«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Малдың бабын тапқан майталман

Малдың бабын тапқан майталман
Ашық дереккөз
Талас өзенінің құмға жақын жатқан сағасында Үшарал деген ауыл бар. Өзі тәтті қауынымен аты шыққан ерекше ауыл. Кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Әбдір Сағынтаев ұзақ жыл басқарған Таласта асыл тұқымды мал осы ауылдың еншісінде болды. Ол ауыл уақытында тікелей Мәскеуге бағынумен ерекшеленді.

Міне, осындай ерекше ауылдың қарапайым әр адамы адал еңбектің майталманы. Осындай еңбек адамының бірі – Қыдырбек Қоныс. Ол өз өңіріміздегі мал дәрігерлік техникумын бітірісімен, ауылына қайта оралды. Бұрынғы «Талас» асыл тұқымды мал зауытының №1, №3 фермасында мал дәрігері болып ұзақ жыл еңбек етті.

Қатардағы мал дәрігерінің жұмысы өте жауапты. Жалпы, «Медицина адам өмірін сақтаса, ветеринария адамзатты сақтайды» деген қағида бар. Осындай қағидаларды бойына сіңірген Қыдырбек әр шопанның ауылында, әр бас малдың амандығы үшін тер төкті. Уақытылы екпесі салынған, мезлігімен қажетті дәрумен, тұзбен қамтылған мал ауруға төзімді келеді. Білікті мал дәрігерлері ауру малды емдемейді, алдын алады. Сондай білікті маман екеу болса, біреуі – Қыдырбек.

Осындай елгезектігі себеп болған шығар, Қ.Кеңесбекұлы 1989 жылы «Үшарал» асыл тұқымды мал зауытына комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. 29 жастағы жалындап тұрған жігіт шағы. Жастарды кеңшардың барлық ісіне жұмылдыра білді. Екі жылдан астам уақыт осы қызметті атқарған соң, Коммунистік партия тарап кетті. Қыдырбек Қоныс өзінің мал дәрігері жұмысына қайта оралды. Қайтадан еңбек адамына айналды.

«Жұмыстың жаманы болмайды. Өзіңнің көңілің қалаған істің рахаты мен жемісі бөлек. Мал дәрігері – негізгі жұмысым. Сол жұмысты беріліп атқарған кезде айналамды ұмытамын. Менің қолыммен малға салынып жатқан әрбір екпе ел байлығын еселеуге, қала тұрғындарын етпен қамтуға қосылып жатқан үлес деп есептеймін. Менің әріптестерімнің барлығы да сондай патриоттық ұғыммен еңбек етті», – дейді ол.

Қыдырбек Кеңесбекұлы Үшарал ауылдық округінде бірнеше жыл бас маман қызметін атқарып, зейнетке шықты. Қазіргі таңда өзі ұзақ жыл еңбек еткен Үшарал ауылында тұрады. Ауылдың құрметті қариясының бірі. Жұбайы екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Бір баласы Елдос Кеңесбек әке жолын қуып, әкімшілік жұмыста жүр. Осынау еңбек адамы жайлы ауылдасы, құрылыс саласының шебері Ағыбай Нақыповтың айтары бар.

«Таразда еңбек етіп ХАБАРЛАНДЫРУ жүргеніммен, осы Үшаралдан шықтық. Қыдырбекті бала күнінен білемін. Оқушы кезінен өзі ісіне жауапты еді. Кейін еңбекке араласқан кезде де жауапкершілігі мол азаматқа айналды», – деді ол. Қыдырбек Кеңесбекұлы атқарған еңбегіне қарай бірқатар марапатқа да ие болды. 2022 жылы 22 маусымда сол кездегі Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің қолынан «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласынан алған Құрмет грамоталары жетерлік.

Қазіргі таңда Үшарал ауылында төрт түлік саны өз төлінен көбейіп, шаруалар еңсесін тіктеп келеді. Бұл жетістікте ұзақ жылын мал дәрігері қызметіне арнаған Қыдырбек Кеңесбекұлының да ерен еңбегі бар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар