«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Рухани шарапаты мол шара

Рухани шарапаты мол шара
Ашық дереккөз
Былтыр Жайық жағасында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ел Президенті кітап оқитын ұлтқа айналуымыз қажеттігін атап өткен болатын. Осы мақсатта биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен аймақта «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды. Аталмыш акция аясында жыл басынан бері облыста түрлі мәдени әдеби іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Соның бірі ретінде 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай өткен «Aulieata Book» республикалық кітап фестивалін атап өтуге болады.

Биыл өңірімізде үшінші мәрте ұйымдастырылған ауқымды іс-шарада жаңадан жарық көрген кітаптардың тұсауы кесіліп, әдебиет пен баспа саласындағы жаңалықтар кеңінен насихатталды. Кітап жәрмеңкесіне әдеби ортада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлер қатысып, әдебиет, шығармашылық және бүгінгі баспа ісіндегі жаңа үдерістер туралы кеңінен ой қозғады. Қонақтар оқырмандармен ашық диалог форматында кездесіп, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, фестивальге Алматы қаласынан келген 12 ірі баспа мен кітап дүкендері қатысып, өз өнімдерін көпшілікке кеңінен таныстырды. Олардың қатарында «Алқа», «Арман ПВ», «Астана кітап», «Қасым», «Таймас», «Отбасы хрестоматиясы» сынды танымал баспалар мен букинистік кітап сауда үйлері бар.

– «Арман-ПВ» баспасының 23 жылдық тарихы бар. Осы уақыт ішінде біз 15 миллионнан астам кітап шығарып, білім беру саласына цифрлық кітаптар мен онлайн платформаларды енгіздік. Бұл – оқу процесін жеңілдетіп, қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Біздің баспа мектептерге арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар, балалар әдебиеті, танымдық энциклопедиялар және талапкерлерге арналған оқу жинақтарын шығарады, – деді «Арман-ПВ» баспасының сату менеджері Баян Тәліпова.

Айта кетейік, республикалық кітап фестивалі елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ал Таразда бұл үрдіс 2023 жылдан бері бастау алды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар