
Бұл – жүк астына қоятын төрт аяқты, ағаштан жасалған бұйым. Оның үстіне көбінесе оюлы сандық тұратын болған. Көшпенді халқымыз осынау жиһазды бедерлеп, сырлап, оюлап, бар өнерін салып жасайтын болған.
Аталған жүкаяқты 2000 жылы Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне Абай ауылының тұрғыны Зиракүл Сасықбаева әжеміз сыйға тартқан. Зирагүл Күреңкеқызының айтуынша, бұл бұйымның өз тарихы бар. «Бұл ХІХ ғасырдағы көне зат. Әжелеріміздің артынан келіп, сақталған. Кемі 150 жыл бұрынғы көне зат. Ол кезде қыз жасауына ерекше мән беретін еді. Ауылдағы апа-әжелер қыздың көрпесін жабылып тігетін еді.
Бұл әрекет ауылдың бірлігіне, әжелер мен аналардың ынтымағына оң әсер ететін. Қазір көбінесе бәрін дайын күйінде алады емес пе? Бәлкім ол да дұрыс шығар. Бірақ, өз қолыңмен тігілген бұйымдай қайдан болсын. Бұл көне зат енді осы музейдің құндылығына айналсын» деген екен жүкаяқты тапсырарда. «Қазақтың көне құнды қазынасы деп бағалап, келушілердің көбісі назар аударып жатады.
Әсіресе, студенттер мен оқушылар қызығушылық танытады. Жастардың назары ауғанына біз де қуанып жүреміз. Бағалы жәдігердің алдағы уақытта да құндылығы арта берері анық» дейді музей қызметкері Айдана Шотбасова. Аталған музейде құндылықтар аз емес. Тіпті, аулаға ашық аспан астындағы тұрақты көрме де жасақталған. Сол заттардың барлығы тарихымен де бағалы.
Ауданның, жеке кісілердің тарихын ауыл тұрғындары да ерекше қадірлейді. Көне заттарға құрметпен қарайды. Соның қатарында жасалғанына жүз жылдан астам уақыт өткен жүкаяқ та бар.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді