
Бір аптада – 99 шақырту
Өткен аптада облыс аумағында 17 төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Оның ішінде 1-еуі табиғи сипаттағы жер сілкінісі болса, 15-і техногендік сипаттағы жағдай және тағы 1-еуі жедел ақпарат.
СПиАСР және ОСО бөлімшелері апта ішінде 99 рет шақыруға шықты. Соның ішінде, өрт сөндіру бөлімшелері 64 рет: өрттерге – 15, жану оқиғаларына – 44, авариялық-құтқару жұмыстарына – 2, басқа да түрлі сипаттағы жағдайларға 3 рет шықты. Осы оқиғалар барысында 180 адам эвакуацияланса, оның 70-і балалар. Жедел-құтқару жасағы авариялық-құтқару жұмыстарына 34 рет шығып, бір бала құтқарылды. Апта ішінде «Қазгидромет» РМК тарапынан 7 дауылды ескерту түсіп, өңделді. Облыс тұрғындарын хабардар ету мақсатында ұялы байланыс операторларына 18 SMS-хабарлама жіберілді. «101» және «112» шұғыл қызмет нөмірлеріне 8231 қоңырау түссе, оның 552-сі шұғыл сипаттағы қоңыраулар.
Әскери бөлімдегі оқу-жаттығу
Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қатысуымен Тараз қаласындағы №14157 әскери бөлім аумағында жоспардан тыс өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бірлескен іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Жоспарға сәйкес, ангарда шартты өрт шықты. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін алғашқы өртке қарсы шараларды әскери бөлімнің қызметшілері атқарды. Оқиға орнына Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінен 7 техника мен 32 құтқарушы жұмылдырылды.
Оқу барысында 2 адам құтқарылып, 25 адам қауіпсіз жерге көшірілді. ТЖД бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Әбдіразақовтың жетекшілігімен өткен оқу жаттығуда әскери бөлім, өрт сөндірушілер және медициналық қызмет өкілдері арасындағы өзара іс-қимыл іс жүзінде пысықталды. Оқу соңында кемшіліктер талданып, оларды жою бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.
Зардап шеккендер жоқ
Өткен сенбіде Тараз қаласының «Ұлы дала» шағынауданында бес қабатты үйдің бірінде, 4-қабатта орналасқан пәтердің ас үйінде өрт шықты. Кіреберістің тұрғындары алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өздігінен эвакуацияланды.
Газ-түтіннен қорғау қызметінің жедел құрылған буындары бірнеше минут ішінде барлау жүргізіп, кіреберістің қатты түтіндеуі себебінен баспалдақ маршымен одан әрі эвакуациялау мүмкін еместігін анықтады. Тәжірибелі өрт сөндірушілер үш иінді баспалдақты 3-қабаттағы балконға тақау арқылы пәтерден бір әйелді эвакуациялап, оны уланудан құтқарды. Сондай-ақ от шыққан пәтер иесіне алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. 10 шаршы метр алаңда орын алған өрт хабарлама түскен сәттен кейін 24 минут ішінде толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ.
Мәні жоғары мерекеге орай
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрамның қатысуымен «Қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық келісім» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық «Тәжік» этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов пен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының аналар кеңесі төрайымының орынбасары, облыстық «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің мүшесі Аракси Плетнева қатысты. Ассамблея өкілдері көпұлтты еліміздегі ұлтаралық келісім жайында дәріс оқыды. Семинарда департаменттің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бекзат Бакжанов сөйлеп, жиналғандарға 130-дан астам ұлт өкілі тұратын елімізде бейбіт өмір үшін өте қажет достық, түсіністік және келісім мерекесі туралы әсерлі әңгімелер айтылды. Соңында қатысушылар тақырыпқа орай көрсетілген бейнероликті тамашалады.
Баланы қараусыз қалдырмаңыз!
Кішкентай балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау жағдайлары, өкінішке қарай, жаз мезгілдерінде жиі тіркеледі. Мұндай қайғылы оқиғалар көбінесе терезелердің ашық қалуы мен балаларды қараусыз қалдырудың салдарынан орын алады.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыста балалардың терезеден құлауына қатысты 3 жағдай тіркелді. Абырой болғанда, балалардың денсаулығы қазіргі таңда қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп жоқ. Қарапайым сақтық шаралары үлкен қауіптің алдын алады. Сондықтан оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ата аналарға мынаны ескертеміз. Терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатыңыз. Масалар торына сенбеңіз, ол қауіпсіздікке кепіл емес. Терезе маңына жиһаз қоймаңыз, бұл балалардың өрмелеуіне жол береді. Ең бастысы, балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Балаңыздың өмірі – сіздің қолыңызда!
Тасөткелде тиімді шара өтті
Шу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері Тасөткел су қоймасы аумағында профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – демалушылар мен балықшыларға су жағасындағы қауіпсіздік ережелерін еске салу. Қызметкерлер азаматтарға көктем-жаз мезгілінде сақталуы тиіс қауіпсіздік шараларын түсіндіріп өтті. Мәселен, әңгіме барысында жабдықталмаған жерлерде шомылмау, судағы тәртіпті сақтау, сондай-ақ балаларды үнемі қадағалау қажеттігі туралы айтылды. Мұндай профилактикалық жұмыстар халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Интерактивті сабақтың берері мол
- 15 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді