
Жиынға қатысушылар алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған арнайы тақырыптық көшпелі көрмесін тамашалады. Көрмеде соғыс және еңбек майданындағы аналарға арналған мұрағаттық құжаттар, тарихи жәдігерлер мен фотоматериалдар көрсетілді. «Өмірдің нұрланған таңы үшін» атты әдеби-сазды композиция барысында әсем ән мен тәтті күй орындалып, биден шашу шашылып, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Инклюзия және театр» жобасының қатысушыларының, яғни, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің сахналауымен Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романынан тағылымды үзінді қойылды.
Қойылымның сәтті шығуына жоба жетекшісі Гүлзада Қырықбаева тер төккенін айта кеткен жөн. Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сейдахан Бақторазов «Жеңісті жанкешті еңбегімен жетелеген» атты тақырыпта көлемді баяндама жасады.
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім басшысы Назым Қожамарова архивтер негізінде құнды мәліметтермен бөлісіп, «Архивтердің ізімен» тақырыбында ой қозғады. Кештің әсерлі негізгі сәті – «Ұрпаққа ұлағат» атты сыр-сұхбат болды. Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегімен танылған Сындыбала Оңғарбаеваның ұрпақтары ортадан табылды.
Атап айтқанда, 87 жастағы келіні Нұрзила Бұрқиева, туысы, қоғам қайраткері Алпысбай Смайлов, немересі Зина Тұңғышбаева, немере келіні Райхан Маутаева, шөпшегі Балнұр Серікқызы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Қатысушылар Сындыбала Оңғарбаеваның тұлғалық болмысы мен еңбек жолына тереңірек қанықты. Бұл сырласу сәті көрермендердің көңілін толқытып, залда ерекше ықылас пен құрметке толы атмосфера орнатты. Кешті облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов қорытындылады. Ол кісі өткеннің өнегесі – болашаққа бағыт беретін шамшырақ екенін айта келе, осындай тағылымды шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Сындыбала Оңғарбаеваның ұрпақтарына құрмет көрсетіп, сый сияпат жасады. Ал «Сырғалым» сырласу клубының жетекшісі Балауса Оралбаева «Боз орамал» әнін орындап, аналарға деген жүрекжарды құрметтің нышанын жеткізді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді