«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өз ісінің хас шебері

Өз ісінің хас шебері
Автор
Әлемдегі күрделі әрі қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші мамандығы. Бұл жай ғана жұмыс емес, бұл дегеніңіз – жан-тәнімен қызмет жолына ғұмырын арнау деген сөз.

Күн сайын өз өмірлерін өзге жандарды құтқару мақсатында тәуекел ететіндердің арасында облыстың төтенше жағдайлар департаменті кезекшілік өрт сөндіру қызметінің аға жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Арман Сартаев та бар. Бала кезден өрт сөндіру саласында еңбек етуді және әскери форма киюді армандаған Арман өзінің айқын мақсатты жолынан таймады.

Алматы қаласындағы әскери арнайы пансионатты мектепті аяқтаған ол одан әрі өрт-техникалық училищесінде білімін жалғастырады. Қызметін Алматыда бастаған ол, 1999 жылдан бастап Жамбыл облысында еңбек етіп келеді. Осы қызмет атқарған жылдары Арман Молдатайұлы өзін дер кезінде батыл шешім шығара білетін, табанды және күрделі жағдайларда жедел әрекет етуге қабілеті мол, жоғары деңгейлі Өз ісінің хас шебері кәсіби маман ретінде көрсетті.

Осылайша табиғи және техникалық себептермен пайда болған өрттерді сөндіруге, адамдарды құтқаруға және апаттардың алдын алуға атсалысты. Оның дәл әрі сауатты әрекеті азаматтардың өмірі мен құнды мүліктерін сақтауға үлкен үлес қосты.

Арман Молдатайұлының қызмет жолына зер салып қарасақ, әр жылдары «Мыңбұлақ» сауда орталығындағы ірі өрттерді сөндіру, химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға белсенді қатысу, сондай-ақ өртке оранған студенттер жатақханасынан 50 ден астам адамдарды құтқару секілді айтулы оқиғалардың алғы шебінде жүргенін айтуға болады.

Әрбір жағдайда оның тарапынан дер кезінде нақты шешімдер, жылдам әрекет ету және мінсіз жұмыстар атқарылды. Арман Сартаев тек тәжірибелі өрт сөндіруші ғана емес, сонымен қатар мықты тәлімгер. Ол өзінің бойындағы білімі мен тәжірибесін жас мамандардың бойына сіңіріп, олардың одан әрі қызмет жолында өсуіне ықпал етіп келеді.

Әріптестері арасында кәсіби шеберлігі мен адамгершілігі әрдайым жоғары бағалануда. Ал қызметтен тыс уақытта Арман Сартаев отбасында абыройлы отағасы әрі қамқор әке ретінде зайыбы Айсұлумен бірге ұлы Мадияр мен қызы Дананы үлкен махаббатпен тәрбиелеуде. Әкесінің үлгілі тәрбиесінен шабыт алған ұлы да бүгінде өзінің болашағын өрт сөндіруші мамандығымен байланыстырған.

Арман Сартаев – өзінің Отан алдындағы, халыққа берген анты мен борышын абыроймен атқарып жүрген абзал азамат. Оның өмірі ерлікке толы, қызметіне деген адалдығы мен өз ісіне шынайы сүйіспеншілігі өзге әріптестері үшін қашанда үлгі бола беретіні сөзсіз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар