесу тұрғысындағы талап бірден босаңсып, жағдай қайтадан шиеленісіп кетеді. Мәселен, аштарға көмек ісі бойынша тағайындалған эмиссардың 1918 жылдың 22 қазанында Әулиеата атқару комитетіне жазған мәліметінде, уездік кеңестің бұл істі бетімен жіберуіне байланысты, тамақтандыру органдарының тығырықка тірелгені атап көрсетілген. Ары қарай 1918 жылдың 12 қарашасында
Әулиеата уезінің аштарды тамақтандыру жөніндегі эмиссары Нұршанов Ақыртөбедегі аштар орналасқан киіз үйлердегі жағдайға тоқтала келе, олардың сол күні тамақ ішпегенін анықтағандығын айтты. Осы орайда Әулиеата қаласының тегін нан кәртішкелерін пайдаланып отырған қызметкерлер тізімінде (барлығы 34 адам) тек еуропалық нәсілдегі адамдардың аты жөндері жазылғанына мән беруге болады. Бәлкім, осы қаладағы жоғарыдағы және басқа да тізімге кіргендерді тамақтандыру ниетінде болса керек, 500 қой қабылдаған ет дайындау бөлімінің төрағасы Ярувельский мен агент Столяров бұл іске белсенділікпен кірісіп, сатып алу құнын өздері белгілей отырып, етке және салоға (ол үшін шошқа майын да іздеттірген болар) қажеттілерін бөлек реттеген.
Ауылдардағы аштықтан діңкелей бастаған қазақтарды одан әрі діңкелеткен белсенділердің бірі Әулиеата уезінің солдаттар, жұмысшылар, шаруалар, депутаттар комиссиясының мүшесі Мечиков Үшбұлақ станциясынан қайтып келе жатқанда, 15 атты қырғыздың (қазақтың) қуып жетіп, ақша талап еткенін, одан өзінің төрт рет мылтықтан оқ атып, әрең құтылғандығын жазады. Саяси күштердің аталған өзіндік ерекшеліктері қоғамдық санада, әсіресе азамат соғысы тәжірибесінде, кез-келген мәселе тек күш қолдану негізінде шешімін таба алады деген саяси түсініктің берік қалыптасуына алып келді. «Құқық күшін күштің құқына» айналдыру формуласы үстем болып шықты. Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады.
Онда Әулиеата уезі Алмалы болысының бес тұрғыны – Нұрманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбеков уездік депутаттар кеңесіне:
«Осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100 ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды», – деп арыз түсіреді.
Бұл жерде арыз берушілер мәселесінің сиырқұйымшақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар, әрине, аз болған жоқ, оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың.
«Әскери коммунизм» деген атпен белгілі экономикалық саясат Түркістан өлкесінде елдің орталық аудандарынан бөлек жағдайда жүзеге асырылды. 1918 жылдың 15 тамызындағы азық-түлік комиссариатының бұйрығына сәйкес «Республика ОАК және ХХК бекіткен, шұғыл өткізілген азық-түлік мәселесіне байланысты съезінің қаулыларына қосымша, өлкенің сауда жасау еркіндігіне тағы да айтарлықтай тыйым салынды.
Нанмен сауда жасауға тек міндетті түрде кедейлердің пайдасына әрбір десятина жерден 4-10 пұт астық өткізген квитанциясы бар өндірушілер ғана жіберілді. Нан өнімдері тек жергілікті азық-түлік ұйымдарының рұқсатымен ғана сатылатын болды, оны сататындардың тізімі де осы ұйымдарда бекітілді. Оның орындалуын бақылау ақсақалдар мен милицияға тапсырылды. Әр «нан жеушінің» бір жылдағы 10 пұт нормасы есепке алынып, осыдан бір айлық қажеттілігі өткерілді. Сонымен қатар, жаппай нан сатып алу мен тауар айналымы мәселесі тек қана Өлкелік азық-түлік директориясы агенттерінің құзырында болып, солар ғана өндірушілерге жергілікті жерлердегі жағдайға байланысты бағаны белгілеп берді.
Бұл қаулылардың әлеуметтік әділеттілігін ескере отырып, дегенмен оның құқықтық мазмұнда болмағандығын айтуымыз қажет. Әйтсе де мұның өзі бағаның өсуін уақытша жойып, халықтың біраз бөлігін аштықтан құтқарып қалды. Қаулыда республиканың бірде-бір ұйымына нан өнімдерін оны өндірушілерден күштеп сатып алуына (реквизициялауға) және оны пайда көру мақсатта сатып алуға тыйым салынды, бұйрық орындалмаған жағдайда революциялық трибуналдың сотына тарту қарастырылды.
Әулиеата уезі қалалық кеңес атқару комитеті президиумның 1919 жылдың ақпанындағы қаулысына сәйкес, аштарға көмек ретінде бірнеше іс-шаралар белгіледі. Уезд капиталистерінің тізімі бекітіліп, оларға 227 мың рубль, 650 копеек ақшалай, 2350 қой, 340 ірі қара мал мөлшерінде контрибуция салынып, осыны Уезашкомға өткізу тапсырылды. Салынған контрибуцияны үш күннің ішінде төлемеген жағдайда, капиталистің мүлкі түгелдей есепке алынып, мемлекет қарамағына өткізілуге жатты.
1918 жылдың 31 қазанында Әулиеата уезінің атқару комитеті ашаршылыққа ұшырағандар туралы мәселені қарастырып, Таулы бөлімшедегі алыпсатарлардан қабылданған қойлардың 10 пайызын кәмпескелеп, оны аштарға көмектесу қорына өткізу, Меркі бөлімшесіндегі 900 қойды және Черняев уезіме шекарада реквизицияланған қойлардың 10 пайызын да осы қорға өткізу жөнінде қаулы қабылдады. Қаулының екінші параграфы «300 ірі қара малды қырғыздардың (қазақтардың) бақуат бөлігінен кәмпескелеуді» де көздеген еді.
Атқару комитетінен комиссия тағайындалды, оған Қожабергенов және Яцук жолдастар және уезд болыстарының мән-жайын анық білетін, қырғыз-қазақ конференциясының өкілі Жанұзақов енді. Сонымен қатар Таулы бөлімшедегі қойлардың дұрыс реквизицияламағандығы туралы да мәселе қаралды. Малдарды «саудаға түсетін және малда қалдырып, өсімін алатындар» деп екіге бөліп, атқару комитеті «Сатылатын қойларды белгіленген бағамен өткізіп, кедейлер үшін қалада ет сататын лавка ашу» туралы қаулы қабылдады. Өсім үшін қалдырылған қойларды егелеріне қайтару көзделінді, бірақ олардан аштар қорына көмек ретінде 10 пайыздық төлем алынып тұру қарастырылды.
Азық-түлік салғыртының барлық қимылдары «әскери коммунизм» саясаты ауқымындағы маңызды міндет ретінде қарастырылды. «9-шы Кеңес және 5-ші Түрк республикасының партия съездері қаулыларына кереғар, жергілікті атқару комитеттері мен партия ұйымдары азық түлік органдарында лайықсыз жағдайлар жасап жатқандығы туралы мәліметтер түсуде.
Салғырттың кулактардың күшті ықпалымен өтіп жатқандығы туралы мәліметтер бар. Азық-түлік мәселесі қазіргі кезде Түрк республикасының өмірлік маңызы бар мәселесі және осыған ерекше назар аудару қажет». Осы көрсетілген құжат ТКП ұйымдарына, армия мен теміржолдың саяси бөлімшелеріне арналып, оған Түркістан КП ОК хатшысы Н.Рахымбаевтың қолы қойылған, ол кейіннен Түркістан ОАК ның 1920 жылдың 9 қарашасындағы қаулысымен толықтырылып, онда Сырдария обкомына партиялық және кеңестік белсенділерді азық-түлік органдары қызметіне мобилизациялау ұйғарылады. Бұл арада жаңа экономикалық саясаттың енгізілуіне аз қалғандығына қарамай, азық-түлік салғыртын жүргізудегі күштеу шаралары екпінінің қаттылығына мән беруге болады.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры,
«Өңіртану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры
Ұқсас жаңалықтар
Жан-жақты сауалға – салмақты жауа
- Бүгін, 08:56
Әскери кафедра - болашақ офицерлер ұстаханасы
- Бүгін, 08:04
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді