«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақпараттар ағыны

Ақпараттар ағыны
Автор
Ақпараттар ағыны

ӘСКЕРИ ШЕРУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді. Бұл күнде елордасы Астана қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты әскери шеруге қызу дайындық жүріп жатыр. Бас қаланың орталық көшелерінде күн сайын әскерилер сап түзеп, арнайы техникалар шеру тәртібімен жүріп өтуді пысықтауда.

7 мамыр күні өтетін шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі» монументінің жанында ұйымдастырылады. Ел жүрегінде өтетін бұл көрініске 4 мыңнан астам әскери қызметші, 24 парадтық есептоп, 200-ден аса әскери техника мен қару-жарақ түрлері қатысады. Сонымен қатар, биылғы шерудің ерекшелігі – әуе шоуының ауқымдылығы. Қазақстанның майдандық, армиялық және әскери көліктік авиациясы қатарынан 66 ұшу аппараты елорда аспанында қалықтайтын болады.

Шеру үш негізгі бөлімнен тұрады. Алғашқы кезең – жаяу әскердің саптық шеруі. Еліміздің әр түкпірінен жиналған әскери бөлімшелер бой түзей өтіп, ел қорғаныс қуатының айқын бейнесін көрсетпек. Екінші бөлімде көрермендер назарына механикаландырылған колонналар ұсынылады. Бұл қатарда тарихи жауынгерлік техникалар мен қазіргі заманғы заманауи қару-жарақтар өз шеруін өткізеді. Шерудің шарықтау шегі – әуе парады.

Қуатты қозғалтқыштар гүрілі мен аспанды тіліп өтетін авиация – елдің әуе қорғанысының темір қанаты мен айбынды рухының белгісі. Бір сөзбен айтқанда, әуе күштері 7 мамырда толық құрамда Астана аспанында қалықтайды.

ӘУЕ КҮШТЕРІ ЖЕҢІС ШЕРУІНЕ САҚАДАЙ САЙ

Жуырда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің 19132 әскери авиациялық базасы шеруге дайындық барысын көрсетті. Базаның аумағында қарбалас тіршілік. Әр бұйрық – нақты, әр қозғалыс – үйлесімді. Мұнда тек әскери тәртіп қана емес, жүректегі сенім мен ұлт алдындағы жауапкершілік билік құрған.

19132 әскери базасының ұжымы шеруге қатысуға дайындықты бір ай бұрын бастаған. Парадқа 66 түрлі әуе техникалары жұмылдырылған. Олардың қатарында тікұшақтар, майдан, әскери көлік және армиялық авиация бар. Сонымен қатар, резервтік ұшақтар мен экипаждар қамтамасыз етілген. Техникалық қызмет көрсету бөлімі күн сайын таңнан кешке дейін жұмыс істеп, әрбір ұшақтың ұшу жарамдылығын мұқият тексеріп отыр. Қозғалтқыштар мен басқару жүйелері, қару-жарақ пен байланыс құралдары, тіпті ұшақ сыртына жағылатын бояу мен эмблемаға дейін парад талаптарына сай жаңартылған. Бұл көрермен үшін көз тартарлық көрініс болса, әскери ұжым үшін мақтаныш пен мінсіз сапаның көрінісі. Техника қаншалықты мықты болса да, оны көкке көтеретін – ұшқыш. Әрқайсы парад сапында ұшып шығу тек мансаптық мәртебе емес, жүрекпен сезінетін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Олар күн сайын бірнеше сағат бойы әуеде жаттығып, саптық ұшуларды пысықтау үстінде. Айта кетейік, бұған дейін бес оқу-жаттығу жиынын өткізген. Әскери шеруге дейін шамамен тағы үш жаттығу өткізіледі деп жоспарланған.

– Авиация үшін кез келген ұшып көтерілу белгілі бір дәрежедегі тәуекел. Сол тәуекелдерді барынша азайту үшін ең алдымен барлық дайындық жер үстінде мұқият жүргізіледі. Әуе күштерінің ұшу құрамдары бірлескен әрекетті жетілдіру мақсатында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір экипаждардың үйлесімді жұмысын арттыруға басымдық берілген», – деді Әуе күштері қолбасшысының инженерлік авиациялық басқармасының аға инженер-инспекторы, майор Азамат Темірғали.

Жалпы, биыл әскери шеруге Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінен 1 301 адам қатысады. Оның ішінде 531 әскери қызметші – жаяу саптық құрамда, 178 – ұшу құрамында, 22 – механикаландырылған колонна экипажында, 570 – қамтамасыз ету бөлімдерінен. Сонымен қатар парадқа түрлі ұрыс тәртібінде сап түзей отырып, А-400М, Л-410, Л-39NG секілді алғаш рет қатысып отырған заманауи ұшақтар қатысады. Шеру соңында 6 Су-25 ұшағы еліміздің Мемлекеттік Туы бейнеленген түтін жолақтарын қалдырып, әуедегі парадты түйіндейді.

АУДИОКІТАПТА – МАЙДАНГЕРЛЕР ШЫҒАРМАЛАРЫ

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жеңістің 80 жылдығына орай алғаш рет тың тарихи-мәдени жобаны іске асырды. Жоба аясында қазақ әдебиетінің майдангер өкілдерінің таңдаулы туындылары дыбысталған.

Тыңдаушылар енді Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», Әди Шәріповтің «Партизан қызы», Дихан Әбіловтің «Майданбек», Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті», Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Тайыр Жароковтың «Зоя туралы жыр», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» және Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» секілді шығармаларын кәсіби дикторлардың орындауында тыңдай алады. Сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн» және Қасым Қайсеновтің «Партизан соқпақтары» атты туындылары да аудиоформатта дайындалып жатыр.

Аудиожазбаларды Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы арқылы еркін тыңдауға болады. Шығармаларды танымал дикторлар – Марат Болатұлы, Қайрат Ахметжанов, Шыңғыс Үркімбаев, Бекзат Сабыр, Бекзат Сейітмамытұлы және Бағдат Бекмағамбетов дыбыстаған. Министрліктің хабарлауынша, бұл бастама – майдангер қаламгерлердің ұлт руханиятына қосқан зор үлесін ұлықтап, жастардың тарихи санасы мен патриоттық рухын нығайтуға бағытталған.

ЕРЛІКТІ ДӘРІПТЕГЕН КОМИКС

Қазақстандық студент жасанды интеллектінің көмегімен Әлия Молдағұлова туралы комикс жасап шығарды. Көркемай Елеусіз бұл ерекше жобасын қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл толуына орай әзірлеген.

Автор батырдың ерлігі мен өмір жолын жеңіл, көркем әрі тартымды форматта ұсынған. 2-курста оқитын Көркемай комикс идеясын жүзеге асыру барысында жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өміріндегі маңызды оқиғаларды мектеп оқушыларына түсінікті әрі әсерлі етіп бейнелеуге тырысқан. Жоба жас оқырманның патриоттық сезімін оятуды көздейді.

– Қазір комикс жасөспірімдер арасында жай ғана суретті кітап емес, бұл тәрбиелік мәні бар, шабыт сыйлайтын құралға айналды. Осыны ескеріп, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосқым келді. Осылайша, тарихи деректерге сүйеніп Әлия Молдағұлованың майдандағы ерлігін қысқа эпизодтармен жаңа формада ұсындым, – дейді К. Елеусіз.

Айта кетейік, жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми парақшасында жарияланды. Болашақта автор бұл форматта басқа да қазақ батырлары туралы сериялар әзірлеуді жоспарлап отыр.  

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар