
Ауладағы бұл жайсыздықты 17-үйдің тұрғындары жергілікті әкімдікке біраз жылдан бері айтып жүрген, бірақ ешқандай нәтиже болмаған.
– Біз бұл үйде бұрыннан тұрып келеміз. Осындағы үйлерге ортақ қойылған қоқыс жәшігінің қасында 2 ескі темір дүңгіршек те баяғыдан тұр, ал солардың қасында электр желісінің қосалқы станциясы орналасқан. Осылардың жанында балалардың ойын алаңшасы бар. Дүңгіршектер мен қоқыс жәшіктерінің аралықтарындағы қуыс балалар үшін қауіпті. Бұрынырақта осы қоқысты өртемек болса керек, соның жалыны электр желісіне тиіп, ол да өртенген жағдай болған. Арғы жағындағы ойын алаңында жүрген балалар үшін бұл үлкен қатер. Ал қос ескі дүңгіршектің артындағы қуыстан бұдан біраз жыл бұрын мәйіт табылған жағдай да болды. Осыдан-ақ бұл жердің қаншалықты қауіпті екенін біле беріңіз. Жылда көктемде тазалық, абаттандыру айлығы ұйымдастырылады, биылғы көктемгі тазалық айлығында осы қатерлі жер де реттелсе екен деген тілегіміз бар, – дейді Алмасбек Батанұлы.
Осы үйдің тағы бір байырғы тұрғыны Бақыт Айханова бұл мәселенің көтерілгеніне көп болғанын және әкімдікке бірнеше мәрте айтылғанын, бірақ соншама жылдан бері ешбір нәтиже шықпай отырғанына налиды.
Біраз жылдан бері жергілікті әкімдікке бұл мәселемізді айтып келеміз. Соңғы естіген жауабымыз – қоқыс жәшігі, электр желісінің қосалқы станциясы тұрған жер сатылыпты, оған әкімдік ештеңе істей алмайды екен. Енді сол орта тұсқа тұрғын үй кешені салынады дегенді естіп жатырмыз, ондағы ағаштар да кесіледі дейді. Қысқасы, бұл мәселеміздің тұрғындарға жайлылық туғызатындай етіп өзгеруі екіталай, – дейді Бақыт Айханова.
Осы үйге жақында қоныс аударып келген көпбалалы ананың да уайымы – өз үйінің ауласында балаларының алаңсыз болуы.
– Көшіп келгенімізге әлі бір жыл да бола қойған жоқ. Үйдің қасындағы балабақшаға егіз балаларымды апарамын, кейде үйдің қым-қуыт шаруасымен шыға алмай жатқанда балаларымды киіндіріп, есік алдына өздерін шығара берейін десем, әлгі жерден қорқамын. Бала ғой қанша дегенмен, ойын алаңындағы әткеншектерге қызығып барса, дәл қасындағы қоқыс жәшіктері мен темір дүңгіршектердің арасындағы қуыстан әлдебір қорқынышты бірдеңе шыға келе ме деп қорқамын. Әсіресе кешкісін, енді күн бата бастаған кезде сондағы қуыс қараңғы тіптен қорқынышты. Оның дәл қасында жол бар, кейде сол жолдан кейбір көліктер шаңдатып, жүйткіп өте шығады. Ойын баласы жүгіріп жолға шығып кете ме деп те қорқасың. Өз үйіміздің ауласына да балаларымызды ойнауға шығара алмаймыз, оларды ойнату үшін үйдегі шаруаны жиып қойып, өзің бірге шығуың керек. Қаламыздағы біраз көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыс жәшіктері тысқарыда орналасқан, біздің ауламыз өте тар және шағын жердің өзінде әлгіндей бірнеше қоқыс жәшігі, электр желісінің қосалқы станциясы, ескі темір дүңгіршектер тұр. Енді ауламыздан тұрғын үй кешені салынады екен дегенді естіп, тіптен таңғалып жүрмін, онсыз да тар еді, үй салынса, жағдай қалай боларын, – дейді Эльмира Тлебалдықызы.
Міне, «Ақбұлақ» шағынауданындағы №17 үйдің тұрғындарының «жыры» осындай болып отыр. Биылғы көктемдегі абаттандыру айлығында Тараз қалалық әкімдігі осы үйдің ауласының мәселесін де ескеріп, тұрғындардың тілегіне құлақ түрсе екен дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Қауызында періштелер түнеген Қаратау жауқазыны
- 3 мамыр, 2025
Тараздық полицей қарт кейуананы өрттен аман алып қалды
- 2 мамыр, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді