«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда «Қолөнершілер үйі» креативті хабы ашылды

Таразда «Қолөнершілер үйі» креативті хабы ашылды
Автор
Тараз қаласында екі күнге жоспарланған креативтік индустрия өкілдері форумы креаторларға арналған акселерациялық оқытулардан басталды. Бұл шеберлік сабақтары Тараз қаласындағы «Аcпара» колледжінің базасында өтті. Форум жұмысына серпін беріп, өтуіне ықпал еткен аталған сән колледжінің директоры, Азия-Тынық мұхиты бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев екенін айта кеткеніміз жөн.

Әуелі біз алматылық білікті маман Наталья Лемешконың керамикамен жұмыс, киізден бұйым жасау бойынша шеберлік сабағына куә болдық. Бұл сабаққа 65 қолөнерші қатысты. Ал былғарыдан бұйымдар жасау бойынша Алматы облысынан келген Дәулет Дәркембайұлы шеберлік сабағын өтті. Ол шетелде өткен халықаралық көрмелерде «Кісе белбеу», «Кемер белбеу» секілді қолтума бұйымдар жасап, резонанс тудырған Дәркембай Шоқпаровтың ұлы. Дәулет те – халықаралық байқаулардың жүлдегері.

Біз бұл топтан «Қолөнер Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Құндызбаеваны, суретші Қазым Аманқосовты кездестірдік. Қазым бұл сабақта 8 өрім қамшы өру әдістерін үйреніп жатқанын айтты. Ер, ат әбзелдерін соғумен шұғылданатын меркілік шебер Қуантай Жүнісбеков те шеберлік сабағына қатысты. Өзінің цехы бар Иргаш Аманқосовтың да үйренері көп.

«Шеберлік сабағына келіншегім екеуміз арнайы келдік. Біздің аяқ киім тігу цехымыз бар. Енді былғарыдан бұйым жасауға мамандансақ деген ойымыз бар. Осында келіп үйренген дүниеміз аз емес. Ұйымдастырушыларға рақмет», – дейді ол.

Қышпен жұмыс бойынша Оксана Красенко шеберлік сабағын жүргізді. Бұл сабаққа басқа да мамандармен бірге Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің көркем қыш пәнінің оқытушысы Тұрар Әбуман да қатысты.

«Өзім қыш өнерінен сабақ берсем де, бұл жиыннан алатыным көп. Шеберлік сабағынан өзімше ой түйемін», – дейді ол.

Ал төртінші топта қолөнершілер ою-өрнектер бойынша шеберліктерін арттырды. Бұл сабақты «Аспара» колледжінің мамандары жүргізді. Үйренуші Эльмира Жантаева «Қобыз» деген еңбек бойынша ізденіп, оған өзінше идея қосып жатқанын айтты. Ал өз шеберлігін дамытуға келген қолөнерші Аманкүл Жантаева 76 жаста. Бұл жерде үйренудің ешқашан кеш емес екенін түсіндік. Қолөнер шебері Анар Бексұлтанова аяғымен ою жасап ерекшеленуде. Жуалылық Әсел Төлепберген мен Жаңатас қаласынан келген Гүлмира Мәлімбаеваның өнерді үйренуге деген талпынысы жоғары. Осылайша, шеберлік сабақтарының сәтті өткеніне куә болдық.

Форумның екінші күні Тараз қаласы, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Қолөнершілер үйі» креативті хабының ресми ашылуымен басталды. Бұл – Таразда креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды оқиға. Аталған іс-шараның лентасын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» қоғамдық қорының вице президенті Дәмелі Жанашева, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының президенті, Азия-Тынық мұхиты бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев қиды. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қонақтармен бірге ғимаратты аралап көріп, қолөнершілердің жұмысымен танысты.

«Қолөнершілер үйінде» бүгінгі күні «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер Одағы», «Шебер Шаңырақ», «Альянс-Тас Шебер» сынды қоғамдық бірлестіктер мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Мұнда шеберлерге кәсібін дамыту, өнімдерін коммерцияландыру және жастарға тәжірибе беру мүмкіндіктері қарастырылған. Олар қолөнер саласын жан-жақты дамытуға күш салуда. Баршасының жұмыстары көңілге қонымды.

Серік Жақсылықұлы барлық қолөнер шеберлеріне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тілеп, әкімдік тарапынан үнемі қолдау болатынын жеткізді. Мұнан соң көркемсурет галереясында креаторлар форумы басталып, жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйледі.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2021 жылы креативті индустрияларды дамыту және іске асыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әрбір облыс орталығында және ірі қалада креативті индустрия орталықтарын, яғни креативті хабтарды ашуды тапсырды. Осы саланы дамыту жұмыстарын үйлестіру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Креативті индустрияларды дамыту департаменті құрылды. 2025 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша түзетулерді көздейтін заңдарға қол қойды. Атап айтқанда, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді, Үкімет креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындады. Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру қағидаларын бекітуді қарастыруда. Бұл ретте креативтік индустрия саласын дамыту үшін жеңілдетілген несиелер беру, грант бөлу, креаторларға өз өнімдерін коммерцияландыру және креативтік технологиялық өнімдерін халықаралық нарыққа шығуына қолдау көрсету үшін жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар «ЯНДЕКС – Қазақстан» компаниясымен бірлесіп, креаторларға арналған акселерациялық оқыту бағдарламаларын жүргізуді жоспарлауда. Өз кезегінде 2024 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысындағы креативті индустрияларды дамыту бойынша уәкілетті орган болып Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы белгіленді. 2022 жылы киелі Тараз қаласы әлемнің 25 мемлекетінің 56-шы қаласы болып дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енді. Тараз – Қазақстан бойынша осы тізімге енген ең алғашқы қала. Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, қолөнершілер бағыты бойынша бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның шығармашылық қалалар тізіміне Тараз қаласын қосу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Қазір мұнда өз кәсібін жетілдіру үшін қолөнер шеберлеріне жағдай жасалған. Сонымен қатар, жастардың да шеберлерден тәлім алуына мүмкіндіктері мол. Алдағы уақытта креаторларға қолдау көрсету мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы креативті индустрияны дамыту қоры құрылып, әр өңірде филиалдары жұмыс атқаратын болады. Облысымызда «Қолөнершілер үйі» креативті хабының ресми ашылуы, оларды акселерациялық оқыту, өңір қолөнершілеріне деген қолдау, осындай іс-шаралар келешекте жалғасын табады, – деді ол.

Мұнан соң Дәмелі Жанашева, Айдархан Қалиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, «Жамбыл облысының Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан сөз сөйлеп, қолөнершілерді қолдауға қатысты ойларын айтты.

Жиын соңында қоғамдық бірлестік төрағаларына арнайы сертификат берілді. Жиынды Серік Сәлемов қорытындылап, қонақтар мен барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Мұнан соң креаторларға арналған акселерациялық оқыту сабақтары жалғасып, шеберлік сабағына қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар