«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіпке де, спортқа да адал жан

Кәсіпке де, спортқа да адал жан
Автор
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің құтқарушысы Серік Тілекеевтің азаматтық қорғау саласында жұмыс істеп келе жатқанына небәрі төрт жыл болса да, ол өзін білікті әрі кәсібіне шынайы берілген маман ретінде таныта білген азамат.

Серік Тілекеев – жай ғана құтқарушы емес, сонымен қатар азаматтық қорғау саласына белгілі спортшы да. Бала кезден күреспен айналысып, уақыт өте келе бұл қызығушылығы кәсіби деңгейге дейін өскен ол бүгінде көптеген жарыстардың жүлдегері.

Мәселен, 2023 жылы Қазақстан чемпионатында бірінші орынға ие болса, былтыр түркі халықтарының халықаралық чемпионатында да жеңіс тұғырынан көріне білді. Спортты жанына желеу еткен құтқарушыға 2018 жылы аралас жекпе-жек спортынан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілген болатын.

Серік Есенгелдіұлының қызмет жолында күрделі әрі есте қаларлық оқиғалар аз емес. Солардың бірі, биылғы қаңтар айының бір күнінде қатты боран мен нөлге тең көріну жағдайында Жуалы ауданының Дүйсенбек ауылынан қызуы жоғары көтеріліп ауырған баланы шұғыл ауруханаға жеткізу туралы шақырту келіп түседі.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты аталған ауылға қарапайым көлікпен жету мүмкін болмады. Сөйтіп эвакуация аудандық аурухананың дәрігерімен бірге «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен жүргізілді. Құтқарушылар тобы, оның ішінде Серік Есенгелдіұлы да бар, қиын метеожағдайға қарамастан баланы анасымен бірге аудандық орталық ауруханаға дер кезінде жеткізді.

Серік Тілекеевтің өмір жолы бүгінде жас құтқарушылар үшін үлгі десе де болады. Ол өзінің рухани төзімділігімен және мықты физикалық дайындығымен ең қиын жағдайда да адамдарға көмектесуге болатынын дәлелдеп, күн сайын осы мамандыққа лайықты екенін ісімен танытып жүрген жан.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар